Қашанғы басындырамыз?

0 84

Қызылорда қаласында Алаш ардақтысы Мұстафа Шоқайға арналған ескерткіш орнатылғанда қуанып қалып едік. Дәл осындай ескерткіш еліміздің орталығы елордада неге жоқ деп те ойлағанымыз жасырын емес. Алайда дүйім жұрт қуанып жатқанда, «Правда» газетінің сайтында Сергей Кожемякиннің «Гитлердің сыбайласына ескерткіш ашылды» деген тақырыпта мақала жарияланды. Автор аталған мақаласында ұлы қайраткерімізді фашистке теңейді

yfvyfj.

Әрине, кейбір ресейлік шовинистер үшін Кеңес өкіметіне қарсы күрескен Мұстафа Шоқай мен еліміздің тәуелсіздігін көксеген Алаш арыстары фашист болып көрінуі мүмкін. Алайда Алаш ардақтысы Гитлермен ымыраласпай, керісінше, оның нәсілшілдік саясатына қарсы болды ғой. Өкінішке қарай, Мұстафа Шоқайды айыптаушы мәселенің байыбына бармай, қара күйе жағуды қош көрген көрінеді. Ал шын мәнісінде ол өзінің соңғы хатында Гитлердің саясатын аяусыз сынаған болатын.

«Сіздер, немістер, өздеріңізді «Еуропадағы ең мәдениетті адамдармыз» деп айтасыздар. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз менің көріп жүргенім болса, онда мен сіздерге де тұтқындардың шеккен азабын көрулеріңізді тілеймін. Сіздер XX ғасырда өмір сүріп отырып, XIII ғасырдағы Шыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асып түстіңіздер. Мәдениетті халық екендеріңізді айтуларыңызға хақыларыңыз жоқ» деп жазады Мұстафа Шоқай.

Бұл хатты оқып шыққаннан кейін неміс офицері Алаш арысына «Пікіріңізді өте ауыр айтыпсыз, бұл артықтау емес пе?» деп сұрайды. Әйтсе де, ол «Егер Сіздер осыған байланысты маған ату немесе асу жазасын берсеңіздер де қарсылығым жоқ. Мұндай мәдени қоғамда өмір сүргеннен гөрі өлгенім артық. Бұл қорқынышты жағдайдан соң тіпті де өмір сүргім келмейді» деп жауап береді.

Мұстафа Шоқайдың мұндай мазмұндағы хатты немістердің құрсауында отырып жазуы ерлікпен тең болатын. Ал Сергей Кожемякин сынды журналистсымақ өлім аузында тұрып, неміс фашизмін дәл осылай батыл айыптай алар ма еді? Автор мақаласында Мұстафа Шоқайды Украинаның көсемі Степан Бандерамен салыстырып, «Қазақ елі Украинаның кебін киеді» деп сәуегейлік жасайды.

Айтпақшы, Сергей Кожемякин дейтін сабаз «Правда» газетінің Бішкектегі меншікті тілшісі екен. Демек, еліміздің Сыртқы істер министрлігі Мұстафа Шоқайға ғана емес, Алаш арыстарына, ең бастысы еліміздің тарихына тіл тигізген оқиғаға сәйкес, наразылық нотасын жолдауға әбден негіз бар емес пе? Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ауызынан ақ ит кіріп, көк ит шыққандарды қашанға дейін басындыра береміз?

Серік  ЖОЛДАСБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды