ҚАСҚЫРДЫҢ КЕЙБІР ҚАСИЕТТЕРІ

0 5  559

табиғат тамыршысы, қанжығасы майлы Әбибулла қақпаншының айтқандарынан

Б563678-1680x1050

Бұрын ауыл ұстасы болған Қызылқұмдағы Әбибулла енді қасқыршы, қақпаншы, саятшы атанды. Қасқырлар – оның бағымындағы малындай. Қасқырдың иесі, қожасы іспеттес, «қасқырқожа» деп қалжыңдайды ел. Жетпістен асқан Құлымбетовтің әкесі Біләл ақсақал қасқырдан гөрі қарасөз бен қағиданы жақын көрген батагөй жан еді. Енді Әбибулла қарт болса: «Тастөбе, Оразбай жаққа оншақты қақпан қойдым. Келе жатқанымызда қақпан сүйретіп бір із кетіпті… ана бәле шығар» деп қасекеңнің атын айтпай әңгіменің майын тамыза, барды бардай, жоқты жоқтай баяндайды.

 

Енді сол қақпаншы Әбибулла қарттың өзіне сөз берейік.

…Арланын да, қаншығын да ызаландырып бірде жеті күшігін алдым. Мен қайда барсам – сонда барады. Қорқып, сақтанып, иығымнан қосауызымды тастамадым. Мен барған жерде бірлі-жарым қойды, малды жаралайды. Мен бір үйге кірсем, сол үйден кеткенімше құмның ар жағында жатады. Жауын жауып тұрғанда ізіне түстім де, қақпан қойдым. Қолға түсіре алмадым. Санам санға, ойым онға бөлініп ақыл сұрап едім, Қырқымбай қария жақсы кеңес берді:

– Бетінше кеткен қасқырдың соңынан жүру – білместік, – деді ол, – қасқырдың жасырынды жері болады. Соны табу керек. Өз жолының шетіне боғын тастайды немесе сарыған жерін тапқан дұрыс. Ескі ақыр, көне құдық, сарыған жеріне қақпан қойған жөн болады. Соны табу керек. Қасқыр әккі ғой. Ол жерге үш, жеті, он төрт күнде бір соғады. Жалпылама, әйтеуір, қақпан қоюға болмайды. Оған түспейді де. «Менің соңыма түседі» деп, біраз қашып жүріп, ұмыттырып, ескерусіз келеді.

Сөйтіп, Қырқымбай қарияның ақылын алып, жылқы бағылатын Жошы құдық маңынан сарыған жерін тауып, қақпан салдым. Санап жүрдім. Үш күн өтті. Оралып соқпады. Жеті күн өтті.  Келмеді. Он төрт күн өтті. Бүгін қалай болмасын келуі керек деген оймен барсам, қақпанды тышқан ашып тастапты. Оны көре сала, қасекең секем алып, су ішісімен тұра жөнелген екен. Қап дедім. Бірақ, қайтар жолына да салып ем – соған түсіпті. Бұлардың біреуі қақпанға түссе, екіншісі бір апта сол маңнан серігін іздейтін, сөйтіп жүріп екіншісі де түсіп қалатын «аңқаулығы» тағы бар.

216309663

– Қақпан қалай салынады?

– Мәселен, сарыған бұта түбіндегі орнын домалақ етіп қазып, бетінің топырағын былай қойып, қақпанды жасыра көміп, шөппен жауып, жылқының қурап  қалған тезегін сеуіп, ескі топырақпен қайта жабамын. Менде қасқырдың кесінді сирағы бар, сонымен із салып, бетін шыбықпен тырнаймын. Иіс, із қалмау үшін аяғымды шөппен орап байлап жүремін. Із-таңба салмай, қақпанды қоя салсаң оны баспайды да, жоламайды. Қақпан бетінде түңлік киіз бар. Түңлік асты – шұңқыр. Қасқырдың аяғы киізді басып қалғанда тиек-серіппе ағытылып кетеді де, қандыауыз темір сирақты қабады.

– Қасқырдың өзіңіз байқаған ерекшеліктері қандай?

