Қасқыр соққан келіншек

0 131

Шабақты өзенінің күз түсе түбі көрініп, сарқыла қалатын жылдағы әдеті. Әйтеуір, қос қапталы ауыл малының жайылымына жарап тұр. Шұрайлы шөбі болмаса да бұл маңнан мал ізі арылмайды. Жағалай қонған ауыл алағай да бұлағай бір замандарда Арқадан ауып келген деседі ел. Тарихтың сөзі де растайды мұны.

…Арқадан ауған үркердей жұртпен қатал табиғаты да көшіп келген сыңайлы. Қысы – қатал. Көктемі – қас-қағымдық. Жазы – аптап ыстық һәм желді. Күн арқан бойы көтерілгенде басталатын желдің уілі күн бата әзер басылады. Сол кезде ғана құлақтан ұрған танадай, тыныштық орнайды да, ауылдың кешкі азан-қазан тіршілігі басталады. Ал, күзі – ызғарлы…

Иә, ызғарлы. Бүгін де қызылдан ысқыра соғып, мал қамымен жүрген жұртты дірдек қақтырды. Аспанды кеулей қымтап, шұбатыла біткен бұлттан сытылып шыққан күн лезде көкжиекке сіңіп бара жатты.

Көк пен жердің арасы жақындай түсіп, күн көзін көрсетпегелі де бір­шама тәуліктен асқан. Ақшамның алдында дәрет алмаққа қамданған апам шәугімін ұстаған күйі әлгі шұбатыла біткен бұлттың соңына көз тастады. «Құдайдың қақшаңдаған желінің зәрлісін-ай, ә! Арты ашылатын сыңайлы ғой, бірақ. Өлара шақ – бұл. Бүгін ай туады. Жел ертең тоқтамаса, жеті күнге созылар» деп әлдекімге күбірлеп жүре берді.

Менің апам қызық, кейде осылай өзімен-өзі сөйлесіп жүретіні бар. Марқұм шалы, яғни, менің атам «Тазагүл» деген әп-әдемі атын атамай, «жаман қатын» деп өтіпті өле-өлгенше. Содан, ауылдағы заман­дас­та­ры­ның бәрі «жаман қатын» атап кеткен. Бүгінде «жа­ман қатын» дейтіндердің де қатары сиреп барады. Айша әже, Қайыр­лыбай ата, Шәртай әже… Біразы бақиға аттанған. Қазір шалы­ның қойған ныспысын қайта­лап жүр­гендер саусақпен ғана санарлық. Солардың бірі – Тұмаргүл апа. Көрші. Арамызда үй жоқ. Екі үйді бөліп тұрған шарбақтан басын қылтитып, «Әй, жаман қатын, кәртөшкеңді жинап алдың ба?», «Әй, жаман қатын, пиязың неше қап болды?» деп тұрғаны.

Жаман қатынның шалы өмірден озғанына да ширек ғасырға жуық­тады. Ол кезде мен үш-ақ жаста екем. Сосын некесін босағасымен қидырған да, бар өмірін бізге сарқы­ған. Кейде, «Шалым түсіме кірді. Жеті нан құдайы таратам, сен құран оқы» дейді маған. «Е, Құдай, жаным­ды ауру-сырқауыңмен қи­на­май, азапқа салмай ертерек ал!» деп жалынады кейде Жарат­қан­ға. Шалының қасына барғы­сы ке­ле ме, қайдам?.. Кейде, ұзақ түн­ге көз ілмей, атамды еске алады. Сағы­нады-ау деймін. Бірде, екеуі­­нің қарусыз, қақпансыз көк­жал қасқыр соғып алғандарын әңгімеледі…

«Қарашат» деген жон бар Сарысуда. Төрт-бес үйлі қойлы ауыл бір қыста сонда қоныстанған. Іңірде ғана өрістен қайтқан совхоздың пәлен бас қойын суаттан шығарып, ашық қораға қамаған. Қараша қайтқанымен, әзір ызғар түсе қойған жоқ. Төрт-бес шаңырақтың кешкі тамақтары бір үйден. Әйелдер етін түсіріп, ошақ қасында. Еркектер демдерін басып, дастархан басында әжің-гүжің әңгіме-дүкен құ­рып отыр. «Арғы сайдан қасқыр көр­дім, – дейді Наймаш. – Жалғыз жор­тып жүр. Көкжалдың тұрқы ірі көрінді». «Бүгін қойды ашық қора­ға қамап едік. Түнемелікке шап­паса игі, құрғыр» деген күді­гін айтты көп сөйлемейтін, момын Тоқсанбай мұрын астынан мің­гірлеп. «Менің Арланым былтыр қыста үш бөріге дес бермеген. Жонын жерге тигізбеген. Бір күнде қос қасқыр соқтым ғой, әлгі бірін көрші ауылдағы Ерденбек тамырымның қанжығасына байлайтынымда. Арланға жалғыз қасқыр сөз болып па? Жолатпайды ол!» деп лепірді Құдайберген мақтаншақ әдетіне басып. Оның екі сөзінің бірі өтірік болып шығатынына жұрт үйренген. Өзі де «осы мен өтірік айтып қой­дым-ау» деп төменшіктемейді де, яки, оған еті өлген.

