Қашықтан оқытудың қыры мен сырын меңгерсек

0 100

Елімізде орын алған карантин режиміне байланысты бірінші рет қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Бастапқы сәттерде қашықтан оқытуға машықтанбағандықтан оқушы үшін де, мұғалім үшін де қиындықтар туындағаны анық. Дегенмен жаңа форматты тез қабылдап алдық деуге негіз бар. Қашықтан білім беруде «Кundelik.kz» арқылы, «BillimLand», «Daryn.Online», «Classroom» платформалары арқылы тапсырмалар жүктелініп, тексеру, кері байланыс жүргізіліп, оқушыларға «ELARNA», «БАЛАПАН» телеарналарынан телесабақтар көрсетілуі жаңа тақырыпты меңгеруге үлкен септігін тигізді.
Төртінші тоқсанда қашықтан оқытумен жұмыс жасай отырып, осы жүйенің ыңғайлы тұстарына тоқталып өткім келеді. Бастапқыда мұғалімнің алдында білгенін ашық айта алмайтын ұяң оқушылардың ойын ашық айтып, ашылып жатқаны байқалды, мұғалімдер ақпараттық технологияларды толық меңгеру тәжірибесіне өтті. Оқыту платформаларында дайындалған сабақтар, тəжірибелер, əзірлемелер жас мамандарымызға өз ісінің мықты маман болуларына үлкен мүмкіндік туғызды. Сол сияқты қашықтан оқыту жүйесі балаға өзінің жауапкершілігін сезіндірді, өзін-өзі басқаруға тəрбиеледі. Үйде отырып-ақ ізденісі мықты бала өзін-өзі шыңдай алатынына көз жеткіздік. Ата-ана мен ұстаз арасындағы қатынас нығайды. Мұғалімге де, оқушыға да оқу жүйесінің жаңа форматын қалай меңгеру керектігі үйретілді. Осы кезеңде мен өзіме, жұмысыма қатаң жауапкершілікпен қарадым. «Ұстаз – шəкірт айнасы» демекші, шəкірт алдындағы ұстаздың басты міндеті түр-тұлғасының мінсіз болуы. Сондықтан оқушылармен онлайн байланысқа шыққанда өзімнің сырт келбетіме, сөйлеу мәнеріме мəн беруді басты міндетім деп алдым. Міндетті түрде онлайн сабақ беретін уақытымда өзімді оқу кабинетінде жүргендей ұстадым. Сабаққа қажетті эстетикалық талғамға сай жасалған видеороликтерімді, дайындаған слайдтарымды, жазбаларымды оқушыларға ұсындым. Шын пейіліммен кірісіп сабақ үйретіп жатқанда экранның ар жағындағы оқушыларым да соны сезіп, олар да шынайы сабақ оқуға кірісті.
Қашықтан оқу бойынша жұмыс мектеп әкімшілігі тарапынан жүйелі ұйымдастырылды. Қашықтан оқу жөнінде ата-аналардан, оқушылардан сауалнамалар алынып, қателіктері мен ұсыныстары ескеріліп отырылды.
Қашықтан оқу барысында өз оқушыларыммен тек білім берумен айналысып қоймай, конкурстарға қатысып, тәрбие беру бағытында бірнеше жұмыстар жасалды.
Қашықтан оқу кезіндегі демалысымыз пайдалы іспен басталды. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Балалар мен жасөспірімдердің туризм және өлкетану орталығы» МКҚК Халықаралық құстар күніне арналған @yuntur_astana парақшасының ұйым­дастыруымен «Құстарды сақта!» онлайн акциясына орай қанатты достарымызға арнап 2 «Г» сынып оқушысы Жақсылықов Дәулет өз қолымен жемсауыт жасап, өз үлесін қосты. Бұл бастамамызды эстафета қылып №87 мектеп-гимназия оқушыларына жолдадық. Барлық сыныптар белсенділік танытып, өз үлстерін қосты.
