Қашықтан оқыту ерекшеліктері

0 2  180

Биыл жаңа оқу жылында елорда мектептерінде 202 мыңдай оқушы оқитын болады. Өткен оқу жылында 182279 оқушы білім алған еді. Ал бүгінге дейінгі дерек бойынша 1-сыныпқа 27 мыңнан аса оқушы қабылданбақ, әзірге 12453 өтініш берілген. Құжаттарды қабылдау электрондық үкімет – egov.kz порталы арқылы және қағаз түрінде мектептерде жүргізіліп келеді.Өткен оқу жылының соңғы тоқсаны еліміздегі оқушылар мен педаготар және ата-аналар үшін сын кезеңі болды. Төтенше жағдайға байланыс­ты қашықтан оқыту форматы біраз мәселенің бетін ашты. Сондай-ақ ол елдегі цифрландыру мен интернет жүйесін әлі де жетілдіру керектігін көрсетті. Осы орайда білім беру жүйесі де біраз қиындықты бастан өткерді. Енді биыл жаңа оқу жылы қайтадан қашықтан оқыту форматында жалғаспақ. Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырованың айтуынша, 1 қыркүйекте жаңа оқу жылы барлық елордалық мектептер және колледждерде қашықтан оқыту форматында басталады. Бұл ретте қатаң санитарлық шараларды сақтай отырып, бастауыш сыныптың оқушылары үшін «кезекші сыныптардың» жұмысы жоспарланып жатқандығын да айтты. Оқу бірнеше ауысыммен жүзеге асады. Сыныптар кіші топтарға бөлінеді. Ол топтарда оқушы саны 10-15 тен аспайтын болады. Сабақтар бір кабинетте өткізіліп, үзіліс әртүрлі уақыттарда болады. Сонымен қатар, сабақтардың бір бөлігі қашықтан жүргізіледі. Әрине, барлық санитарлық шаралардың сақталуы – басты міндеттердің бірі.
– Бекітілген санитарлық талаптарды сақтай отырып, кезекші топ жаңа оқу жылында тек бастауыш сыныптар үшін жұмыс жасайтын болады. Өйт­кені барлық ата-аналарды алаңдатып отырған сұрақтың бірі алдағы қашықтан оқытудың қалай өтетіні екені түсінікті. Ал енді қашықтан оқыту үшін ең алдымен педагогтар мен оқушылардың компьютер және интернетпен қамтамасыз етілуі маңыз­ды. Сондықтан оқушының және мұғалімнің компьютер мен интернетке қажеттілігіне мониторинг жүргізілді. Қажетті құралдар сатып алынатын болады, – деп уәде етті ведомство басшысы.
Осы ретте техниканы қажет ететін аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға міндетті түрде компьютерлер және роутерлер беріледі. Айта кетейік, мұндай қажеттілікке мұқтаж боп отырған қала бойынша аз қамтылған отбасынан 6994 оқушы, 689 жетім бала, 4377 ерекше білім беру қажеттілігі бар бала және аз қамтамасыз етілгендер санатына кірмейтін көпбалалы отбасылардан шыққан 20000 бала бар.
Жаңа оқу жылында оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету жұмыстары да тыңғылықты жүргізілуде. Оқушылар оқулықтарды 1 қыр­күйекке дейін толық алады.

Педагогтар икемделіп жатыр

24 тамыздан бастап білім беру ұйымдарының 9958 педагогы Назарбаев зияткерлік мектептерінің Педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген «Қашықтан оқытуды үйренемін» атты онлайн-курста оқитын болады. Курс 5 модульден тұрады. Яғни 1-модуль – «қашықтан оқыту ерекшеліктері», 2-модуль – «оқуға тарту», 3-модуль – «ақпараттық-техникалық құралдары», 4-модуль – «кәсіби ынтымақтас­тық», 5-модуль – «ата-аналарды педагогикалық қолдау» 40 академиялық сағаттан тұратын курс тыңдаушыларға өз бетінше оқудың уақыты мен қарқынын таңдауға мүмкіндік береді. Бұл курстар Stepik білім беру платформасында өтеді. Шолпан Маратқызы онлайн-курстың әрбір тақырыбы мұғалімдердің өз бетінше зерделеуі үшін өзекті материалдар мен ресурстарды қамтитынын айта келіп, курс­қа қатысушылар қашықтан оқытудың ерекшеліктері мен түрлерін зерттеу­ді, онлайн сабақтардың оқу үдерісін жоспарлауды және оқу жетістіктерін баға­лау­ды ұйым­дастыруды үйренеді деді. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының білім беруді жаңғырту орталығы тамыз айы­ның 1-інші және 2-аптасында «Цифрлық педагогика: оқыту және тәжірибе» тақырыбында онлайн-оқыту өткізуді жоспарлап отыр. Оған 12480 педагог қатысады. Оның ішінде 2562 мектепке дейінгі білім беру педагогтары, жалпы білім беру мектептерінен 9036 мұғалім, ТжКБ-дан 882 мұғалім бар. Қалалық Білім басқармасының басшысы брифинг барысында тағы бір жаңалыққа назар аударды:
– Майкрософт компаниясының бірінші және жалғыз авторизацияланған серіктесі Knowledge Engineering компаниясымен бірге білім беру ұйымдарының 5987 (47 пайыз) педагогтарына платформа мүмкіндіктерін тиімді пайдалану бойынша вебинарлар өтеді. Вебинар «Білім беруге арналған интер­активті құралдар. Мұғалім білуі тиіс технологиялар» деген бағдарламалық модуль бойынша өткізілмек.
Педагогтар 4-тоқсаннан бастап қазіргі уақытқа дейін Academia.kz педагогикалық шеберліктің виртуалды зертханасында білімдерін жетілдіруде. Виртуалды зертханада педагогика, психология, ақпараттық-коммуникация­лық технологиялар және т. б. мәселелер бойынша ең өзекті онлайн-курстар топтамасы ұсынылған. Сондай-ақ үздік педагогтардың тәжірибесін жинақтау арқылы жаңа әдіс­темесі бар педагог-зерттеу­шілер мен педагог-шеберлер зертханасын құру да жоспарланып отыр.
Білім жүйесінде пандемияға дейін іске асу керек жүйелерге өзгеріс енгені рас. Бүгінде білім беруді жаңғырту орталығы «Астаналық электрондық мектеп» электрондық платформасын әзірлеуде, онда қысқамерзімді сабақ жоспарлары, бейнесабақтар, білім беру цифрлық ресурстары және т. б. орналастырылады. Ал бұған дейін, яғни маусым айынан бастап yardstream арқылы жүзеге асырылатын үнемі ашық «Педагогикалық тәжірибе алаңы» жұмыс істеп келеді. Мұнда елордалық мұғалімдердің тәжірибесін көруге болады.

