Қасқырдың суреті

(этюд)

0 340

Этюд ұғымы көркем әдебиетте, бейнелеу өнері мен музыкада, театрда да кең қолданылады. Әдебиетте бұл белгілі бір оқиғадан немесе заттан автордың алған әсерін қысқа да нұсқа, мейлінше дәл суреттеу дегенді білдіреді. Жазушы Талғат Кеңесбаевтың «Қасқырдың суреті» этюді – ұлттық таныммен астасқан туынды. Ауылда өскен баланың қаланы жатырқап, қасқырдың суретін көргендегі қуанышы – сол бала сияқты жалаңаяқ қыр кешкен оқырман жанына жақын көрініс. Шығарманы оқып отырып, сол баламен бірге ауылды сағынасың…

Қаланың төбесіне мамықтай қалқып түсіп келе жатқан мың миллион ұлпа қарды даладан асығып жеткен желікпе жел ұршықтай иіріп, етек-жеңін желпілдетіп, үкідей ұшырып, ала құйын мінезіне салды. Аялдамада тұрған қара бала айналасына жаутаң-жаутаң етіп қарайды. Бағыты – бас пошта, екі аялдамалық жер. Ауылына хат салмақ. «Атау, ешкімді танымайтын қалаға неменеге алып келдің, ауылда да мектеп бар емес пе? Мені қайтадан алып кетші» деген жолдарды жылап отырып жазып еді. Жанына бірнеше адам келді. Аузы-басын жирен жүн басқан дәу сарыны байқап қалды. Ыңғайсызданды. Үлкен адамға амандаспақ болды.
– Ассалаумағалейкум, – деді оң қолын жүрегінің тұсына қойып.
– Че надо тебе? – деп гүр ете түсті. Бұған ала көзімен қарап, жерге бір түкірді. Қойнында қыбырлаған бірдеңесі бар. Қара бала шынында да дәу сарыдан қорқып қалып еді. Ығысып шетке барып тұрды. Аялдаманың ықтасын жағында көкжал қасқырдың плакаты ілінген. «ГДК рок-концерт, 18:00 ч. 16.12.1987 г.». Қара бала қасқырдың суретін көріп, дәл бір туысын көргендей іштей қуанып қалды. «Әй, мынау біздің қойға шабатын көкжал ғой, атам тор айғырға мініп қуған кезде Ақбақай төбетімізбен таласатын қасқыр емес пе…». Осы кезде дәу сарының қойнындағы кішкентай күшік сырғып жерге түсті де, қасқырдың суретіне қарап, ал шәңкілдеп үрсін кеп…
«Ти-ти, прекрати» деп дәу сары қара балаға түсініксіздеу тілде сөйлей бастады. Жұдырықтай Ти-ти шәңк-шәңк етіп болмайды. Бала аң-таң боп қарап тұр. Бір кезде жел үдей түсіп, плакат жұлынып кетті де, қардың бетімен сырғып, Ти-тиға жақындай берді. Ол байғұс болса денесіндегі бүкіл түгі дірілдеп, бұтына жіберіп қойды да, бұны келіп паналады. Қара бала қосаяқтай кішкентай күшікті жерден жеңіл көтеріп, иесіне берді.
Дәу сары Ти-тиді қойнына тыға салды да, қара балаға рақмет айтқан жоқ. Иесінің жылы қойнында тұрған Ти-ти ін аузындағы күзендей басын анда-санда шығарып қояды. Көздері түймедей жылт-жылт. Бірақ бағанағыдай шәңкілдеп үрген жоқ. Жуасып қалыпты.
Қар борай жауып тұр.
Автобус әлі көрінер емес…

Талғат КЕҢЕСБАЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 − three =