Қастерлі ұғымдардың қадірін түсірмейік

0 180

Ақпараттық технологияның қарапайым халық түсіне бермейтін көп қыры бар. Соның бірі – сол кездегі өзекті нәрседен жұрт назарын басқа жаққа аудару. Ол үшін қарапайым көрермен (оқырман) ду етіп қолдай кететін немесе жақ-жақ болып дауласатын: қай рудан шыққандар ақылдырақ (батыр, сұлу, қайырымды…) болады; ажырасуға кім кінәлі; қай өңір тұрғындарының тілі таза; мұғалім мен оқушы; жәрдемақы берілмеуі; ене мен келін… т.б. тақырыптарды ортаға тастай салады. Мысалы, 8 шілде күні «Хабардың» таңертеңгілік бағдарламасында қоғамда отбасылық құндылықтарының құлдырауына себепші болып отырған факторлардың бірі – азаматтық неке мәселесі сөз болды.Қазақ үшін «азамат» және «неке» деген – қастерлі ұғым, бұл екі сөз бен «азаматтық неке» деген тіркестің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Біздіңше, осы бір тіркесті тықпалап, халықтың құлағын үйрете беруге ынталы топтар сол қастерлі ұғымның қадірін кетіруге үлес қосып жүргендей.
Осы тақырыпқа көсемсіп сөйлейтіндерді тыңдай жүріп, олардың басым көбінің «азаматтық неке» деген тіркестің мағынасын, шығу төркінін біле бермейтіні байқалады. Сондықтан түсініктеме бере кету артық болмас.
Бұл – бізге орыс тілі арқылы енген тіркес. Көршілес Ресейде отбасын құрғандардың некесі ғасырлар бойы шіркеуде қиылған. Қазан төңкерісінен кейін құдайсыздар шіркеуде өткізілетін рәсімнен бас тартады. Бірақ, ер мен әйелдің отбасылы жағдайын айғақтайтын бір құжат керек. Міне, сол кезде билік органдары өз азаматтарының некелерін куәландыра бастаған. Бұл жөнінде Брокгауз бен Эфронның Кіші энциклопедиялық сөздігінде: «шіркеу мен мемлекет арасындағы күрес … діни мекемелердің қатысуынсыз, мемлекеттік билік органдары тіркейтін некенің азаматтық түрін қалыптастырды» деп жазылған. Сондай-ақ, «неке» деген сөзге «отбасын құру және ұрпағын жалғастыру мақсатында құрылған еркек пен әйелдің тұрақты одағы; белгілі бір нысандар бойынша құрылған кезде ғана заңмен қорғалады және жауапкершіліктер жүктеледі» деген түсініктеме берілген.
«Азаматтық неке» көршілес Ресейде де жиі сөз болып, түрлі түсініктер тудырған соң, ондағы зиялы қауым өкілдері бұл тақырыпқа жиі барып, халыққа оң ұғым беруге тырысуда. «Некеге тұрғанда сіз өз серіктесіңізге қатысты белгілі бір міндеттемелер қабылдағандай, серіктесіңіз де сізге қатысты сондай міндеттемелерді қабылдайды. Және бұл аса маңызды жағдайда – Құдайдың алдында (шіркеуде), заң алдында (АХАЖ-да) және адамдар алдында жүзеге асады… Ал бүгінде «азаматтық неке» деп аталатын нәрсе – бұл тіпті де неке емес. Өйткені дәл осындай одақта ешкім, әдетте, бірге тұратын адамына қатыс­ты ерекше міндеттемелер алмайды» деп жазады белгілі психосарапшы Н.Н.Нарицын «Свадьба-развод и наоборот» атты кітабында.
Сондықтан бізде «отырып қалған» қыздарға «жанашырлық» танытып, демографиялық өсімді тілге тиек етіп, сол мәселелерді шешудің жолы ретінде «азаматтық неке» деген қатынастың ұсынылуы – мүлде неке емес, еркек пен әйелдің ашына-жайлығын, көңілдестігін жігін жатқызып, жеңілдетіп айту ғана. Ал еркек пен әйелдің дәстүрлі түрде немесе мешітте тіркелмеген қарым-қатынасы – күнәлі қарым-қатынас, атам қазақ ондай қатынастан туған баланы (кешірім өтінемін) «ойнастан туған» деп айт­қан. Және мұндай, түбі ұрлықтан туған балаларды билікке жолатпаған, оларға мұра қалдырмаған. Мұнда да бір гәп бар емес пе?!
Бұрынғыларды қозғамай-ақ қоя­лық, арамыздан таяуда ғана кеткен, тіршілігінде қоғамдағы түрлі жағдайларға қатысты көкейдегі ойларын өткір айтып өткен қаламгер Есенғали Раушановтың елдегі келеңсіз жағдайларға қатысты пікірін білдіре отырып, «Арамнан жиған мал, ойнастан туған бала – бәрі ертең алдыңнан шығады» деуі де күнәһарлықтан сақтандыру дер едік.
Кезінде халыққа белгілі бір демограф ғалым: «Егер ер азаматтың денсаулығы мықты болып, халық санының өсуіне өз үлесін қосып жатса» деп, ер азаматтарды елеңдетіп қойған. Тым құрыса, «материалдық жағдайы көтеріп, бойында жауапкершілік сезімі бар» деп қосып айтса да түсінуге болар еді. Ал мына сөздеріне қарасақ ер-азаматтар тек «бала жасағыш» машина сияқты елестейді. Осынша үстірт ойлауға бола ма екен? Біздіңше, халық санының өсуіне кедергі болып отырған бүгінгідей нан тауып жеудің өзі оңайға соқпайтын заманда көп баланы заман талабына сай тәрбиелеп өсірудің қиындығы. Сондықтан, әр отбасының өздерінің көп баланы асырай алу-алмау мүмкіндігіне қарай саналы түрде шектеліп отырғандары болса керек. Біле білсек, ер адамның мықтылығы көрінер жер де – осы.