Техникалық және кәсіптік білім беру

Елордада 12 мемлекеттік, 10 жекеменшік колледж бар. Бұл колледждерде алдағы оқу жылында 8000 студент және 13 мамандық бойынша ерекше білім алу қажеттілігі бар 139 білім алушы қабылданбақ. Жаңа оқу жылын колледждер де қашықтан оқу форматында бастайды. Дәстүрлі формат санитарлық нормаларды сақтай отырып, бірінші және бітіру курстарының білім алушылары үшін өндірістік оқытуды, кәсіптік практиканы ұйымдас­тыру кезінде жеке кесте бо­йынша жүзеге асады. Колледждерге құжаттарды қабылдау 20 маусымнан басталды. Енді 25 тамыз­ға дейін (жұмысшы кадрлар үшін 27 тамызға дейін) «электрондық үкімет» www.egov.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ колледждің қабылдау комиссия­сы қағаз түрінде өтініштерді де қабылдайды. Бүгінде 3589 құжат қабылданған. Басқарма басшысы өз сөзінде колледждерде кадрларды даярлау 77 мамандық және 122 біліктілік бойынша жүзеге асырылатынын айта келе, 2020-2021 оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысы 4652 орынға 22 орналастырылған, оның ішінде жергілікті бюджет есебінен 3602 орын, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 1050 орын деді.

Мұғалімдер жетіспейді

Білім беру ұйымдарын кадрлармен қамтамасыз ету бойынша Жол картасы жасалып, бекітілді. Оның аясында республиканың ЖОО-мен және ТжКБ-мен жұмыс жүргізіледі.
Елордаға педагогтарды тарту үшін университет түлектерімен онлайн-кездесулер жүргізу жұмыстары жалғасуда. Елордалық мектептердің басшылары, балабақша меңгерушілері Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті өткізген онлайн еңбек жәрмеңкелеріне қатысты. Ал бұл оқу орындары enbek.kz порталында үміткерлерді (соның ішінде аймақтардағы жұмыс істейтін мұғалімдерді) қарастыруда, бүгінгі таңда 300-ге жуық тү­йіндеме қарастырылуда.
Жыл сайын білім беру саласындағы мамандар ЖОО көптеп аяқтаса да, педагогтық құрамға деген қажеттілік бар. Әсіресе орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдері, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері жеткіліксіз екендігін айтып өтті.
– Қазіргі уақытта бос жұмыс орындарының HRPortal кадрлық порталы бар, онда білім беру ұйымдарында жұмыс істеуге ынталы кез келген адам бос жұмыс орындарына тіркеліп, өтініш бере алады. Бүгінгі таңда 100 түлек түйіндемелерін елордалық мектептерге жұмысқа тапсырды, осы бағыттағы жұмыс жалғасуда, нәтижелері бойынша 1000-ға дейін жас маман тарту жоспарлануда, – деді Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова.
Осы орайда әлеуметтік қолдау ретінде өткен жылы 242 педагогикалық қызметкерге «7-20-25» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатысу үшін атаулы құны 1 ­миллион теңге болатын тұрғын үй сертификаттары түрінде әлеу­меттік көмек берілді. Бағдарламаға қатысушылар жаңа салынған және қайталама тұрғын үй нарығынан пәтер таңдауға мүмкіндік алды. 2019 жылы 350 жас педагог үшін жайлы жатақхана ашылған болатын. Мұндай әлеуметтік қолдаулар биыл да жалғасатын болады.

Жаңа оқу жылында – жаңа мектеп

Елорда тұрғындарының жыл сайын өсуі оқушылардың да көбеюіне әсер етуде. Астанада мектеп құрылысына деген сұраныс жоғары. Өкінішке қарай, қала мектептерінің жүктемесі мөлшерден тыс, оған үш ауысымда оқытатын мектептердің жұмысы дәлел. Осындай қиындықтардың түйіні біртіндеп шешілуде. Биыл 10100 оқушыға арналған 14 нысанды іске қосу жоспарлануда, оның ішінде 7000 орынға арналған 8 мектеп, 3100 орынға арналған жұмыс істеп тұрған мектептерге жалғап салынған 6 нысан бар. Алдағы уақытта мектептердің жүктемесін азайтып, білім беру жүйесінің бір ізге түсуіне бұл да үлкен мүмкіндік болары сөзсіз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − 8 =