Қасқырдың кегі

0 245

Мен бұл әңгімені ертеректе ақын Асқар Кіребаевтың аузынан бірнеше рет естіген едім. Табиғатынан әңгімешіл Асекең өзі бала кезінде куә болған бұл оқиға туралы әр жолы айтқанында бәрін қазір ғана көріп отыр­ған әсермен қолмен қойғандай етіп баяндап беретін.

«Бір жылы жазға салым біз Қарақұмда бір құдықтың басында екі үй отырдық» деп бастаушы еді жарықтық хикаясын. Оның «Қарақұм» деп отырғаны – Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының Қызылдың беткейінде жатқан мал жайлайтын алабы. Ал «біз» дегені – сол жылдары совхоздың бір отар қойын баққан әкесі Кіребай, анасы Нәзігүл және солардың ортасындағы жалғыз бала өзі. Бұдан әрі көрші болып қатар қонған шопанның есімі Дүйсен екені айтылады. Әңгіменің негізгі желісі де сол Дүйсен қойшыға қатысты өріледі.

Бір күні сол шопан Кіребай қоңсысының үйіне келіп, бір әңгімені айтып отырады. Жасы оннан асар-аспас шамадағы Асекеңнің содан ұғып қалғаны Дүйсеннің ана қырдың астында мал жайып жүріп, қасқырдың апанының үстінен түскені болады. Бұл көргенде, апанның аузында үш-төрт бөлтірік ойнап жүріпті. Бұдан кіпі алған Дүйсекең ертеңіне үйінен кетпен әкеліп, әлгі інді ерінбей қазып шығады. Онымен де қоймай, апанның ішінен алынған күшіктерді біртіндеп өлтіріп тастапты.

«Ертең өсіп алғасын бұлар малға шабады» деп ақталады Дүйсен жасаған тірлігіне орай. Бірақ көпті көргені де, өмірде түйгені де көп Кірекең оның әрекетін бірден тіксіне қабылдапты.

«Әй, бекер қылған екенсің, деді әкем оған ренжіп, – деуші еді Асекең осы жерде әкесінің дауысын сала отырып. – Қасқыр көршісіне шабатын ба еді! Енді бәлені күте бер. Алдымен малыңа ие бол! Тып-тыныш ұйқымды қандырып жүрген мені де түнімен мал күзеттіретін қоятын болдың-ау». Неткен көрегендік десейші, Кірекеңнің айтқаны айдай келіп, арада небәрі екі-үш өткеннен кейін-ақ қасқырлар Дүйсеннің екі-үш қойын жарып кетеді. Бұдан кейін тағы екі рет солай еткен. Ашынған түз тағылары қойларды тек жарып кете берген, етіне тиіспеген. Осылайша аптаға жетпейтін уақыттың ішінде Дүйсен жиырмадан астам қойынан айырылады. Ал онымен іргелес отырған Жолтабарұлы Кіребай ақсақал әкесі бағатын отар дін аман, қасқырлар оған жоламай өтіп кетеді.

«Бір күні түн ішінде Дүйсеннің үйі жағынан шыққан ойбайлаған жаман дауыстан бәріміз өре түрегелдік» деп жалғастырады Асекең сосын. Сол кезде Дүйсеннің зар еңіреп жылаған әйелінің даусы да құлаққа келуші еді. Сөйтсе, қойшының мал күзетінде жүретін кездерін өте жақсы «зерттеп» алған екі қасқыр түн жамылып, оның үйі­не келеді. Киіз үй ыстық болғасын, бұлар түнемелік іргенің шиін алып, киізін түріп қояды екен. Міне, сол шиі шиыршықталып, сырылып қойылған жердегі тар тесіктен қаншық қасқыр ішке кірген де, қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан шопан әйелі жанындағы емізулі баланы тұмсығымен жөргегінен іліп алып, далаға ала қашқан. Сол кезде оянып кеткен әйелдің әдепкіде қатты қорыққаннан үні шықпай қалады да, артынан есін жиғасын, бар даусымен «ойбайын» салады.

Мұны естіген Дүйсен қалбалақтап тез жетеді.Екі үйдің екі еркегі сол бойда қасқырдың ізімен қуып шықпақшы болғандарымен, одан ештеңе шықпайды. Тас қараңғы түнде қасқыр ұстатсын ба, сосын бұлар таң саз бере жырт­қыш аңның ізін кесіп кетеді. Бірақ көп жүріп әуре болмайды, бір төбеден асып, екіншісінің басына шыққан кезде-ақ тамағынан тістеп өлтірілген нәрес­теге кезігеді. Қасқырлар оны да жемеген. Денесіне басқалай дақ та салмаған. Тек өлтіріп кетіп қалған. Өлгеніне көздері жеткесін барып, сәбидің мүрдесін ел көретіндей етіп, төбенің басына, шағыл құмдардың ашық жеріне қойып кеткен.

