Қасым солай болмаса, несі «Қасым»?

0 146

Ертеңнен бастап 10 мамырға дейін төрт күн бойы сағат 19:30-да  «Қазақстан» телеарнасынан «Қасым» көпсериялы фильмі көрсетіледі. 

Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтың майдангерлік ғұмырын өзек еткен кинотуындыны «Қазақстан» РТРК, КТК, «Еуразия» телеарнасы мен INTRA Communication (Ресей) және FILM UA (Украина) киностудиясы бірлесіп түсірген. Ол әуелі ұлттық арнадан, сосын 9 мамырда таңертеңнен кешке дейін «Еуразия» арнасынан, 22 маусымда КТК арнасынан, сонымен қатар Украина, Ресей телеарналарынан көрермендерге жол тартады. Түсірушілер «Қасым» фильмін «Кеден Одағы аясындағы кинематографияның алғашқы өнімі» деп әзілге шаптырады, ал шынтуайтына келсек, даңқты майдангер, партизан Қасым Қайсеновтың ерліктері екі ел арасындағы тарихи тағдырластықтың тіні іспеттес. Қабанбай батырдың ұрпағы, арыстанжүректі батыр Қасымды, «Вася партизанды» өз халқы ғана емес, украиндықтар да ерекше қастерлеп, халық батырларының қатарына қосады.

Үш жыл бойы Мәскеудегі диверсиондық-барлау мектебінде шыңдалған Қасым Қайсенов немістер Кеңес жеріне баса-көктеп кіріп келген кезде, жау тылында қалып қойды. Сосын партизандық ұйым құрып, басқыншыларға Украинаның қалың орманында жүріп ұрыс салған. Алғашқы тапсырмасын орындау кезінде көптеген сарбаздар қаза тауып, Қасым ғана тірі қалады. Киев пен Полтава түбіндегі шайқаста жарақат алса да, шайқасты тоқтатпады. 1943 жылы ұшақпен Молдавияға жіберілгенде, оттың ортасында қалса да аман шықты. 1944 жылдың басында Румыниядағы Плоешти жеріне жіберілген әуе десанттарының арасында тірі қалған үшеудің бірі де Қасым Қайсенов болатын. Сол жылдың жазында Карпат тауларының қиырындағы алпыс сарбаздан тірі қалған жетеудің ортасында да қайтпас Қайсенов болды. Яғни, бір сөзбен айтқанда, Қасым солай болмаса, несі «Қасым»?

– Фашистерге қарсы соғыста он қорғасын оқтың тоғызы Қазақстанда құйылды, соғысқа қатысқандар мен опат болғандардың төрттен бірі қазақтар, бірақ ресейлік сериалдарда өзбек, өзге де аз ұлт бар да, қазақ бой көрсетпейтіні шамымызға тиетін. Бір жағынан осы фильм арқылы тарихи әділетсіздікке түзету енгізгіміз келді, – дейді кинотуындының идеясын ұсынған КТК арнасының директоры Арман Шораев,

– Ал екінші жағынан бізде шын мәнінде кино тілінде батырларымыз аз насихатталады. «Әлия» фильмінен басқа ауыз толтырып айтарлық дүние жоқ. Оны мемлекет ұйымдастыру керек, қолдау көрсету керек деп ойлаймын. Мұндай фильмдерге бір арнаның жағдайы жете бермейді, сондықтан ортақ бюджетке түсірілді.

Белорус сценаристі Андрей Курейчук фильм сюжетін майдангер жазушының естелік кітаптарын негізге ала отырып өрбітіп, қойың-қолтық, астыртын ұрыстағы қазақ батырының бейнесін жасады. «Қасым Қайсенов өзінің «Юные партизаны», «Илько Витряк», «Партизаны Переяслава» сияқты туындыларында, мемуарлық кітаптарында майдандастарын, өзі соғысқан селолор мен хуторларды асқан шынайылықпен, тарихи дәлдікпен суреттейді. Бірақ фильмде тарихи хронологиядан гөрі, көркемдік образ басым болады дейді» түсірушілер тобы. Жанры әскери-детективке келіңкірейді. Фильм түгелдей Украина мен Белоруссия жерінде түсірілді. Тіпті, Қасым Қайсеновтың жараланып, өлім халінде жатқанда туған жерін, әке-шешесін, тұлымшағы желбіреген құрбысын, өрттей боп қызарып жатқан қызғалдақты бөктерді есіне алатын сәтін де режиссерлер Украина жерінде, Аскания-Нова қорығында түсірген.

Қайсар Қайсеновтың рөлін Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драмалық театрының актері Қуандық Қыстақбаев сомдады. Режиссері – бұрын-соңды «Ундина 2. На гребне волны», «Катенька», Белые одежды», «Институт благородных девиц», «Черная богиня» сияқты кинотуындыларды түсірген Ресей кинемотографисті Леонид Белозерович.

Әділбек Жапақ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen + seventeen =