Қасым мен Мұқағали құдіреті   

0 59

Жақында Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың 110 жылдығына және ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған қос бірдей әдеби-сазды кеш өткізді. Оның бірі «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ» аталса, екіншісі «Жазайын жырларыңның жалғасын мен» атауын иеленді.

252847127_1508760976164803_6162789648179549396_n

Қасым мен Мұқағали – рухтас, тағдырлас ақындар. Екеуінің маңдайына бар болғаны қырық төрт-қырық бес жылдық ғұмыр жазылса да, қуатты жырлары, жүректі тебірентетін өлеңдерімен қазақ әдебиетінің төрінен орын алды. Шартпа-шұрт мінездерімен де екеуі ұқсас. Мерейтойлары да он жылдықтарды аралатып, қатар өткізіледі. Арқада – Қасым, Алатауда – Мұқағали ұлықталады.

Қос ақын өмірде кездеспеді. Бірақ тура жиырма жас кіші Мұқағали Қасымның жырына бас иіп өтті. «…Жыр бәйгеге аттанған адам болса, Сөредегі Қасымын есіне алсын!..» дейді ол белгілі бір өлеңінде. Кейде, тіпті, Қасым дегенде – Мұқағали, Мұқағали дегенде – Қасым еске түседі. Екеуі егіз жаратылғандай.

Жазушылар одағының елордалық филиалы осындай ақындардың биылғы мерейтойларын елеусіз қалдырмағанына қуандық. Филиал директоры Дәулеткерей Кәпұлы бас болып, қос шараны бірінен соң бірін өткізді. Алғашқысына көрнекті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай, Қасым топырағынан түлеп ұшқан жас ақындар жиналып, дауылпаз ақын жайында келелі әңгіме өрбітіп, өлеңдерін оқыды. Әнші-күйшілер де шақырылды.

Бұл тегін емес. Бірнеше аспапты меңгерген Қасым Аманжоловтың өз жанынан шығарған әндері бар. Ғазиза Жұбанова, Әбілахат Еспаев, басқа да композиторлар Қасымның өлеңдеріне ән жазды. «Өзім туралы», «Дариға, сол қыз», «Ақ сәуле», «Жыр жазамын жүрегімнен» секілді әндерді ел шырқап жүр. Жуырда сондай әндердің жинағы да шықты. Оны құрастырған күйші Қайрат Айтбаев әдеби-сазды кешке арнайы қатысты.

Мұқағалидың мерейтойына арналған шараға белгілі ақын Сұраған Рахметұлы бастаған ақындар жиналды. Ақиық ақынның өмірбаянында радиода жұмыс істегені айтылады. Оны бұл жұмысқа Әнуарбек Байжанбаев тартқан екен. Таяуда атақты диктор атында халықаралық байқау ұйымдастырылды. Оның жеңімпазы Серік Әбілұлы да Мұқағали рухына бас иіп келді.

Бұл кеш те өлеңсіз, әнсіз өткен жоқ. Мұқағалидың өлеңдеріне талай ән жазылды. Соның басында ақынның сырласы, досы Нұрғиса Тілендиев тұр. Қазақ киносының алтын қорына енген «Менің атым Қожа» фильміне екеуі «Саржайлау» сынды ән жазды. Бір «әттеген-айы» титрда ­Мақатаевтың аты көрсетілмеген. Тек қана Тұманбай ­Молдағалиевтың аты-жөні жазылған. Кім біледі, бәлкім, сол уақыттағы идеология­ның кесірінен Мұқағалидың аты сызылып тасталған шығар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 3 =