Ел астанасы Арқаға қоныс аударған жылдары елорданың орталық базарына кіреберісте жас келіншектер бала отырғызатын арбаларын тізіп қойып, сауда жасап тұратын. Бірінің арбасында – көкөніс, бірінің арбасында – тандыр нан, енді біреуінде – пластикалық құтыға құйылған айран мен сүт…
Қазір жастарға айтсаң сенбеуі де мүмкін – тоқсаныншы жылдары бұл арбалар оңайлықпен қолға түспейтін тапшы зат болған. Біздің буын үшін қадірлі зат болған арбаларға көзім түскенде келіншектер оларға тағы да бала жатқызам деп сақтап келген шығар-ақ деп ойлайтынмын… Бірақ тағы тумақ түгіл, жарық көрген балаларды асырау қиын кезең келгенде ерлеріне қолдау көрсетіп, нан табу қажет болды. Сол үшін де арбалардың қасында тізіліп тұрған жас әйелдердің көбі өмірі істемеген тіршілікті игерді – сатып алды-сатты, алданды-алдады, керіліп жылы төсекте жатпады, көсіліп отырып шәйін ішпеді – бәрі де балаларының қамы үшін…
Жағдайын жасап отырғызып қойса, сол жас әйелдердің қайсысы бала туудан бас тартар еді? Сондықтан халық өсіміне үлес қосу үшін күмәнді қатынасқа барардан бұрын өз әлеуетіңді бағамдау керек болар. Таңғы хабардың жүгіртпе жолында тіркелмейтін қатынастарды көбіне ер азаматтар қалайтыны, мұндай жұптың 80 пайызы ажырасып кететіні туралы жазылып жатты. Бірақ оны кім оқып отырады? Жұрт ию-қию пікірлерін айтып, шуласып жатты. Қазақстанда еркек пен әйелдің жеңіл ойлы қатынастарынан басқа мәселе қалмағандай…
Басқа елдерде, айталық «азаматтық неке» кең тараған Израильде бұл туралы: «Некесін тіркемеген тараптар өздерін теңсіз жағдайға қояды. Ер адам бірге өмір сүру кезінде сатып алынған мүлікті иеленуде, пайдалануда және билік етуде айқын артықшылыққа ие болады. Егер мұндай отбасы бұзылса, әйел қиын жағдайға тап болады. Заң бойынша, ол өзінің бірге тұратын адамы сатқан немесе берген (және ресми түрде) мүліктің бір бөлігін ғана талап ете алады» деп жазады Г.Курзинер «Домашний адвокат» атты кітабында.
Бізде де солай – заңды некеде тұрса «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының кодексінің 147-бабына сәйкес, ажырасқан ата-аналар (қай-қайсысы да!) баласын тәрбиелеп-бағуға қатысып, тым құрыса, бала қажеттіліктеріне жұмсау үшін алимент төлеуге мәжбүр болар еді. Ал «азаматтық» некеде – бүгін бірге тұрдың, ертең «шу, қарақұйрық» деп тайып тұруыңа болады.
Айтқандай, «азаматтық некедегі» кейбір жайсаңдарды біз де білеміз, бірақ сол некеден «өсім беретін» үш балалы болып отырғанын көргеніміз де, естігеніміз де жоқ. Ондай қатынасқа барған әйел әлдеқандай жағдай болса, тізесін құшақтап қалмау үшін бір бала туатындары рас. Бұдан да «азаматтық некеге» барған әйелдердің заңды некедегі отбасын қарық қылмаған адамның бұған да опа беруі неғайбыл екендігін түсінгендігін байқауға болады.
Мінберге шығып, ұлттық құндылықтар туралы егілтіп әңгіме айтатын, билікке ықпалы бар ағаларымыз, саясаткерлеріміз демография­лық өсімді қамтамасыз ету туралы уәжді ой, салмақты пікір айтатын кез келгелі қашан! Туған топырағымыздағы табиғи өсімді көбейту үшін жас отбасыларында бала саны өскен сайын көрсетілер көмек түрлерін де көбейту керектігі көзделетін заңға халық қалаулылары бастама жасауын күтіп жүргендер көп. Реті келгенде, 1991 жылы, тәуелсіздік таңы атқанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңда жас отбасыларына бала саны өскен сайын қолдау көрсетуді көздейтін сондай нормалар болғанын олардың естеріне сала кеткіміз келеді.
«Таңғы хабардың» көрермендері халық санының өсуі деген желеумен қайдағы бір тақырыпты қоздатпай, елімізде бұл мәселені шешудің әлдеқайда салмақты, сындарлы жолдары да кезінде ойластырылғанын білсе деймін. Мысалы, «Қазақстан-2030» даму бағдарламасында: «отбасын қолдауға тиімді демографиялық саясат үшін қолайлы нысанда аналар мен балаларға мемлекеттік қолдау көрсетуге қаражат табамыз» деп атап көрсетілген. Тек соны іске асыратын құзырлы органдардың жұмысы көзге көрінбей жатыр.
Қалай десек те, бұл жолы да аты дардай телеарна сондай желпеңбайлардың құлағын көтергені болмаса, түк пайдасы жоқ тақырыпты қозғағанынан абырой-бедел жинамасы анық.

Камал ӘЛПЕЙІСОВА,
жазушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + six =