12 сәуір күні адам баласының ғарышқа ұшқанына 59 жыл толуына арналған, Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Zoоm» платформасы арқылы тәрбие сағаттары өткізілді. Абай Құнанбайұлы атындағы мектепте оқып, біліммен сусындап отырғандықтан, «Ақырын жүріп анық бас!» деген тақырыппен 2 сынып бойынша әлеуметтік жобамыз өз жалғасын тапты. Оқушылар «Жүргізушіге хат» атты жолдау жазды, ата-аналар да жобаға атсалысып, балаларымен бірге жол ережесіне байланысты видеороликтер түсірді. Жол ережесіне байланысты суреттер салынып, слайд ұсынылды. Жоба бойынша жасалған жұмыс ғаламторда жарияланды.
Отан қорғаушылар күніне байланысты аталарымызды, әкелерімізді, сыныптағы ұлдарды құттықтауға арналған тәрбие сағаты өткізілді. Бүгінгі ұрпақ аға буын ардагерлер танытқан каһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзесін деген мақсатпен осынау ерлікке толы 9 мамыр – Жеңіс күні күніне орай «Мен батырдың ұрпағымын» атты тәрбие сағаты ұйымдастырылды. Тәрбие сағатында оқушылар да­йындаған тақпақтарын, өлеңдерін оқыды, тақырыпқа байланысты суреттерін салды. Сыныптағы соғысқа қатысқан ата-әжелері бар оқушылар өз ардагерлерінің ерліктерін мақтан тұтып, ата-анасымен бірге слайд, видео жасап сыныптастарымен бөлісті. «Музей в чемодане» атты челленджге қатысып, өз үлесімізді қостық. Дайындалған материал ғаламторда жарияланды.
15 мамыр – Отбасы күніне орай тәрбие сағаты өткізілді. Оқушылар өз отбасымен бірге суретке түсіп жіберді. Кейін суреттерден слайд жасалып ата-аналар мен оқушыларға ұсынылып, ғаламтор желілерінде жарияланды.
Сондай-ақ «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Кенгуру» атты халықаралық зияткерлік математикалық бағыттағы конкурсқа қатысып, оқушыларымыз Асылхан Қасенов – І орын, Әсел Жанарбекқызы – ІІ орын, Нұрділдә Тәттімбет – ІІІ орын, Әділжан Мұқаметқазы – ІІІ орын, Азат Капизов III орын сертификаттары мен ­дипломдармен марапатталды.
Мектебіміздің ұстаздарымен бірге қашықтан оқу кезінде # Біз біргеміз, #Біз үйдеміз деген үндеумен «Мен ұстазбын» деген тақырыпта ән шырқалды. 7 мамыр күніне орай қашықтан айбынды ер-азамат әріптестерімізді құтықтап, өлеңдер жолдап, ән тарту еттім. 9 мамыр күні мектебіміздің атынан әріптестеріммен бірге ардагерлерімізді құттықтап, өлең жолдарын жолдадым. Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған онлайн бәсекелестік сайыста ІІІ орын алдым. «KIO» қазақстандық интернет-жобасына қатысып, аудан бойынша ІІ орын грамотасымен және қатысқаным үшін сертификатпен марапатталдым. «Қашықтан оқуды ұйымдастыру» атты онлайн вебинарға қатысып, сертификатпен марапатталдым. «www.orleu» порталында онлайн еңбек «Біз біргеміз, біз үйдеміз» атты бейнеролигімді жариялап, сертификатпен марапатталдым.
Қорыта келгенде, қашықтан оқыту технологиясы оқыту жү­йесін құрудың жаңа мүмкіндіктерін береді. Бұл жүйе оқытушының жұмыс­тарын, жеке қызығушылықтары мен сұраныстарын ескереді. Білім беру жүйесінің ортасында оқушы тұратынын ескерсек, оқыту жүйесі тұтасымен өзгереді. Оқытушы оқушыға арналған өзіндік жұмыстарды ұйым­дастырумен шұғылданады. Қашықтан оқыту технологиясын қолдануда оқытушының рөлі арта түседі және өзгереді. Қашықтан оқыту жүйелі және тиімді қамтамасыз етіледі.
Оқу жылын сәтті аяқтап, жазғы демалысымыз көңілді өтіп, жаңа оқу жылына жаңа күшпен оралайық демекпін.

Айжібек СМАҒҰЛ,
Нұр-Сұлтан қаласы
Абай Құнанбайұлы атындағы
№87 мектеп-гимназияның
бастауыш сынып мұғалімі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 1 =