Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Бірінші кезекте дағдарысқа қарсы шешімдердің тиімділігін қамтамасыз ету керек

0 48

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысты. Видеобайланыс арқылы өткен Үкімет жиналысында коронавирусқа қарсы күреске қатысты қабылданған шаралар, Мемлекет басшысының Үкіметтің алдағы уақытта атқаратын жұмысының негізгі бағыттары бойынша берген тапсырмалары мен міндеттері қарастырылды. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қазақстанда дағдарысқа қарсы күресерлік қаражат жеткілікті екенін жария етті.

«Бірінші кезекте дағдарысқа қарсы шешімдердің тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету керек. Жаңа карантиндік шараларды енгізу – экономикадағы ахуалды күрделендіріп жіберуі мүмкін екенін ескеру керек. Үкіметте тиісті жұмыс жоспары болуы тиіс» деді Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
«Тиісті заңнамалар қабылданды. Сол себепті өңдеу өнеркәсібінің көлемін, құрылыс жұмыс­тары мен инвестиция көлемін төмендетудің негізі жоқ деп есептеймін. Үкімет жағдайды ретке келтіруі керек» деді ол.
Мемлекет басшысы бірқатар өңір жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес санының қысқаруына жол беріп отырғанын мәлім етті.
«Шағын және орта бизнесті қолдау үшін дағдарысқа қарсы бірқатар теңдессіз шара қабылданды. Дегенмен өңірлердің басым бөлігінде жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілері санының қысқаруына жол берілген, мұндай олқылық 8 өңірде орын алған. Ал Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарында ШОБ саны қатты қысқарып кеткен» деді ­Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Үкімет мүшелері мен әкімдіктердің коронавируспен күрестегі жұмысын да сынға алды. «Үкіметтің және әкімдердің қабылданған шараларды түсіндіруінде олқылықтар бар. Олардың қоғам пікірімен тиісті деңгейде жұмыс істей алмай отыр­ғаны байқалды. Бас санитарлық дәрігердің пікіріне ешкім құлақ асқан жоқ. Кәсіби дағды мен ұйымдастыру жұмысы жеткіліксіз болды. Нәтижесінде біз гуманитарлық көмек алып, шетелдік мамандарға кеңестері үшін алғыс айтып отырмыз» деді Мемлекет басшысы.
«Жіберілген қателіктер мен олқылықтарды анықтайтын арнайы комиссия құру қажет. Бұл комиссия қазіргі ортақ жұмысқа кедергі жасамай, тексеріс жүргізіп, маған ұсыныс беруі керек. Қалыптасқан ахуал екі аптадан кейін жақсарады деп үміттенемін. Олай болмаған жағдайда, жалпы Үкіметтің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайды» деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы министрлерге, әкімдер мен Президент Әкімшілігі қызметкерлеріне демалысқа шығуға тыйым салды.
«Осымен жаздың жартысы өтті. Министрлер, әкімдер, Президент Әкімшілігінің қызметкерлеріне ешқандай еңбек демалысы жоқ. Өйткені төтенше жағдай орын алып отыр. Демалыс деген сөзді ұмытыңыздар» деді ­Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Үкіметке жыл соңына дейін халықтың 99,3 пайызын құрайтын 250 мыңнан аса тұрғыны бар елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз етуді тапсырды.
«Қашықтан оқыту әдісіне көшу ісі инфрақұрылым мен интернет сапасына қатысты елеулі мәселелердің бар екенін көрсетті. Мұғалімдердің 20 пайыздан астамы үйлерінде толыққанды интернет пен компьютер жоқ болғандықтан, қашықтан тиімді оқыта алмады. Мектептердің балансындағы 400 мыңнан астам компьютердің тек 40 пайызы ғана іске жарады. Бұл – әкімдіктер мен министрліктің жұмысының нәтижесі. Әкімдіктер жаңа оқу жылына дереу дайындалып, мектептер мен жекелеген мұқтаж отбасыларды қажетті техникамен жабдықтау­лары тиіс» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті өзінің екінші Жолдауында экономикалық серпінге бастайтын жаңа шараларды ұсынатынын мәлім етті.
«Бүгін біз пандемия кезінде экономикамызды даму жолына шығаратын маңызды әрі осы кезең үшін шұғыл мәселелерді қарастырдық. Дегенмен өзімнің екінші Жолдауымда экономикалық серпінге бастайтын жаңа шараларды ұсынатын боламын» деді Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − 12 =