Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1164

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1165

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1166

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/vhosts/elorda.info/astana-akshamy.kz/wp-content/themes/publisher/includes/libs/bs-theme-core/theme-helpers/template-content.php on line 1177
«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Қасым» фильміне түсу намысымды шыңдады

Қуандық Қыстықбаев, театр және кино актері

0 308

Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының актері Қуандық Қыстықбаев 2002 жылдан бері әртүрлі кинотуындыларға (оның «Сардар», «Келін», «Человек-ветер» сияқты фильмдерде басты рөлді сомдағанын біреу білсе, біреу білмейді) түсіп келеді. Соның ішіндегі ең ірісі – көгілдір экраннан көрсетіліп жүрген төрт бөлімнен тұратын «Қасым» фильмі. 9 мамыр – Жеңіс күніне орай актермен осы киноға қатысты сұхбаттасып, бірер сауалдар қойған едік.

«Қасым» фильміне басты рөлге қалай түстіңіз? Сізді қалай таңдады?
– Мұны кездейсоқтық десе де болар… Алайда киноға түсердегі менің «жолым» осылай. Әуелі өзге кейіпкерлерді түгел тауып алады. Бірақ басты рөлде ойнайтын адамды таппайды. Бір таңғаларлығы, өзім түскен «Сардарда» да, «Келінде» де, «Человек-ветерда» да солай болды. «Қасым» фильмінде де сол қайталанды. Таңертеңгілік телефон шырылынан ояндым. Ұйқымды бұзған соң, 1-2 рет тетігін басып тастадым. Үшіншіде болмаған соң, тұтқаны көтердім. Міне қызық, «иә» десем: «Сізді Украинадағы «Пронто фильм» студиясынан мазалап тұрмыз! Мен осы студияның ассистенті Алла Самойленкомын. Сізді бір фильмімізге қазақтың рөліне түсуге шақырамыз!» дейді ар жақтағы дауыс. «Мақұл» дедім. Мен келіскен соң, жаңадан түскен бір суретім мен бейнежазбамды, өмірдеректерімді жіберуді өтінді. Көп ойланбастан, театрда қалта телефоныма суретке түсіп, бейнежазба жаздырып, өмірбаянымды салып жібердім. Сөйтсем, фильмнің режиссері ғаламтордан «Келін», «Сардар» фильмдерін көріпті де, мені бірден ұнатыпты. Соның дәлелі, ешқандай бейнесынаққа түспей-ақ рөлге өтіппін. 3-4 күннен соң: «Сіз өттіңіз!» деп қоңырау шалды. «Қандай рөл?» деп сұраған едім: «Әскери фильм» деді. Бітті. Ол кезде Қасым атамыз туралы киноға түсетінімнен хабарсыз едім. Ештеңе айтпады. Тіпті рөлге деп сұраған ақшамды да азайтып, ақыры келістірді.
– Әрі қарай не істедіңіз? Қайда бардыңыз?
– Келістім! Сөйттім де, 3 күнге Сим­фе­ропольдың ар жағындағы Белогорскі деген қалаға аттандым. Бара сала сценарийді қолыма ұстатты. «Сіздерде Қасым Қайсенов деген батыр болған екен. Білесіз бе?» деп қояды фильм режиссері. «Неге білмеймін? Әрине, білемін! Өзіңіз білесіз бе?» дедім қарсы сұрақ қойып. «Жоқ, білмеймін» дейді. Содан Қасым атамыздың Халық қаһарманы атағын алғанын, қазақтың нағыз халық батыры екенін түсіндірдім. Тіпті кезінде ол кісіге Кеңес Одағының Батыры атағын бермей қойғанын да айттым. Бір қызығы, өздері мұрағаттан материал алып келіпті. Сол құжатта: «Днепрдің арғы жағына 500 адамды алғаш бастап өткен партизан Қасым Қайсенов» деп жазылыпты. Маршал Жуковтың: «Днепрдің арғы бетіне кім өтсе, әрбір өткен солдатқа батыр атағын беремін!» деген сөзі бар ғой. «Соның өзінде Қасым атамызға батыр атағын бермеген» десем, әлгілер жапатармағай күледі. Сол жерде режиссер маған басты рөлді қазақ ойнасын деп шешкенін айтты. Айтпақшы, режиссер Леонид Белозорович жақсы адам екен. Бар шындықты айтып салды. Киноға бас кейіпкер ретінде көптеген үміткерлердің суреттерін жіберген. Қазақша айтқанда, кім болса соның суретін жолдапты. Ұнамаған ғой. Олардың арасында қырғыз актері Азиз Бейшеналиев те бар екен. Бірақ режиссер «Не мой герой» деп ашығын айтты. Мынадай да қызық болған: менің қалта телефонымды таба алмай қатты қиналған. «Қазақфильмнің» кастинг директорлары, ассистенттері менің нөмірімді бермей қойыпты. Театрға хабарласып, әзер тапқан. Қысқасы, түрімді ұнатқан соң, мені әзер тапқандарын айтты. Олардың таңғалмаған нәрсесі жоқ. Әсіресе «Келінді» көріп: «Сендерде де мынадай кино түсіреді екен ғой» деп таңданысын жасырмады. Киногердің көзімен қараған шығар?.. Өзімді мақтағаным емес, 1-дубльден кейін: «Біз қалай сенен шатаспағанбыз!» деп тағы таңданды. Не керек, басты рөлді сомдау менің бағыма бұйырыпты.
