Қашықтан оқу басталды

0 71

Сонымен, кеше төртінші тоқсандағы сабақ басталды. Тек оқушылар сөмкесін асынып мектепке бармайды. Қолда бар гаджетке үңіліп, одан қалса телеарнаға жүгініп, білім алуды жалғастырады. Елордада 182 мың оқушы төртінші тоқсанда үйде отырып сабақ оқитын болды.«Болғанынан боладысы қызық тойдың» секілді, онлайн оқудың да пәлсапасы мен машақаты мол болды. Аз ғана уақыттың ішінде түрлі интернет платформалар арқылы тікелей оқимыз деген үміт ақталмады. Сөйтіп педагогтар Zoom жүйесінен бас тартып, енді қашықтан оқуды толықтай қолға алды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат
Аймағамбетов Zoom платформасы арқылы қазақстандық оқушыларға онлайн-сабақтар өткізуден бас тартқанын, өйткені алғашқы онлайн-сабақтан-ақ бірқатар проб­лемалар анықталғанын айтты.
– Мұғалімдер өз мектептеріне қолайлы, білім ұйымының жағдайына байланысты, интернет желісінің жеткілікті болуына орай және оқушылардың компьютермен қамтылуына байланысты тиісті оқыту форматын таңдауы тиіс. Кешегі сынама сабақтан кейін әр мектеп өздерінің шешімдерін қабылдап жатыр. Сондықтан қашықтан оқыту кезінде мұғалімдерге шығармашылық еркіндік беруіміз керек. Міндеттеуге болмайды. Мектептерде қатып қалған сабақ кестесі жоқ. Осы орайда әр мектепте мұғалімдер өздеріне ыңғайлы сабақ кестесімен жұмыс істейді. Сондай-ақ интернет жетпеген өңірдегі мектептерде электрондық журнал болмаған жағдайда жай журналға білім нәтижелерін белгілеуге болады, – деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова.
Оқушыларды қашықтан оқытудың бесінші тетігі интернет арқылы оқу болса, осы тетік бо­йынша жұмыс істеуге екі үлкен кедергі бар, – деді Білім министрі сынама сабақтан кейінгі онлайн-брифингте.
Министр өз сөзінде компьютермен қамту жұмыстары Нұр-Сұлтан қаласында белсенді жүргізіліп жатқандығын айтып өтті. Елордада 180 мыңнан аса оқушының 6500-інде компьютер жоқ екені анықталып, 6100-і компьютермен қамтылып, жаңадан 400 ноутбук сатып алынған.
Айта кетейік, IV тоқсанды елордалық 182 мың оқушы үйде отырып оқитын болады. Қалада 117 жалпы білім беретін орта мектеп бар. Кей мектептер онлайн сабақ беру форматын таңдаған екен. Көпшілігі қашықтан оқытуды қолдаған. Сондай-ақ «Еларна» және «Балапан» арналарындағы телесабақтар кәдеге жаратылады. Бала үйде болғандықтан, ендігі қадағалау – тікелей ата-ананың мойнында. Мамандар кездесер қиындықтар уақытында еңсерілетін болса, соңғы тоқсан 25 мамырда аяқталады деп болжап отыр.
Интернет платформа да, қа­шықтан оқу да онлайн режимдегі оқу емес екендігін бұдан бұрын да баса айтқан министрлік өкілдері білім саласы үшін «Bilimland», «Күнделік», «Дарын онлайн» секілді оқыту тұғырнамаларын дәл қазір тегін түрде тиісті пайдалануға болатынын жеткізді.

Асхат Аймағамбетов,
ҚР Білім және ғылым министрі:

– Бірінші – компьютердің жетіспеушілігі. Екінші – елді мекенде техникалық мүмкіндік болса да, ол оқушылардың үйінде интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ. Осы мәселе бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Мектеп балансындағы компьютерлерді оқушыларға уақытша бердік. Қазіргі уақытқа дейін 130 мың компьютер мектеп балансынан ата-аналарға беріліп отыр. Әрі қарай да біз осы жұмыс­ты жалғастырамыз. Еліміз бойынша компьютер саны жеткілікті. Екіншіден, компьютерді қосымша сатып алу мүмкіндігіміз бар. Жергілікті атқарушы органдардың ұсынысына сәйкес, 79870 компьютер сатып алу туралы жоспар бар. Оған тиісті қаржы бөлінді. Тиісті сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 

7 сәуірде қазақ тілінде өтетін «Balapan» телеарнасындағы бейнесабақтар кестесі

 

Гүлжан АБАЙҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 + fifteen =