ҚАСІРЕТТІ ЖЫЛДАР КИНО СЮЖЕТІНЕ АЙНАЛУЫ МҮМКІН

0 89

Таяуда «Дипломат» қонақүйінде «ХХ ғасырдың 30 жылдарындағы Қазақстандағы саяси-әлеуметтік ахуал: ашаршылық және қуғын-сүргін тарихы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен болған шараға елге белгілі ғалымдар, дипломаттар, саяси партиялардың этномәдени орталықтардың, мен ақпарат құралдары өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Бейсенбі 24 мамыр Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяған төрағалық еткен жиын халық басына төнген қасіретке 80 жыл толуына арналған бейнесюжет көрсетумен басталған.

Алдымен сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов 1932 жылғы ашаршылықтың тарихи ықпалы жөнінде әңгімеледі.

«Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 30-31 мамырды саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу күні етіп бекіткен. Ал, биыл 27 сәуір күні өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында кеңестік кезеңдегі екі нәубетті оқиға – халық жаппай қырылған ашаршылыққа 80 жыл, сталиндік қуғын-сүргіннің шегіне жеткен қаралы тұсына 75 жыл толғанын ұмытпау керектігін атап өтті. Жалпы, тіркелген деректерге қарағанда аштық кезінде 7 миллион адам көз жұмған болса, соның 1,5 миллионы – қазақ болған. Ал, одан бөлек 600 қазақ туған отанын тастап кетіп, шетел асуға мәжбүрленді. Оның сыртында қаншама адам жазаға тартылып, көз жұмды», – деді ол.

Ашаршылық қасіретін еске ала отырып, тарихи шындықты ашудың бүгінгі күн үшін маңыздылығына тоқталған Ералы Тоғжанов: «Өткен оқиғалармен жас ұрпақты хабардар ете отырып, болашақ ұрпақтарымыздың осындай қасіретке тап болуына жол бермеуіміз керек», – деді.

Бұл мақсатта Ассамблея бірқатар іс-шаралар өткізіп келеді. Соның бірі – «Болашақ үшін естелік» атты конференцияны дәстүрлі түрде ұйымдастыру. Алдыңғы жылы кең көлемде осы тақырыппен ұйымдастырылған жиын Астанамыздың іргесіндегі «Алжир»-де өткен болса, былтыр «Карлаг»-та болған. Биыл, Ассамблея төрағасы орынбасарының сөзіне қарағанда Алматы облысындағы тұңғыш де- портация жүргізілген Үштөбеде өткізілгелі отыр.

Жиын барысында сөз алған Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының бастығы Болат Тілепов қазақ тарихында ақтаңдақ беттер көп екенін айта келе, Мемлекет тарихы институтының Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен бірқатар жұмыстар жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Соның ішінде, ашаршылыққа қатысты тарихи шындықты ашатын туынды әзірленуде. Мұның бәріндегі мақсат – тарихи ақиқатты ұрпақ санасына сіңдіру.

Бұдан бөлек ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Жабайхан Әбділдин – «Саяси қуғын-сүргін және Алаш зиялыларының ақталуы», Мемлекет тарихы институ- ты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жанан Қыдыралина «Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіндер: естеліктер және тарих» деген тақырыпта баяндама жасады. Ал, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов «Қазақ қасіреті: қылмыс пен жаза»тақырыбындағы ойын ортаға салды.

Оның айтуынша, кеңес дәуіріндегі саяси-тоталитаризмнің екі қылмысын қазақ ұмыта алмайды. Оның бірі – халықты қынадай қырған 1932 жылғы аштық та, екіншісі – 1937 жылы шегіне жеткен сталиндік репрессия. Бұл орайда, Кремльдің басқыншылығына ұшыраған елдер аз емес. Ғалымның айтуынша, қазақ өз құқын қорғап, тапталған ар-намысын қалпына келтіру үшін өзі секілді тоталитаризмнен жапа шеккен украин, белорусь, молдова секілді халықтармен бірігуі қажет.

Яғни, ашаршылық жылдары шығынға ұшыраған осы халықтар ортақ мәселені бірігіп қарастырғаны абзал.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияның соңында оған қатысушылар мынадай ұсыныстар енгізілген қорытындыны қабылдады: біріншіден, ҚР Білім және

ғылым министрлігіне ашаршылық және қуғын-сүргін тарихын зерттеу мақсатында ғылыми-зерттеу институттарына, ғылыми орталықтарға және үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік грант бөлу жөнінде ұсыныс енгізу. Екіншіден, тарихшылар қауымдастығына шынайылық пен әділеттілікті қалпына келтіру мақсатында КСРО мен Қазақстанда орын алған ашаршылық және саяси қуғын-сүргін мәселелері бойынша зерттеу жұмыстарын жалғастыруды ұсыну. Үшіншіден, Мәдениет және ақпарат министрлігіне тарихты жан-жақты зерттеу үшін Өзбекстан, Ресей, Қызғызстан, Түркіменстан және басқа да мемлекеттердің мұрағаттарында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруды ұсыну. Сонымен қатар, ХХ ғасырыдың 30-жылдарындағы Қазақстанда орын алған қайғылы оқиғалардың желісінде деректі және көркем фильмдер түсіруді қолға алуды ұсынды.

Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × five =