– Сіздің осы киноға түсу үшін 12 келіге дейін салмақ тастағаныңыз рас па?
– Иә, рас. Режиссер Леонид Белозорович маған екі тапсырма берді. Бірі – алтын тісімді ауыстыру, екіншісі – 5 келіге дейін салмақ тастау. Өзім де толық адам емес едім. Арықтауға 1 ай уақыт берді. Сол 1 айдың ішінде өз-өзімді қолға алып, 12 келі салмақ т­астап барғанымда, режиссер басын шайқады. «Жаңалықты» бәріне жария қылып, киноны түсіріп біткенше сол таңғалысын тоқтатпады. Тіпті «Мой казахский сын» деп мені өзіне бала қылып алды. «Әкелі-балалы» екеуміз телефонмен, «Фейсбукпен» жиі-жиі хабарласып тұрамыз (Күледі). 9 мамырда телефон соғып, мерекемен құттықтадым.
– Киноны түсіру барысында қандай қызықты жайттар болды?
– Әрине, қызықты сәттер көп болды. Біз ауылда өскендіктен, атқа қарғып мінеміз. Шарбақтан қиналмай секіріп кетеміз. Тауға жүгіріп шығып, жүгіріп түсеміз. Сөйтсем, олар үшін мұның бәрі – каскадерлік трюктер екен!.. «Трюктердің бәрін Қуандық өзі істеп жатыр!» деп мәз-мейрам. Кинода атпен шауып келіп, сырғып барып құлайтын жері бар. Соған бір дубль жасағанымда, кино түсірушілер жел диірменнің үстінен қарап тұрып, таңдайларын қақты. Режиссер балаша мәз болып: «Барлығың тыңдап тұрсыңдар ма? Мен Қуандықты өзіме бала қылып аламын!» деді. Атқа мінгенімді көріп: «Сен тура атпен бірге туылғандайсың!» десіп мәз болады. Естеріңізде болса, кинода граната жарылып, жапырақтың бәрі мені үстімнен жауып қалатын жері бар. Екі көзім ғана ашық қалады. Біз басқа түсірілімде жүргенімізде, жұмысшылар қара жерді төртбұрыштап қазғанын көрдім. «Неменеге қазып жатыр?» деп таңғалдым. Сөйтсем, мені жатқызуға қазыпты. Кәдімгі көр! Жатсаң – бойлап кетесің. Соған жаттым. Қатты суық болады екен. Үстімнен көміп тастады. Көзім ғана сығыраяды. Бәріне көндім. Олар қалжыңдап: «Өзіңнің размеріңді жазып ал! Өлетін кезіңде есептеп қиналмайсың!» деді. Айтпақшы, өздері менің көнбістігіме риза болды. Тағы бір қызықты айтайын. Бірде сол «көрде» жатырмын. «Көзіңді жұм» десе де, ашып аламын. Сөйтіп жатқанымда екінші режиссер Маша Сидош келе жатыр. Ештеңені байқайтын емес. Өйткені жермен-жексен ғой. «Маша тоқта» деп айтып үлгергенімше, бір аяғымен тура санымнан, екінші аяғымен оң иығымнан жаншып өтті. Сонда да қозғалмадым (Қатты күледі). Бірінші аяғы денеме тигенде шошып кетті. Айтпақшы, тура сол саныма 2-3 күннен кейін жуандығы жұдырықтай темір тиді. Кәдімгідей өлім аузынан қалдым. Катердің артында отырған кезім. Қолымда – тапаншам. Баржаны сүйреп келе жатқан арқан ғой. Рогатка сияқты екі жағынан байланған. Соның ұшында жуан шойын темір бар. Катер жылдамдығын жедел арттырғанда, әлгі темір саныма тақ ете түсті. Ауырсынып құладым. Режиссерім болса: «Қуандық тұр! Жалғастыра бер!» деп айғайлайды. Сол сәтте екінші режиссер жүгіріп шықты. Мен жатырмын. Жедел жәрдем жағаға апарып, соққы тиген аяғымды «қатырып» тастады. Екпе де салды, дәрі де берді, мазь да жақты. Кешкі 16.00-ге дейін түсірілімде болдым. Асқан шыдамдылық таныттым. Мұндайда орыс, украин актерлері қосымша ақы сұрап, 1-2 түсірілімге шықпай жатып алады екен. Мен олай етпедім. Біріншіден, ер-азаматпын ғой. Намысқа салдым. Екіншіден, қазақ халқының қандай екенін көрсеткім келді. Егер әйеншектенсем: «Қазақтардың бәрі осындай екен» деп ойлайды ғой. Баяғыда батыр бабаларымыз сөйтті емес пе?.. Қазақтың қандай қайсар, жаужүрек екенін көрсетті. «Қазақтың бүгінгі ұрпағы ез болып кетіпті» демесін деп, өзімді-өзім қамшылап, неғұрлым жақсы жағынан көрсетуге тырыстым. Өйткені ол жаққа барша қазақтың аманатын, сенімін арқалап бардым емес пе?!

Сұхбаттасқан
Төлен ТІЛЕУБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды