Қашықтан оқып, тіл үйрен!

0 76

ҚР Мәдениет және спорт министр­лігі Тіл cаясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының қол­дауымен еліміздегі тіл оқыту орталықтары қазіргі жағдайға байланысты мемлекеттік тіл және басқа да тілдерді қашықтан оқыту шарасын бастады.Бұл шараның мақсаты – карантин кезінде ересек азаматтарға мемлекеттік және өзге тілдерді онлайн режимде инновациялық әдістер арқылы тегін оқыту, электронды оқу құралдарымен қамтамасыз ете отырып, тіл үйренуге арналған ІТ бағдарламалар мен платформалар арқылы өздігінен оқуға шақыруды көздейді.
Қашықтан білім беру оқытудың айрықша технология­сы деген сөз емес, бұл, ең бірінші кезекте, «аудитория­да ғана оқу» секілді қалыптасқан қасаң түсініктің тар ауқымынан шығуға мүмкіндік береді. Сондықтан еліміздің түкпір-түкпіріндегі орталыққа қарасты тілдерді дамыту, оқыту орталықтарының қазіргі қашықтан оқыту режимі туралы ізденісін пандемия жағда­йындағы еріксіз мәжбүрлілік деп емес, қайта осы шекке дейін бұл салада жинақталған мол тәжірибені кеңінен қолданудың жан-жақты мүмкіндігі ретінде қабылдауға болады.
Осы сала бойынша қызмет жасайтын 98 оқыту орталығы бүгінгі таңда қашықтан оқыту үрдісін «Қашықтан оқып, тіл үйрен!» шарасы аясында жалғастырып отыр.
Әрбір жергілікті жердің байланыс мүмкіндігі ескеріліп, ынта білдірушінің ыңғайына қарай таңдау еркі қарастырылған. Zoom, WhatsApp, Skype, Google Classroom, Тelegram, Instagram платформалары арқылы тікелей онлайн сабаққа қатысып, онлайн сабақ жазбасын алу мүмкіндігі де қарастырылған. Тілді өз еркімен үйренгісі келетін азаматтарға арналған Tilqural.kz сайты жұмыс істейді. Сондай-ақ электронды оқу құралдары мен қажетті ақпаратты электронды поштамен алуға болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 4 =