ҚАСЫРЕТ СЫРЫН ШЕРТЕДІ

0 171

ERA_5786

Тәуелсіздік сарайында «Хиросима мен Нагасаки туралы естелік» көрмесі жүріп жатыр. Астанада 25 тамызға дейін өтетін көрме әрі қарай Семей және Алматы қалаларында жалғасады.

Шараны ұйымдас­тырушы – Нагасаки қаласындағы бейбітшілік жөніндегі Ұлттық мемориалды кешенінің директоры Масанобу Читаның мәлімдеуінше, Қазақстан да Жапония секілді ядролық қарудан зардап шеккен ел. Сондықтан осы тұрғыдан алғанда екі мемлекеттің тағдыры ұқсас. Қырық жылдан астам уақыт Семей полигонында 450-ден астам сынақ жүргізілгені белгілі. Осыны атап өткен Чита мырза қос ел радиациялық медицина саласында ынтамақтастық орнатқанын жеткізді.

Көрменің ашылуында Хиросима қаласының мэрі Кадзуми Мацуи мен оның Нагасакидағы әріптесі Томихиса Тауэнің үндеулері оқылды. Қасіретті өз көзімен көріп, жүрегінен өткізген Цуики Сеухеи есімді қария өз естеліктерімен бөлісті. Нагасаки қаласына атом бомбасы тасталғанда бұл кісі 18 жаста болған екен. Ол 1945 жылдың тамызында жапон халқының басына түскен қайғылы күндерді жаңғыртты.

Жапонияның қос қаласындағы жарылыс кезінде 350 мың халқы бар Хиросимада 140 мыңдайы, Нагасакидағы 240 мың тұрғынның 74 мыңы атом құрбанына айналды. Көрмеге келгендер суреттер арқылы осы қалалардағы жан түршіктірер көріністерді көріп, қуаттылығы мен ядролық құрамы әртүрлі болған екі бомбаның қандай екеніне көз жеткізді. Хиросимада жұмыс істеген Нагасаки тұрғыны Ямагучи Цутоманың фотосуретін көрген жұрт оның тағдырына қанықты. Ямагучи жұмысында жүргенде бомба тасталып, ол жараланып қалады. Алайда, осындай халде поыйзға үлгеріп, үйіне қайтады. Жетер жеріне келген соң, екінші жарылысқа тап болады. Су ішерлігі бар болып шығып, ажал тырнағына ілікпей өмір сүреді.

ХИРОСИМА. 999 ТЫРНА

999 қағаз тырнаны,
Жасады жапон баласы-
Ажал Құрбаны.

Өлер шағында,
Көз нұры сөнер шағында,
Жатты сол жазған: «Түсім-бұл-
Өңім емес!»-деп,
1000 тырна көзіне елестеп,
Жасалмай қалған бір тырна көзіне елестеп:
«…Өлім емес!…»-деп…

Сандырақтап жатқан шығар сол Ажал Құрбаны?!
ХХ ғасыр –
Атомның тажал тырнағы!
Ескерткіш қоям мен Саған, қоладан құйып,
999 Қағаз Тырнаны!

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Олардан бөлек көрмені ұйымдастырушылар ескі аңызды жаңғыртып, оригами тәсілімен жасалған қағаз тырналарды халықтың назарына шығарды. Ақ қан ауруына шалдығып, госпитальде жатқан оқушы қыз қағаздан мың тырнаны жасаса, өлімнен аман қалатыны туралы аңызды естиді. Осыған сеніп, іске кіріседі. Алайда, 999 тырнаны ғана жасап үлгеріп, бұл жалғанмен қоштасады. Кейіннен қазақ ақыны Серік Ақсұңқарұлы осы оқиғаны өлеңге айналдырған.

Айта кетейік, аталған көрме 2005 жылдан бері түрлі елдерде өткізіліп келеді. Алғашқы екі көрме АҚШ-та ұйымдастырылса, одан кейін Ресейде, Испанияда және басқа да елдерде өтті. Қазақстан – бұл көрмені қабылдап отырған оныншы ел.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × five =