…Ас ішілген, аяқ босаған. Жұрт үйді-үйіне тарасып, ұйқыға кет­кені қашан. Бес қыз өсіріп, «кіші қызымды туғанша, кітап оқу­дан қол үзбедім» дейтін апам сол түннің бір уағына дейін кітап оқып, әдеттегідей, қора жақты бір шолып шықпақ болып, тысқа беттейді.

Желтоқсанның алғашқы түндері. Аздап ызғырық па, аяз ба бар. Иы­­ғына іле салған көк шапанын қым­­тай жамылып, қораға жақындаған­да байқады, әлдекім қойларды ала құйын­датып қуып жүр. Бірді-екілі ірі саулықтардың ма­ңы­рағаны естіледі. Ақы­­рын­дап басып, тағы жа­­қын­­дай түс­ті… Ең болмаса, кім екенін танып ал­мақ ниетте ғой. Сонда анық көр­ді, адам емес… Қасқыр. Дәу көк­жал қасқыр!..

Үйге қарай тұра жүгірді: «Әй, шал, шал-ау, қасқыр шапты, қасқыр!» Ала­сұрып, табалдырықтан сүріне-қа­бы­на кі­ріп, хабар берген. «Не дей­­ді, ей, мына жаман қатын?! Ба­­­ға­­на Наймаш айтқан көкжал бол­­­ды ғой». Ұй­­қы­лы-ояу, асығыста сас­­­қа­­­лақ­­тап, мыл­тықты да алмапты. Ау­­ла­да жататын аша басты бақанды қос қо­лына ұстай, қораға ентелей енді.

Қосаяқтыны байқаған көкжал кеңірдегінен тартқан ақ тоқтыдан азуын босата беріп, бір ауық тына қалды. Қап-қара қараңғылықта ақ­си­ған тістері мен оттай жанған көздері ғана көрінеді. «Ыр-р-р-р». Ыза­лана ұмтылғалы тұр. Қой­шы сонда ғана білді мылтығын ұмытқанын. Кеуде тұ­сы тесіп шығардай ұрғылайды. Әлде қор­қыныш, әлде үрей… Қараңғы­лық­қа да көзі үйренді. Сала құлаш ба­қан­­мен бар пәрменімен періп кеп қалды. Қасқыр артқа шегініп үлгер­­ген­де, сонша күшпен ауаны қар­мап, жерге тиген бақан шорт сынып, қо­лынан түсіп кетті. Осы сәтте жалғыз бөрі қарсыласына атылған. Ал­қымға жетпей қалған азу тісте­рі­нің сақ-сақ еткен дауысы тіпті үрейлі, тіпті қорқынышты. Алай­да, қарап тұратын сәт емес. Өмір мен өлімнің, адам мен қасқыр­дың арасындағы қарусыз айқас басталып кетті… Ыр-р-р-р, ыр-р-р-р… Қасқырдың тыр­на­ғы мен азу тісі ілінген қойшының киімі дар-дар жыртылады. Бір-біріне бой берер емес. Итжығыс айқас. Қора сыр­тынан ауыл иттері шабалан үреді.

Қорқыныштан, әлде, үрейден есін жиған апам сонда ғана еріне көмекке ұмтылыпты ғой. Анадай жерге ұшып кеткен бақанның жартысын қос қолына ыңғайлап ұстап, адам мен қасқыр арасындағы айқастың оңтайлы сәтін аңдиды. Әр секунд сайын жаны шығып барады. Бөрінің кеңірдекке шап беруі бір-ақ пәсте. Құдай бетін аулақ қыла гөр! Бойын әлгі қорқыныш пен үрей әлі жайлап барады. Ә, міне! Бар күшін салып, қақ тұмсықты нысанаға алған! Қасқырдың «қыңқ» деуге ғана шамасы әзер жетті… Бір жанына қарай құлай берді. Не деген нән еді?! Есік пен төрдей!..

…Отарда кілең қазақы қой-тын. Үш-төртеуін шатынан тартып, ішек-қарнын ақтарып тастаған. Екі-үшеуінің құйрығы жоқ, тағы екі-үшеуі кеңірдексіз сұлап жатыр. Аса көп емес.

Ертеңгісін-ақ ауданнан басшылар, дәрігерлер келді, іле-шала аудан­дық, облыстық, республикалық «Октябрь таңы», «Еңбек туы», «Социалистік Қазақстан» газет­тері­нің тілшілері мен фотографтары шалғайдағы қойлы ауылға із салды. «Қасқыр соққан келіншек» деген тақырыптағы мақала оқырмандарға жарыса жол тартты.

Бір күні пошташы Әбдірахман келді. Атынан секіре түсіп, иығына ілген сөмкесін жалма-жан ақтарады. «Әй, жаман қатын, жаман қатын! – дей­ді. – Саған түу Мәскеуден хат кел­ді! Қисық шалың екеуіңнің су­рет­терің Мәскеудің гәзитіне шығып­ты». Қасқыр соққан келін­шекке мәскеулік азаматтар ризашы­лығын жолдапты ғой…

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + 14 =