Қасқыр ұлыған түн

0 139

Адамзат баласының астамсып кететіні бар. Жер әлемнің қожасы өзі секілді еліре жөнеледі. Тәубасын ұмыта қалып, тауфиықсыз күйге түсе салады бір демде. Атам заманда солай еді. Әлі күнге қанынан арылған жоқ бұл ғадет. Ақиқатында жаһанның иесі біз емес екен…

Есті бабалардың тотемі Көкбөрі еді ғой. Мұның астарында да шындыққа бер­гісіз аңыздың барын естен шы­ғара береміз. Тәуелсіздіктен кейін­гі алағай да бұлағай шақта жазылған Шерхан Мұртазаның «Текебұр­қағы» еске салса да. Көкбөріге қарыздар екенін жұмырбастының. Адамзат өзінен басқа тіршілік иесін сүюге, қастерлеуге парыздар екенін. Қосаяқтының әлемге қожа емес, жаратылыстың бір бөлшегі екеніне түйсікті иландырады, жүректі сендіреді.

* * *

Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында «Бір кем дүние» драмасының тұсауы кесіледі дегеннен өнерсүйер көрер­мен елең еткен. Шерағаңның «Те­ке­бұрқақ» әңгімесінің желі­сімен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов сахналық нұсқасын жасаған қойылымның көпшілікке ұсынылар сәті де тая­ды. Тап сахнадағыдай, көз ал­ды­мызға ақшулан Абаданның (ой­на­ған Қуандық Қыстықбаев) «үң­гір­тастың үстінде шоқиып отырғаны» елестей берді. Әлсін-әлсін ұлиды. Бөрі ұлыса, қазақтың берекесі қашатыны сияқты, Қазанғаптың «Көкілімен» көңіл шіркін, әлем-тапырақ күй кешті.

Абайсызда аш қасқырлардың ортасына түсе қалған Нәпіл шолаққа (Ержан Нұрымбет) бірі де азуын батырмады. «Тіршіліктің заңы солай». Қосаяқты бірінші қол тигізбесе, бөрі де қанша аш болса да аузын былғамайды. Абаданның серті Көк бөрі тұқымын осы сәтте екіге бөлді: тіршілік заңына бағынатындар; «адамдар сияқты» тіршілік заңына бағынбайтындар.

Тауфиықсыз Қиястың (Жәнібек Мұсаев) Нәпіл қоныс еткен иен даланы, тау-тасты жекеменшігіне өткізіп алуы бүгінгі ахуалды дәл суреттегенімен, осы сәттегі жандайшап Жалғаспен (Қасымхан Бұғыбай) диалогы, Нәпіл мен Шынарды (Айман Карпсеитова) атамекенінен қуа келуі – отбасы, ошақ қасындағы әңгімемен, дұрысы өнегесі кем, киелі сахнаға лайықсыз әрекеттермен өріліп кететіні бар. Әрі сөз көркемдігі кемшін. Бұл көңілге кірбің ұялатқанымен, Нәпіл мен Шынардың молдадан (Кеңес Нұрланов) бата алып, Сарқыраманың шапағаты мол суынан дауа тапқанының көрінісі әлгі «ыңғайсыздықты» жуып-шая салды. Жүректі тебіренткені сол, көп жылдардан бері мылқау Шынар Сарқыраманың тастай суынан шошынғаны сондай, «Тоңдым» деп, тіл қатады.

Міне, драманың шарықтау шегі деуге келеді, күллі кейіпкерлер Сарқырамада тоғысады. «Екі шоқып, бір қарап» тауешкілер билеп жүр. Керегетастағы Мумиеден құшырлана жалап, қуат алған Тастұяқ теке (Жанат Оспанов) ешкілермен кезек-кезек шағылысады. «Текебұрқағыңыз» осы. Жылына бір оралатын бұл сәтті төрт аяқты жыртқыш та, қосаяқты жыртқыш та аңдуда екен. Бірі – қарынның құлы, екіншісі – құлқынның құлы… Тарс-тарс атылған мылтық үні… Іле-шала жалғасқан Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйі… Дүние астан-кес­тен кейіпке ене берді. Жанұшыра айқайлаған Нәпілдің зары: «Атпа, атпа!» дейді. Бірақ, кеш-тін.

…Тік тұрып, ұзақ қошемет көрсеткен көпшілікке қойылымның ұнағаны байқалады. Жаңа замандық технологияны кіріктіргені де сәтті шыққан. Режиссердің тер төккені, әу бастағы мақсатын орындай алғаны айқын көрініп тұр. Әртістердің шеберлігінде мін кем.

* * *

Пенденің пенделігі сол ғой – Құдайын ұмытады. Бабам қазаққа Көкбөрі бекер пір болған жоқ. Жаугершілік заманда жұртта қалған жалаңаш нәрестеден өрбіген екенбіз. Ал, сол жалаңаш нәрестеге омырауын иітіп, емізген – қасиетті Құртқа. Ұмытқан екенбіз.

«Абайла, Шолақ! Сені асырап, адам еткен Көк бөрінің құдіретті пірі ұрып кетпесін! Жер бетінен Көкбөрі тұқымы үзілсе, сен, Адам, тап-тақыр жетім қаласың…» Ақырғы сөз осы. Бәрімізге айтылған сөз.

* * *

Абадан ұза-а-ақ ұлып барып, үзілді.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 5 =