Оқиғаның ұзын-ырғасы осы ғана. Бірақ мұның арғы жағында қаншама тәлімді тәрбие жатыр. Түз тағыларының арасында қасқырдан батыл, жүректісі жоқ. Олардың ақыл мен айладан да кенде емес екенін танытатын дәлелдер аз емес. Сонымен бірге, мәрттігі де әрдайым айтылады. Сол мәрттік мына оқиғаның желісінен де айқын көрінеді. Біріншісі, қасқырлардың өздеріне қатар қоныстанған отарға шаппайтынынан көрінсе, екіншісі өзіне тимеген жанға тиіспейтіні шығар. Осы жазылмаған заңның қағидатын бұзған шопанды иісі арқылы анықтап алып, тек содан ғана кек қайтарулары осы мәрттіктің тағы бір белгісі болса керек.

Қасқырлардың ақылды да мәрт болатыны туралы деректер жетіп-артылады. Мен осы тақырыпты қаузап отырғанда, Ресейдің Қиыр Шығыс өлкесінде тұратын Иван Джулияк деген бір ақын жігіттің өлеңіне тап болдым. Онда аңшылықты жақсы көретін бұл жігіт бір жолы қасқырдың апанына кездесіп қалғанда, өзі қасқырдың қаншығын, ал иті оның екі бөлтірігін өлтіріп тастағанын жазады. Бірақ мұның соңы үлкен қайғыға айналып кете жаздайды.
Автор «Қасқырдың кегі» деген бұл өлеңнің бірінші шумағын былай бастайды:

«Удачная на днях была охота,
Легко нашел я логово волков.
Волчицу сразу пристрелил я дробью,
Загрыз мой пес, двоих ее щенков».
Бірақ арлан қасқыр өзінің құныкерін ертеңіне-ақ тауып алады.
«А утром следующего дня,
Хоть я и сплю довольно крепко,
У дома грохот разбудил меня,
Я выбежал в чем был за дверку»

Ал шынжырлаулы ит қасқыр­ға жақындай алмай тұр. Тіпті жақындаған күнде де оның дала жыртқышына шамасы келетініне ақынның күмәні бар. Бір қырсығы, сол кезде оның кішкентай қызы арланның жанына келіп, оның құйрығынан ұстап тұрады. Бұған зәр иманы кеткен аңшының сол кездегі көңіл-күйін түсіну үшін тым көп нәрсенің керегі жоқ.

Осы сәтте қасқырдың көзімен арбасып қалған Иван одан қызын босатуды жалынып сұрағандай болады. Мұны сезген арлан бір кезде бұған кешірім жасағандай болып, бұрылып жүре береді.

«А волк ушел, оставив нас в покое.
И не принес вреда ни дочери, ни мне,
За причиненные ему мной боль и горе,
За смерть его волчицы и детей».

Осының өзі қасқырдың ақылды аң екенін де көрсетеді. Мұны автор «Адамды қан шығармай өлтіру» деп атапты.

Ал мына бір журналда жарияланған бір суреттің астында бұдан 47 жыл бұрын, 1970 жылғы 6 сәуірде Беларусьтің Минск облысындағы Береза ауданына қарасты Ольховка селосында болған қанды оқиға баяндалады. Мақаланың авторы Валерий Самохвалов өзінің сол кезде аудандық газетте қызмет етіп жүргенін айта келіп, көктемнің сол күні бір деревнядан мотоциклмен келе жатқанын жазады. Жолда моторы от алып тұрған, бірақ кабинасында жан жоқ скреперді көріп тоқтайды. Арада екі минуттай өткен кезде орман жақтан: «Көмектесіңіздер!» деген дауыс естіледі. Бұл тұра жүгіреді. Сөйтсе, механизатор бір қаншық қасқырдың жол бойынан өз бөлтіріктерін алып өтіп бара жатқанын көріп, артынан тұра қуады да, күшіктердің бірін ұстап алады. Қаншық өзіне айбат көрсеткен кезде әлгі жаңағыдай айғай салыпты. Мұнысына ол қазір мемлекеттің қасқыр аулағандарға жақсы сыйақы беретінін айтып ақталыпты. Шынында әр қасқыр үшін берілетін 60 сом ол кезде аз ақша емес еді.

Біздің авторымыз арада тура бір апта өткенде, Ольховка селосында мектептен қайтып келе жатқан кішкентай қыз баланы бір қасқырдың бауыздап кеткенін естиді. Қасқыр оны тап өзінің бөлтірігінен айрылып қалған жерге апарып тастапты. Таң қаларлық нәрсе! Тағы бір таң қаларлығы, бұл манағы механизатор Алексей Жуковскийдің қызы болып шықты! Арада екі күн өткенде сол қасқыр көктемгі жайылымда жүрген қойларға шабуыл жасап, олардың 12-сін тамақтап кетіпті. Бірақ бірде-бірінің етіне тиіспеген. Бұдан кейін аңшылар бригадасы ұйымдастырылып, әлгі қасқырды іздеп шыққан. Алайда маңайдағы ормандарды қанша күн кезгендерімен іздеген қаншықтарын таппаған. Осыдан кейін бұл төңіректен қасқырлар түгел кетіп қалыпты.

Шынында да қасқырлардың тіршілігінен алатын өнеге де аз емес қой. Біздің бабаларымыз­дың өздерін көк бөріге теңеп жүргендері бекер болмаған сияқты.

Серік
ПІРНАЗАР

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + nineteen =