©2020 Астана Ақшамы
Қасымның әндері қалықтады
Белгілі әнші Гүлбаршын Тергеубекова «Қасымның әндер-ай» жобасын қолға алғанына биыл 12 жыл толды. Содан бері дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш еліміздің бірнеше қаласында өтті. Жуырда араға төрт жылды салып, Астанада екінші мәрте ұйымдастырылды. «Қазақстан» орталық концерт залында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен бұл кеште әдеттегідей әсем әндер әуелеп, жалынды жырлар оқылды.
Қасым қызы Дариға композитор болса екен деп армандады. Ақынның өзі домбыра, мандолин, сырнай, скрипка, пианино сынды музыкалық аспаптарды еркін меңгерген еді. Қазақ театрының негізін қалаушылардың бірі Елубай Өмірзақов Қасымның аспаптарда ойнау шеберлігі туралы естелігінде жазып кеткен. Бұған кештің алдында көрсетілген деректі фильмнен үзінді арқылы қанықтық.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Әммесінен Қасымның десі басым» деп жырлағаны бар. Сахнаға шығып, сөз сөйлеген қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров қос ақын арасында параллель жүргізіп, Қасыммен бір топырақта туғаныммен мақтанатынын жеткізді. «Бір ғана нәрсе өкіндіреді. Осындай таланттарды тірісінде бағаламай, өмірден озғаннан кейін барып аһ ұрып жатамыз» деді ол.
«Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ» деп Қасымның өзі жырласа, сол ұрпақ атынан ақын Мирас Асан өзінің арнауын оқыды. Белгілі ақын Жүрсін Ерманның «Қасымның үйі» атты өлеңі бар. Серік Қалиев бұл өлеңді толғауға айналдырып, айтып берді.
Ал ән бөлімін жезтаңдай, күміс көмей әнші Нұржамал Үсенбаева «Сайра, сайра, сандуғашым» әнімен бастап берді. Жалпы, Қасымның әндеріне және оның өлеңдеріне жазылған туындыларға әншілердің ықыласы ерекше екен. Кеш әр ұйымдастырылған сайын жаңа әншілер қосылып жатады. Мысалы, осының алдындағы кештерде Қасым аударған «Ах, Самара, жас қаланы» Қарақат Әбілдина, Мыңжасар Маңғытаевтың «Жаз дидарлы жас ана» әнін Гүлшат Тәкежанова орындаса, осы жолы алғашқы аталған әнді Тамара Асар, екіншісін Алма Аманжолова шырқады.
Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева мен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағамбетованың бұл кештен қалғанын әлі көрмедік. Олар халыққа кең танымал аса көрнекті композитор Ғазиза Жұбанованың «Жыр жазамын жүрегімнен» және «Туған жер» әндерін шырқады. Қасымның әндерін нәшіне келтіріп айтатын әншілердің бірі – Сейіл Аяған. Осы жолы оның орындауында «Айтшы, жаным» туындысын тыңдадық. Талғат Әбуғазы ақынның әйгілі «Өзім туралы» толғауын айтты. Жас әншілердің қатарындағы Жақсыгелді Маясаров, ағайынды Жүгінісовтер ән шырқады.
Қапан Мусиннің «Алма бағында», Темір Тайбековтің «Жас дәурен», «Дариға, сол қыз», Ескендір Хасанғалиевтің «Орал», Сейфуллин Жолбарыстың «Алатау» сияқты әндер де шырқалмай қалған жоқ. Ал кештің нүктесін Гүлбаршын Тергеубекованың өзі Әбілахат Еспаевтың сазды да, назды «Ақ сәуле» әнімен қойды.
Біз кеш аяқталған соң көрермендерді сөзге тарттық. «Осы концерттен ерекше әсер алдым. Қасымның бұрын естімеген әндері қаншама екен. Ұйымдастырушыларға мың да бір алғыс. Бірақ жапа-тармағай киімдерін алып жатқан халықты саябырлансын деп күтіп тұрғанымда, бір ер азаматтардың концерт туралы пікірлері қатты қынжылтты. Телефонмен біреуге: «Концерт қырмайды. Роза Рымбаевадан басқа дұрыс ешкім болмады, шәнтрәпәләрді жинапты. Уақытым текке кетті» деп тұр. Сонда Қасымның әруағын құрметтеп, бар өнерін салған өнерпаз қауым кім? Жас та болса, киелі сахнада абыз ақынның өлеңдерін көрерменге паш еткен өнер иелері кім болғаны? Сыра ішетін жерге шақырса, сол азамат «уақытым зая кетті» демес еді» деді солардың бірі – Айымкүл Макимова.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