ҚАСИЕТТІ БОРЫШ

0 160

Ер жігіт үшін ең қасиетті борыш – Отанды қорғау. Бұл – әр азаматтың бо­йына бала кезінен сіңірілетін қағидат. Ал өскелең ұрпақ  отансүйгіштік, ұлтжандылық қасиеттерді қайдан алады, оларға кім үлгі-өнеге көрсетеді? Міне, дәл осы сауалды алға тартып, Астана қаласындағы «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінде болып, айтулы ұйымның жұмысымен танысып қайтқан едік.

Ауғанстан соғысын бастан кешкен жауынгерлер бас қосатын ұйымда қашан келсеңіз де қызу жұмыс. Өйткені мұнда жауынгер-интернационалис­тердің тұрмыс-тіршілігіне қатысты мәселенің бәрі қаралып, талқыланып жатады.

4543ap

– Қатарында 1300-ден аса мүшесі бар біздің бірлестік қоғамдық ұйым болып саналғанымен, атқаратын жұмысымыз сан қырлы. Әрине, бірінші кезекте, біз Ауғанстан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің отбасыларына, соғыс салдарынан мүгедек болған майдандастарымызға қолымыздан келгенше рухани да, материалдық та көмек көрсетеміз. Содан кейін­гі бас­ты міндетіміз – жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру. Біз үшін өз елін, өз жерін сүйетін жастарды тәрбиелеу ең қасиетті іс болып табылады. Бұл ретте көп жылдардан бері қалыптас­қан дәстүрлі шараларымыз бар. Мәселен, тұрақты түрде қаладағы мектептерде «Ерлік сабақтарын», жоғары оқу орындары мен мекемелерде кездесулер өткіземіз. Ұлы Отан соғысы майдангерлеріне құрмет көрсетіп, оларды өзіміздің шараларымызға шақырып отырамыз. Бірнеше дәстүрлі спорт жарыс­тарын ұйымдастырамыз. Атап айтқанда, жыл сайын ақмолалық жауынгер-интернацио­налистер Қазбек Абдрахманов, Сағындық Смайылов және Жанайдар Жирентаев атындағы футбол, волейбол жарыстарына тек қана Астана қаласынан ғана емес, республика аймақтарынан командалар қатысады. Бұл жарыстарға ересектермен қатар, жастар және балалар да көптеп тартылады. Сонымен қатар, елордамызда өтіп тұратын қоғамдық, саяси және мәдени шараларға қатысамыз, – дейді бізбен әңгімесінде Астана қаласының «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» ҚБ төрағасы Серік Кенжебеков.

Шынымен де, оқ пен отқа шарпылған жауынгер-интернацио­налистердің соғыс зардабын шеккендерге қайырымдылық танытуы, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруі, қаламыздағы қоғамдық шараларға белсенді қатысуы өнеге көрсеткіші десе болады. Сонау сексенінші жылдары Ауғанстан алапатын көрген жап-жас жігіттер бүгінде самайына ақ түскен жігіт ағалары болып қалды. Алды немере сүйіп, ардақты атаға да айналып жатыр.

– Ертең біздің жауынгер-интернационалистер Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылды­ғына арналған әскери парадқа қатысады. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Салтанатты шеруден соң Ауғанстан соғысы құрбандарының мемориал-ескерткіші алдында Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиынымызды өткіземіз, – деп түйіндеді өз сөзін астаналық ұйымның жетекшісі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 3 =