Қашықтықтан оқытудың ұтымды тұстары

0 21

Міне, мамырдың соңғы күндері – оқу жылының аяқталуына да аз қалды. Екі айға жақын уақыт – қашықтан білім алған оқушылардың және ата-аналардың төзімі сынға түскен шақ. Біреулер «мұғалімнің қадірін енді түсіндік» деп мойындаса, енді бірі «мұғалім үшін еңбек еттім» деп асыра сілтеді. Алайда карантин кезінде үйде отырып оқыған балалар мен оқытқан ата-аналарға жағдайды жақсы жағына оңтайландыруға арналған онлайн-конференциялар да аз өткен жоқ. Біз осы бағытта «Болашақ» стипендиясының түлегі, білім беру саласындағы философия докторы, Ұлыбританиядағы Уорик университетін «білім беру саласын басқару» мамандығы бойынша үздік аяқтаған, 2014-2018 жылдары Назарбаев университетінде докторантурада білім алып, диссертация қорғаған, қазіргі кезде постдокторант-зерттеуші Лаура ҚАРАБАСОВАМЕН сұхбаттастық.– Сауалымызды төтесінен бастасақ, қашықтан оқудың оқушылар үшін қандай оң әсері болды деп ойлайсыз?
– Мен оқушылар үшін қашықтан оқудың мынадай мүмкіндіктерін көріп отырмын. Біріншіден, «soft skills», яғни «жұмсақ» дағдыларды дамытуға мүмкіндік көбірек. Алдымен жауапкершілік парадигмасы өзгереді және өзгеруі тиіс деп ойлаймын. Әрине, қазіргі қалыптасқан жағдайда ата-ана білім беру процесін ұйымдастыруда үлкен рөл атқарып отыр. Әсіресе, бастауыш сынып балалары ата-­ананың көмегіне тәуелді. Дегенмен жоғары сынып оқушылары өз бетінше жұмыс істегені дұрыс. Кейбір ата-аналар үшін баласының тапсырмасын мұғалімнен сұрай салу, орындай салу немесе жүйеге жүктей салу тезірек әрі ыңғайлырақ болып көрінуі мүмкін. Егер ата-ана балаға берілуі тиіс жа­уапкершілікті алып алмаса, бала өз уақытын, сабақ кестесін және жүктемесін реттеуге үйренеді. Бұл ұзақ мерзімді перспективада бала үшін маңызды дағды болып қалыптасады.
– Бұл пікірді қандай да бір зерттеу нәтижелеріне сүйеніп айтып отырған боларсыз?
– Иә, бірқатар зерттеулер бар. Әлемдік зерттеулерге бармай-ақ, өзіміздің қазақстандық контекстіде жүргізген зерттеуден мысал келтірейін. Әріптесім доктор Алмухамбетова Назарбаев зияткерлік мектептерін бітіріп, Назар­баев университетіне оқуға түскен 1-курс студенттерінің жоғары оқу орнына бейімделуі бойынша зерттеу жүргізді. Анонимді сұхбаттар мен әлеуметтік сұрау әдістері бойынша, жиналған мәліметтерді талдау нәтижелері бойынша зияткерлік мектеп түлектері үш тілде сапалы академиялық білім алып шыққанмен, ересек студенттік өмірге, үлкен жауапкершілік алуға және өзін-өзі реттеуге дайын болмағандығын айтқан.
Сізге де, бізге де белгілі, жауапкершілік қабілеті бір күнде қалыптаспайды. Сондықтан ата-­ана мұғаліммен бірлесе отырып, оқушыда тайм-менеджмент – өз уақытын ұйымдастыру және өз ісіне жауапты болу дағдыларын дамытуы тиіс.
Әлеуметтік желілерде «Мен баламның сабағына көмектесе алмай жатырмын» деп уайымдаған ата-аналар пікірін жиі көрдім. Бұл жерде ата-ана сабақтың мазмұны бойынша көмектесуге тиіс емес. Психологиялық көмек және баламен ашық сөйлесу әлдеқайда маңызды. Ата-­анасы тапсырмасын орындап немесе біреуге орындатып беретін бала алдағы уақытта плагиаттың не екенін ажырата алмайтын студент болуы мүмкін. Сонымен бірге, қашықтан оқыту кезінде оқушыларды топтық жұмысқа, яғни қиын тапсырмаларды орындауда өзге сыныптастарымен ынтымақтасып жұмыс істеуге баулыған жөн.
– Қалай ойлайсыз, қашықтан оқыту баланың білім сапасына қалай әсер етуі мүмкін? Көп ата-ананы осы сұрақ мазалайды ғой.
– Білім сапасына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – мұғалімнің педагогикалық репертуары. Қазіргі уақытта мұғалімдерде технология­лық қиындықтар бар. Жақында канадалық профессор Энди Харгривздің дәрісін тыңдағанмын. «Пандемиядан кейін білім беру жүйесі түбегейлі өзгеріп кетпесе де, мұғалімдердің барлығы дерлік белгілі бір деңгейде технологиялық құралдарды меңгеріп шығады» деген пікірімен толықтай келі­семін. Бұл – ұзақ мерзімді тұрғыда қарас­тырсақ, қашықтан оқытудың оң әсері.
Менің ойымша, педагогикасы әлсіз мұғалімнің жұмыс тиімділігі класта оқытса да, қашықтан оқытса да бірдей. Мұғалімнің қаншалықты айқын нұсқаулар мен тапсырмалар дайындай алатындығы аса маңыз­ды. Жаңа білім беру парадигмасы бойынша мұғалім ақпараттың жалғыз көзі емес екені белгілі. Жалғыз оқулықпен шектеліп қалудан да бас тартып жатырмыз.
Қашықтан оқыту оқушыдан түрлі ақпарат көздерімен жұмыс істеуді талап етеді. «Teacher talking time», яғни мұғалімнің сабақты түсіндіру үшін сөйлеу уақыты да қысқаруы тиіс. Түрлі мультимедиа, визуалды құралдар, бейне, аудиожазбалар мұғалімнің монологымен комбинацияда қолданылуы тиіс. Жалпы, осындай әлемдік трендтерді түсінген және мүмкіндікті шебер пайдаланған мұғалім оқушыларының білім сапасы төмендейді деп айта алмаймын. Әрине, осы жағдайды ұтымды пайдалану үшін мұғалім де, бала да, ата-ана да бейімделуге үйренгені дұрыс.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 4 =