Қашаған кен орнын толық игереді

0 52

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Эни С.п.А.» компаниясының атқарушы директоры Клаудио Дескальциді қабылдады.Кездесу барысында Қашаған және Қарашығанақ ірі мұнай-газ жобаларының жүзеге асырылуы жөніндегі жоспар қарастырылды. Президентке жалғасып жатқан пандемия жағдайына қарамастан, Қашағандағы қазіргі жобалардың іске асырылу қарқыны сақталып отырғаны туралы баяндалды. Клаудио Дескальцидің айтуынша, мұнай өндіру ісін арттыру жөнінде бірқатар маңызды инвестициялық шешім қабылданған. Консорциум Қашаған кен орнын толыққанды игерудің тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Сондай-ақ газ өңдеу қуатын күшейту жұмыстары жалғасуда.
Мемлекет басшысы энергетикалық бағыттағы инвестиция­лық жобаларды одан әрі жүзеге асыруға Қазақстанның баса мән беретінін айтты. Осы ретте, Президент отандық өнім үлесінің жоғары болуын қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды. Бұдан бөлек әңгімелесу барысында жер қойнауын игеру, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу және жасыл энергетика саласындағы жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

***
Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Астрахан облысының губернаторы Игорь Бабушкинді қабылдады. Кездесу барысында ­Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы стратегиялық және одақтас­тық қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын және екі ел өңірлерінің ықпалдастығы кеңейе түскенін атап өтті. Осы ретте Өңіраралық ынтымақтастық форумы тиімді диалог алаңына айналып отыр.
Қазіргі уақытта Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қазақстанның өзге де облыстары Астрахан облысымен көптеген бағыт бойынша өзара тиімді кооперацияны жүзеге асыруда. Экономикалық белсенділіктің жаңғыруына орай шекара маңындағы сауда қарқыны біртіндеп қайта қалпына келіп жатқаны байқалады.Қазақстан мен Астрахан облысының арасын негізгі байланыстырушы ретінде Ресей бойынша ең көп тұратын сол жердегі қазақ диаспорасы маңызды рөл атқарып отыр.
Президент Астрахан қазақтарының тарихи отанымен рухани байланыстарын нығайтуына, ата-бабаларының тілі мен мәдениетін сақтауына жан-жақты қолдау көрсетіп жатқаны үшін Игорь Бабушкинге ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы қазақ халқының Бөкей хан, Құрманғазы, Дина Нұрпейісова және басқа да ұлы перзенттерінің есімін Астрахан жерінде ұлықтап келе жатқаны үшін аймақ әкімшілігі мен тұрғындарына алғыс айтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − 16 =