– Қасқырдың ерекшелігі көп қой. Ол апанын суға екі-үш шақырым жерден қазады. Маңайындағы оншақты шақырым көлеміндегі отарға тимейді. Қоздап, далада қалып қойған кейбір саулыққа тимегенін көзіммен  көрдім. Ал апаны маңайынан адамды көрсе болды – бөлтіріктерін алып ауып кетеді.

Бір күні ауылдың бір баласы мотоциклін дырылдатып жетіп келді: «Ата, ата! Қасқыр көрдім. Күшіктері де бар» деп ентігіп тұр. Қазіргі балалар бөлтірікті күшік дейді. «Қайдан көрдің?» дедім. Ол көрген жерін айтты. «Мотоциклмен тура апанының үстінен шықтым. Күшіктерін де көрдім» деп ыржалаң-ыржалаң етіп, дегбірсізденіп, бол-болдың, жүр-жүрдің астына алып барады.

«Ендігі жерде ол қасқыр кетіп қалған шығар.  Адамды көрсе – құрып жоғалады ғой» дедім. Бала болмады. Жүр-жүрлеп ақыры апарды.

Күдігім дәл шықты. Апан бос жатыр. Бөлтіріктерін алып, тайып тұрған. Әлгі бала: «Жаңа ғана көріп ем ғой» деп таңданумен әуре. Ізін барлай бастадым. Таптым да. Көп бөлтірігін ұзаққа әкете алмасы мәлім, асығыста борсықты өлтіріп, соның ініне бөлтіріктерін тығып қалқалапты. Сол жерден бөлтіріктерін алдық.

Қақпаныма қасқыр түссе, қуанып, шаршағанымды ұмытып кетемін. Негізінен жаяу жүремін. «Боранда бір шоферді қасқыр жеп кетіпті. Алақаны мен аяғы қалыпты» деген алыпқашты, суық әңгімені көп естиміз. Мұның шындыққа жанасымы да бар. Жусанды жерде сұр қасқыр көрінбейді. Жеке кездестірмесін деңіз! Онда ол адамды оп-оңай алады. Мылтықсыз адам түк те істей алмайды. Қасқырлар бір-бірінің жеріне жүрмейді, шекарасын бұзбайды, бұзса – ұрысады. Тікұшақпен аңдығандар жусан арасына жасырынып қалып кеткен қасқырды байқамайды. Ол тікұшақ көрсе, жата қалады. Бірде жыңғылды тоғайды қамап, он төрт аттылы адам бір қасқырды ала алмадық. Мәселен, Төбеқұм мен Құлшоқының арасы елу шақырымдай. Бір түнде сондай жерге кетіп қалады. Жаяу не аттылы түгілі, машиналы адамды адас­тырып кетеді.

Талай-талай қасқыр көріп жүрміз ғой. Бір арлан мені қатты таңқалдырды: тұмсығы қайқы, ұзын, құйрығы келте. Түрінен қорықтым. Бөлекше, арты көтеріңкі, алды төмен. Қақпанға түсіп, жыңғылға оралып қалған екен. Аттым. Шам жарығы түссе, қасқырдың көзі – қызыл, ал киіктің  көзі – көк болып көрінеді ғой. Мұның көзі шамсыз-ақ  жанып тұрды. Адамның зәресін зәр түбіне кетіреді. Иттің тісі – тіке, тура, қасқырдікі қармақ секілді болады. Тісі бір-біріне айқасып тұрады. Мына арланның ырылдағанын да көрдім – азу тістері тура қанжардай-ау, қанжардай.

Сексеуілі қалың, құмы майда жер – қасқырлар мекені. Күшіктейтін жері де сол. Қасқыр жегеніне, тойғанына емес, қырғанына мәз. Қамсыз қойшыны қапыда қалдырып, зар қақсатып кететін қасқырды малшы қазақ, әрине, ұната қоймайды. Әйтсе де, қасқырдың да пайдалы жағы бар. Табиғатта оның санитар міндетін атқаратыны туралы жазылып жүр. Мен емге қажет тұсын айтайын. Аққу, қасқыр, жылан өтінің емдік қасиеті күшті, қасқырдың өті, бауыры, тісінің де қасиеті мол.

Жас босанған әйелдердің емшегі ісіп кетуі – күтімсіздіктен болатын көп тараған аурудың бірі. Қасқырдың бауырын кесіп, кесеге кішкене езіп, екі рет жаққанда, ісік сап басылады.

«Қасқырдың іш майы керек» деді бір танысым.

«Қасқырдың іш майын алғанды кім көріпті. Ол ненің емі?» дедім. Сойып жатқан қасқырдан болар-болмас бір шиша ғана бүйрек май, іш май шықты. Он бір жыл бала көтермеген әйел сұраған екен. Әлгі танысым апарып беріпті.

Суық тиген, салқын шалған несеп жолына іш май жағылады дейді. «Корей халқы ит етін жейді, туберкулез болмайды. Иттің іш майы да ауыртпайды. Сақтандырғыш қасиеті көп» деген сөз бар. Тағы бірде қасқыр сойып жатыр ем, бір әйел:

«Қасқырдың бүйрегін беріңізші, ата» деді. Екі бүйрегін бердім. Шоққа аунатып-аунатып жей салды. «Мына жесіңнен қарадай қаштым ғой, қарағым» дедім.

«Өкпе ауруым бар, ата» деді ол мұңайып. «Мақұл, шырағым. Шипасын берсін» дедім. Кейін сол әйел жазылып, балалы болды деп есіттім.

Қасқырдың тісі жағымен бірге, жеке суыруға болмайды, сынып кетеді. «Ит тиген балаға қасқыр тісі – жақсы ем» деп қазақ тісті суға салып, баланы шомылдырып жатады. Шынында, өз көзіммен көрдім: суға тісті салып, баланы шомылдырса болды, құлан-таза айығып кетеді.

Ем емес жері жоқ қасқырдың. Әзелде, мал дәрігерлері ат белінен шойырылғанда тотяиын қояды. Оның керегі де жоқ  екеніне көзім жетті. Атымның белі шойырылып, біреудің айтуымен қасқыр өтімен емдедім. Терісін тіліп, аттың арқасына бидайдай өт салып, тіктім, бір сағаттан кейін тұрып кетті. Екі бидайдай болса – ауыр соғады екен. Ал, тотяиын кейде тұрғызады, кейде тұрғызбайды.

Қасқырдың тағы бір ерекшелігі – бір ізі бір ізін басады. Бес қасқыр бір ізбен жүреді. Білмейтін адамға бір қасқыр жүріп өткендей көрінеді. Ит ізі тырнағымен тіке түседі. Қасқыр ізі – сүйірлеу келеді. Иттің алдыңғы ізінің қасына кейінгісі тие-мие қисық түседі. «Иттің артқы аяғындай қисық» деген келісімсіздеу тіркес мінезі қырсық адамға содан айтылады. Адам адамға ұқсамайды ғой. Бес қасқыр шеңгел түбінде – бесеу болса, дарияға түсерде – біреу. Шілдеде – судан, көктем шыға – апаннан ұзамайды. Әрине, қыста із кесу оңай, қақпанды да байқаусыз етіп жасыру жеңіл.

 Енді аңыз айтайын

… Бір байдың иті қасқырға қой алдырмайды екен. Мақтаулы төбет – ауыл маңына қасқыр жолатпас бөрібасар болса керек. Бір күні көкжал – ерекше біткен бір қасқыр төбеден ауылға қарап тұрыпты. Сонда бай итін шақырса,  шықпайды. Тіпті, шегіне-шегіне киіз үйдің ішіндегі жүкаяқ астына ұмтылып, кірмек те болады. Мұнысы несі деп бай таңырқайды. Шақырады – шықпайды. Сөйтсе, қасқырдың көкжалының мысы басып тұрған екен. Ол көкжал да үйге тақап келе жатады. Осы төбетпен алыспақ-жұлыспақ ниетте. Бай бәрін түсініп, айбалтасын алып, босағада тұра қалады да, кіре берген көкжалды қақ маңдайдан салып қалып, ұрып жығады. Сонда  ғана ит жүк астынан шығып, өлген қасқырды талай бастаған екен.

Мұны айтқаным: қасқыр, көкжал, бөрі деген сөздер қазақта жігітке мақтау ретінде де айтылады. Ол бекерден-бекер емес.

 

Мылтықбай Ерімбетов,

       Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 1 =