Қашықтан оқытуға әзірміз бе?

0 109

Елімізде 16 наурыздан бастап карантин жариялануына байланысты оқушылар биылғы көктемгі демалысқа ерте шыққаны белгілі. Енді коронавирустың таралуына қарсы күрес шараларын күшейту жағдайында осы жылдың 6 сәуірінен бастап IV тоқсанда еліміздің барлық мектептері қашықтан оқыту жүйесіне көшеді. Алайда елді үрейге түсірген індет бір алаңдатса, қашықтан оқыту машақат болмай ма деп тағы мазасызданғандар аз емес. Бұл қандай жүйе? Ол қалай жүзеге асады? Тіпті сапалы интернеттің болмауы, кейбір балалар мен мұғалімдер үшін үйде компьютердің жоқтығы, отбасындағы бірнеше баланы оқыту жайы сияқты мәселелер расымен алаңдатпай қоймайды. Бүгін мақаламызда осы сауалдарға ретімен жауап іздеп көрейік.Жаңа форматқа дайындық

Қашықтан оқыту деген – оқытушы мен оқушылар арасындағы тікелей байланыссыз заманауи ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды қолдану арқылы оқытуды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін оқыту процесі. Бұл процесс тиімді ұйымдастырылса, оң нәтиже берері анық. Сол себепті Білім және ғылым министрлігі жанынан қашықтан оқытуды ұйымдастыруға арналған аймақтық білім басқармалары бар жобалық кеңсе құрылған. Пандемия кезінде оқу процесін ұйымдастырудың уақытша шаралары бойынша халықаралық тәжірибелерге сүйеніп, көрші елдердің де оқыту жүйесі зерттелген. Мектептерге, мұғалімдерге, тіпті ата-аналарға арналған ұсыныстар да­йындалып, арнайы онлайн, теле-курстар, вебинарлар жасалған. Нұр-Сұлтан қаласының мектептері де оқытудың жаңа форматына тыңғылықты әзірленуде. Барлық білім беру ұйымдарында қашықтан оқыту бойынша үйлестірушілер тағайындалып, дайындық жұмыстарын бастап та кеткен. Ең басты мәселе – осы жаңалықты мұғалімдердің өздері меңгеруге тырысып жатыр. Электрондық порталдармен (ZOOM, Skype) жұмыс істеуді, дербес ­компьютерлерде жұмыс істеу бойынша (ДК пайдалану дағдыларын меңгермеген адамдар үшін) педагогтарды оқыту жоспары әзірленіп, жұмысын бастаған. Қалалық Білім басқармасы мамандарының мәлімдеуінше, орта білім беру ұйымдарында қашықтан оқытуды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық әзірленді. Нұсқау­лықта қашықтан оқытудың оқу процесін ұйым­дастырудан бастап, сабақ кестесін бекіту, оқушыларға қашықтан оқуға жағдай жасауға де­йін мәселелер қарастырып, мектеп басшыларына бекітілген. Карантин деп үйде қол қусырып отыруға болмайтынын түсінген мұғалімдер үнемі өздерінің педагогикалық шеберліктерін шыңдаумен айналысып, оқытудың жаңа әдісіне үйренді. Онлайн жүргізілетін болашақ сабақтарға материалдар жинады. Алайда мұғалімдер үшін бұған дейін де цифрлық формат әбден таныс, электронды журнал, электронды күнделік мәселесін меңгергені көмек болғалы тұр. Әйтсе де елімізде тұңғыш қолға алынғалы тұрған жаңа жүйені жүзеге асыру бағдарламаларын жетік білу маңызды.

Компьютер мен ноутбук жете ме?

Қашықтан оқытудан қашуға болмайды. Қазір үйдегі мектеп жасындағы әр баланың оқумен қамтылуы маңызды. Бұған тек мұ­ғалім немесе мектеп басшылығы ғана емес, әрбір ата-ана жауаппен қараған дұрыс. Мысалы, өзінің баласымен қатар отырып, күн сайын электрондық платформаға кіру, Kundelik.kz электронды журналдағы оқушы және ата-аналар кабинетін қарап отыру, сабақ басталғанға дейін алдын ала сабақ өткізілетін электрондық платформаға қосылуын қадағалау және қашықтан оқыту үшін балаларына жағдай жасау – ата-ананың басты міндеті. Ата-аналарға сондай-ақ көмекке ZOOM, Kundelik.kz платформасында жұмыс істеу үшін қадамдық бейненұсқаулық дайындалған.
Осы жерде тағы бір түйт­кілді мәселе бас көтереді. Яғни көпбалалы немесе аз қамтылған отбасы балалары оқытудың осы жүйесіне әзір ме? Бұл бағытта қала әкімдігі мен қалалық Білім басқармасы оқушылардың компьютерлермен қамтамасыз етілуіне және интернетке қол жеткізуіне мониторинг жүргізген. Егер қала бо­йынша 177918 оқушы болса, оның 3785-інде, яғни 2 пайызында компьютер жоқ екен. Осы категорияны қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін бюджеттен қаржы бөліп, 1273 отбасына 1 компьютерден материалдық жауапкершілікке беру, сондай-ақ ғаламторға қосылу үшін флеш-карта сатып алып беру жоспарлануда. Бұған дейін бір сыныпта 40 минут сабақта отырған балаларға қашықтан оқыту қиындық тудырмас үшін нақты жоспар да бекітілген. Қашықтан оқытудың уақыты 10-15 минутқа есептелген. Мектеп мұғалімдеріне осы уақытқа негізделген материалдар пакеті ұсынылды.

