Қашықтан оқыту мүмкіндіктері

0 23

Жаңа оқу жылы коронавирус пандемия­сына байланыс­ты қашықтан оқу форматында басталады. Осыған орай, елордалық ұстаздар қашықтан оқытудың жаңа мүмкіндіктерін меңгеруде.Білім басқармасы оқу жылының сәтті басталуы үшін дайындық жүргізіп, қажетті шаралар қабылдауда, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Білім беруді жаңғырту орталығы онлайн сабақ өткізуге арналған бірнеше виртуалды платформа ұсынды. Бүгінде қаланың барлық мектебі Daryn Online, Bilimland платформаларымен келісімшартқа отырған. Қазіргі таңда ұстаздар интерактивті құралдар мен технология­ларды, бейнесабақтарды пайдалануды меңгеруде. Маусым айында іске қосылған екінші онлайн платформа ұстаздардың өзара тәжірибе алмасуына, әдістемелік көмек көрсетуге арналған. Әр жұма сайын үздік ұстаздар белгілі бір тақырып бойынша онлайн конференцияда өз тәжірибесімен бөліседі. «Педагогикалық тәжірибе алаңы» барлық ұстазға қолжетімді. Білім беруді жаңғырту орталығы директорының орынбасары Сындар Дауешова тәжірибе алмасу мақсатында Кембридж университеті профессорларымен байланыс орнатылғанын атап өтті. Жақында іске қосылған үшінші онлайн платформа ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған. Academia.kz педагогикалық шеберліктің виртуалды зертханасы арқылы мұғалімдер түрлі курстардан өтіп, сертификат алады. Виртуалды зертханада Назарбаев зият­керлік мектептері мен еліміздегі ең үздік ұстаздарының авторлығымен енгізілген курстар жинақталған. Қазірдің өзінде бес мың маман онлайн сертификат алып үлгерді. Нұр-Сұлтан қалалық Білім беруді жаңғырту орталығы тамыз айында «Цифрлық педагогика: оқыту және тәжірибе» тақырыбында онлайн-оқыту өткізуді жоспарлап отыр. Онда 12480 мұғалім қамтылатын болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 5 =