Қашықтан оқыту кімге қиын?

0 49

Жақында «Қашықтан оқыту  –  оқушылар мен ата-аналар үшін жаңа тәжірибе» тақырыбында онлайн-брифинг болып өтті. Онлайн форматта өткен жиынға бала тәрбиесіне тікелей жа­уапты әрі қоғамда беделі бар ата-аналар, ұстаздар қатысты. Сөз тізгінін алған ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Таңатқызы қашықтан оқытудың екінші аптасын қорытындылап, жаңа форматта оқыту кезеңінде министрлік үшін ата-аналар­дың ой-пікірлерін білу маңызды екендігіне тоқталып өтті.

Оқу мен ойын…

Басқа басқа, ойын бала­сының үйден шықпай карантинде отырғанына айдың жүзі болды. Баланың ең шығармашылық жұмысы ойын екенін ескерсек, әрине, қиын. Балаға түсіну қиын, ата-анаға ойынпаз баланы ұстау оңай емес. Тіпті қазір оқу басталғалы баланың бар зейінін сабаққа бұру да кей отбасы үшін жеңіл болмай тұр. Өйткені карантинге де­йін аптаның бес күнінде 24 сағаттың жарымы мектепте өтетін бала үшін үйден сабақ оқу жауаптылықты азайтса керек. Осылай деп ата-аналар өздері дабыл қағып жүр. Ал енді балаға күштеп білім беруден гөрі, оның білімге деген құштарлығын ояту. Міне, қазір ең маңыздысы осы боп тұр. Қашықтан оқыту басталғалы білім қызметкерлері де қарап жатқан жоқ. Әр аптаның соңында оқу нәтижесін мұғалімдердің өздерімен, ата-аналармен, қоғам белсенділерімен, жауапты мамандармен талқылап, кемшіліктерді жетілдіруге, ұсыныстарды талқыға салуға және қорытынды шығаруға жұмыс жасап келеді.

Шолпан КАРИНОВА,
ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

– Екі аптаның қорытындысы көрсетіп отырғандай, мұғалімдер мен оқушылар қашықтан оқытудың бірнеше форматын пайдалануда. Теледидар арқылы ұйымдастырылған сабақтар өз тәртібімен жүріп жатыр, мұғалімдер мен оқушылар арасында кері байланыс орнатылған. Бүгінгі таңда оқушылар, мұғалімдер және білім беру процесінің басқа да қатысушылары «BilimLand», «Daryn.online», «Kundelik» платформаларында асқан белсенділік танытып келеді. Сондай-ақ білім беру платформалары түске дейінгі кезеңде көп пайдаланылатындығын көріп отырмыз. Қашықтан оқыту форматы осы екі аптаның ішінде бір жүйеге келді. Орын алған қандай да бір мәселелер шешіліп, мұғалім мен оқушы арасында кері байланыс орнатылды.

Жаңа мүмкіндіктер алаңы

Қазіргі пандемия жағда­йына қарамастан, бала бі­лім­нен қол үзбеу керек. Үкімет еліміздің оқушыларына осы мүмкіндікті жасады деді әрі журналист, әрі ана ретінде пікір бідірген Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы.
– ЮНЕСКО мәліметі бойынша қазір әлемде 1 млрд 400 млн-ға жуық бала мектепке бара алмай отыр. Бірақ бала білімнен қол үзбеуі керек. Карантин басталған кезде балаларды оқыту форматына қатысты Үкімет тарапынан қабылданған шешімдермен келісемін. Балалар мерзімінен ерте демалысқа жіберілді. Білім және ғылым министрлігі ақылы сайттарды тегін қылып, жаңа мүмкіндіктер берді, – дей келе, Нәзия Жоямергенқызы бұл карантин, әсіресе, Білім министрлігіне үлкен сын болғанын жеткізді. Соған қарамастан кемшіліктер дер кезінде шешімін тауып отырғанына ата-ана ретінде ризашылығын да білдірді.Ата-аналар жиналысын онлайн өткізсек…

Ал танымал тележүргізуші Гүлназ Әлімгерей министрлік өкілдеріне ата-аналар жиналысын онлайн жүйеге ауыстыру туралы ұсыныс білдірді.
– Жалпы, кез келген киын­дықтың артық­шы­лықтары болады, осындай кезде оның жақсы жақтарын көре білу керек. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде философтар, ақылды болып көрінетіндер көбейіп кетті. Мұғалім, полицей, дәрігерлерді бұрын көпшілік менсіне қоймайтын. Карантиннің арқасында, керісінше, осы мамандардың қадірін түсіне бастадық, – деді Гүлназ Әлімгерей. Сонымен қатар тележүргі­зуші онлайн білім алу жүйесі дипломы бар, ақыл тоқтатқан, техниканы жақсы меңгерген, уақыты тығыз адамдарға қосымша білім алуға жақсы мүмкіндік екенін атап өтті және 2 баланың анасы ретінде ата-аналар жиналысын онлайн өткізуді де ұсынды.
Онлайн пікірталасқа шалғайдағы облыс мұғалімдері де қосылды. Химия пәні бойынша мұғалімдер арасындағы әлемдік байқауда үздік деп танылған маңғыстаулық Жігер Телеуханов қашықтан оқыту ұстаздарға үлкен білім беру платформасын дайындауға мүмкіндік бергендігін айтты.
– Мектеп мұғалімдерімен бірігіп мектебіміздің оқу­шыларына видеосабақтар түсіріп жатырмыз. Одан басқа, қазір өте жақсы таралып жатқан челлендж арқылы үйдегі бар мүмкіншілікпен химиялық заттарды тексеріп көруді бастадық. Мысалы, үйде сабын, сусабын, кір жуғыш заттар жасауға болады. Мұның бәрі химия болғанмен, 50 пайызы – мектеп бағдарламасы, – дейді Жігер Телеу­ханов.
Маңғыстаулық мұғалімдер стабилизатор, ароматизатор, эмульгатор, бояғыштардың зиянын Instagram әлеуметтік желі­сінде хештегпен белгілеп, өзара челлендж жасап, бір-біріне жіберуде. Оны әр оқушы түсінгені бо­йынша орындап, өз ойы­мен ­дискриптер арқылы жасауға тырысады. Конференция барысында химия пәнінің мұғалімі әріптестерін креативті болуға, сондай-ақ әлеуметтік желілердің көмегімен баланы қызықтыратын әдіс­терді ойлап табуға шақырды.Баға үшін емес, сапа үшін оқуды түсінді

Мектеп жасындағы үш баланың әкесі, блогер Алмас Тоқабаев қашықтан оқыту басталғалы ата-­аналар баласы баға үшін емес, сапа үшін оқуы керек екенін түсіне бастағандығын айтты.
– Қазір үш балам бір мектепте оқыса да, ­үшеуі әртүрлі әдіспен оқиды. Мысалы, 1-сыныптың баласына мұғалімі сабақты түсіндіріп, арнайы видео жазып жібереді. Ал 3, 4-сынып оқушылары «Bilimland.kz»-те жеке кабинеттерінде жүктел­ген тапсырмаларды орын­дап, мұғалімге жібереді. Мұғалімі бағасын «Kundelik.kz»-ке жүктеп қояды. Бала жүйеге кіріп, алған бағасын көргеннен кейін өз бетімен оқу керек екендігін, мектепке бармаса да, мұғалімнің бақылауында екенін жақсы түсінді. Елімізде қашықтан оқыту басталғалы балалар сабақты өз бетімен орындап, уақыттарын дұрыс ұйымдас­тыруды үйренді, – деді Алмас Тоқабаев. Конференция барысында Алмас Тоқабаев министрлік өкілдеріне Назарбаев университеті, КБТУ, KIMEP сияқты университеттерде шет мемлекеттен келіп білім беретін танымал ғалымдардың лекцияларын басқа қалалардағы студенттер де көре алатындай қолжетімді болса деген ұсынысын да жеткізді.
Қоғам қайраткері Мұрат Әбенов қашықтан оқыту арқылы мұғалімдердің мәртебесі өсуі керек деген ой айтты. Жаны бар ой. Елімізде енді әнші, актер емес, мұғалім жұлдыз болатын күн туды. Білімді, сауатты, креативті ұстаз ғана қоғамдағы беделін қалыптастыра отырып құрметке ие болмақ. Эфирден сабақ берген мұғалімді оқушы ғана емес, қоғам мақтан ету керек. Ол үшін, әрине, жауаптылық пен сауаттылық ауадай қажет.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten − six =