Қашықтан оқыту қалай әсер етуде?

0 96

Қазіргі таңда әлемдегі жағдай білім беру саласының алдына күрделі мәселелерді шығарды. Осыған байланысты Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің басшылығымен жоғары білім беру саласы онлайн оқыту мен қашықтан оқыту жүйелерін өз қызметтерінде толық сынақтан өткізіп, әлеуметтік оқшаулану жағдайында жұмыс істеуді бастап кетті.

Тарихымыздың ең бір қиын-қыстау кезеңінде Ахмет Байтұрсынұлының «Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек» деген сөзі қазір тіптен өзекті болып отыр. Тәж вирусы қоғамды жаңа сипатқа енгізді, бұрын үйреншікті болған көптеген жайттарға адамдардың көзқарасы, қарым-қатынасы түбегейлі өзгеріске қарай бет алуда.
Біздің елдігіміздің ең басты көрсеткіші қазақ тілінің жағдайы да экономикамен бірге жұртшылықтың назарынан тыс қалмақ емес. Өйткені тіл, жер, ел мәселесі – бір-бірінен ажырамас мемлекеттік маңызы бар түйінді тұжырымдар. Індет пен эконмикалық дағдарыс жағдайында біз, ең алдымен, тілімізді, салт-дәстүрімізді, рухани құндылықтарымыз­ды сақтап қалу, дамыту арқылы ұрпақ жалғастығын үзбей, мемлекетіміздің мәңгілігі жолында аянбай күресуіміз қажет. Өйткені тіл бар жерде ұлт бар, ұлт бар жерде мемлекет бар. Сондықтан жоғары білім берудің басты міндеті – өз саласында талмай ізденіп, үнемі өзін-өзі жетілдіріп отыратын, өз тарихын, мәдениетін, дәстүрін, яғни өз тамырынан нәр алған жаңа заманға бейімделген саналы жастарды ел экономикасы мен мемлекеттілігін нығайтуға бағыттау.
Жоғары оқу орындары қазақ тілін онлайн оқытуды ұйымдастыруда еліміздің стандарттық деңгейдегі білім беру әдісіне сүйенеді. 2013 жылы қазақ тілін оқытудың стандарттехнологиясы дайындалып, тіл үйрету қарапайым пайдалануды қамтамасыз ететін А1-А2 деңгейлері бойынша, дербес пайдалануды қамтамасыз ететін В1-В2 деңгейлері бойынша және іскерлікпен пайдалануды көздейтін С1-С2 деңгейлері бойынша мемлекеттік тілді оқытудың көп деңгейлі жүйесі жасалған. Қазір бұл бағыттағы білім қашықтықтан және онлайн режимде ұйымдастырылып отыр.
Қашықтан оқыту мен онлайн оқытуда ең алдымен, профессор-оқытушы құрам сапалы контент дайындап алуы маңызды. Қазіргі таңда мектеп оқушыларына ұсынылып отырған материалдар Bilim Media Group компаниясы арқылы әзірленуде. Бұл компания – Қазақстандағы электронды оқыту нарығын дамытушы инновациялық компания. Сонымен қатар қазақ тілінен білімдерін бағалау ҚАЗТЕСТ жүйесі арқылы жүргізіліп, әдіс­темелік қолдау көрсетіледі. ҚАЗТЕСТ жүйесі ҚР азаматтарының және еліміз аумағында әртүрлі қызмет түрлерімен айналысатын шетел азаматтарының қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі ретінде 2006 жылы Ұлттық тестілеу орталығының базасында құрылған. Ол халықаралық тілдік білімді бағалау жүйелерінің, атап айтсақ, TOEFL, IELTS (ағылшын тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі), TÖMER (түрік тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі), ТРКИ (орыс тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі) сияқты жүйелердің қағидаттары мен талаптарына негізделген, азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың отандық жүйесі. Soile.kz – қазақ тілін онлайн оқытуға арналған тегін платформа.
Көріп отырғанымыздай, мемлекеттік тілді онлайн немесе қашықтықтан оқыту платформалары мардымсыз. Биылғы төтенше жағдай кезінде бұл түрдегі оқыту жүйелеріне айтарлықтай салмақ түсті. Сондықтан бұл жаһандағы оқыту жүйесін әлі де жетілдіру міндет саналады. Мәселен, елімізде қашықтықтан оқыту жобасы енгізілген де Қазақстан zoov онлайн оқыту жүйесін таңдады. Алайда бұл жүйенің де көптеген кемшіліктері бар екені байқалып жатыр. Міне, осы жағдайлар Қазақстанда отандық мамандар жасаған онлайн оқытудың дербес жүйесін жасаудың маңыздылығын ескертті. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс жандануы қажет, ең алдымен, жобалар байқауы арқылы мемлекет тарапынан немесе демеушілер тарапынан осындай жобаларға қолдау білдіру, оларды белсендіру маңызды.
Қашықтан немесе онлайн оқытуда тілдік дағдыларды дамытуда сапалы контент құрастыру, оларды модульдік жүйе бойынша құрылымдау ең басты міндет болып табылады. Бағдарламаға сәйкес контент құрастыруда практикалық сабақта қолданылатын ресурстарды іріктеп алу да маңызды. Контент мазмұны сапалы, құндылықтарға бағдарланған, түсінікті де қолжетімді болуы шарт. Біздің тәжірибемізде қашықтан оқыту мен онлайн оқыту бір жүйе ретінде құрылды. Студенттер бұл жүйеге тез бейімделді деп айтуымызға толық негіз бар.
Тілдік дағдыларды дамытуда сандық технологиялар төтенше жағдайда білім алудың басты көмекшісі болып отыр, дегенмен адамдардың жанды қарым-қатынасы мен шынайы сезімдерін бөлісуді ешбір құрал алмастыра алмайды. Сондықтан да төтенше жағдайдың тезірек аяқталып, университеттік орта ұстаздар мен шәкірттердің өз дәрісханаларына аман-есен оралуын сағынышпен күтеді. Бұл төтенше тәжірибе сабағы бізге білім беру саласында ақпараттық технология­лардың үлесі уақыт өткен сайын арта түсетінін және осындай талаптарға еліміздің барлық салалары сақадай-сай дайын болуы керектігін мықтап үйреткенін мойындауымыз керек.

Гүлнар НИҒМЕТҚЫЗЫ,
«Тұран-Астана» университетінің
оқытушысы, филология
ғылымдарының кандидаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + 13 =