Телеарнадағы теле-сабақ

Қашықтан оқытуға отандық телеарналар да үлес қосуда. Енді оқушылар теле-сабақтар арқылы білімдерін шыңдайтын болады. Бүкіл ел үшін бірыңғай кесте бойынша сағат 9.00-ден 15.00-ге дейін республикалық телеарнада: «Балапан» телеарнасында қазақ тілінде білім алушыларға арналған сабақтар, «Еларна» телеарнасында орыс тілінде білім алушыларға арналған сабақтар көрсетіледі. Телеарнадағы сабақ кестесі бір-бірімен жалғасып таратылатындай етіп жасалған. Егер отбасында бірнеше оқушы бала болса, онда әрқайсысы бір-біріне кедергі келтірмей, тек бір компьютерді кезекпен қолданатын болады. Бейнесабақтар, пән мұғалімдерінің конференциялары – 5 минут. Олар кестеге теле-сабақтары мен күн сайынғы сынып сағатын (8.00-8.15) ескере отырып, яғни теле-сабақтарына дейін немесе одан кейін қойылады. Балалар мен мұғалімдерге көмектесу үшін 1-11-сынып оқушыларына сабақ аптасына бес күн сайын таратылады. Қазір күн сайын осы теледидарлық сабақтардың арнайы түсірілімдері болады. Балаларға 2 мыңнан астам теледидар сабақтары дайындалады. Олар GOSO және оқу бағдарламаларына толығымен сәйкес келеді. Теле-сабақтарды Нұр-Сұлтан қаласы Назарбаев зияткерлік мектептерінің, республикалық, халықаралық, жекеменшік мектептердің үздік мұғалімдері тыңғылықты дайындықпен өткізетін болады.

Өзге елдерде бұл үрдіс қалай дамыған?

Бізге әсіресе мектеп оқушыларына әзірге таңсық болып көрінген жаңа жүйе шетелде көш ілгері тұр. Ал енді сол көшті бастап тұрғандар қай ел десек, Еуропада қашықтан оқыту ХІХ ғасырдан бастау алады. Сондай-ақ қашықтан оқыту жүйесі Ұлыбританияда жақсы дамыған. АҚШ-тың жоғары оқу орындарында да бұл жүйе кеңінен қолданылады.
Әрине, қашықтан оқыту – заман талабы. Өзге елдердің оқыту тәжірибесінде қалыпты деп саналған жү­йеге біз де төселеріміз анық. Өйткені білім беру жүйесін жан-жақты ақпараттандырып, қашықтан оқытудың алғышарттары Елбасы ұсынған «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасында айқын көрсетілген. Ендеше уақыт пен жауапкершілік және қашықтан оқыса да мұғалім, оқушы, ата-ана – үш тағанның бірлігі жақын болса, алынбайтын қамал жоқ.

Егер қала бойынша 177918 оқушы болса, оның 3785-інде, яғни 2 пайызында компьютер жоқ екен. Осы категорияны қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін бюджеттен қаржы бөліп, 1273 ­отбасына 1 компьютерден материалдық жауапкершілікке беру, сондай-ақ ғаламторға қосылу үшін флеш-карта сатып алып беру жоспарлануда.

Гүлжан АБАЙҚЫЗЫ

Алтынай ЗАРЛЫҚ, Нұр-Сұлтан қалалық  Білім басқармасының баспасөз ­хатшысы:

– Kundelik платформасында (журнал және күнделік) тапсырмалар мен оқу материалдары орналастырылады, кері байланыс жүзеге асырылады. Мысалы, мұғалімдердің ұсыныстары, ата-аналарды хабарландыру түрінде ақпараттандыру, үй тапсырмасын беру және оны онлайн тексеру, қысқа және кеңейтілген түсініктемелер түрінде кері байланысты жүзеге асыру мақсатында. Бұл бәріне таныс. Ал енді осы платформаны пайдалану үшін ZOOM қосымшасын (онлайн режимінде бейнеконференция) орнату қажет, интернетке шығатын компьютер немесе телефон қажет. Қашықтан оқыту технологиясының негізгі ерекшелігі – оқушылардың өздігінен іздену қызметін ынталандырады. Қашықтан оқыту форматына көшу үшін білім беру ұйымдарына мынадай электрондық платформалар ұсынылды: Kundelik.kz, ZOOM, Coursera, GoogleClassroom, Hangouts, Kundelik, Moody, Bilimland, Ustaz.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five + thirteen =