«ҚАРЖЫ ЖИНАП, ҚАЛАҒАН ОҚУЫҢА ТҮС!»

0 102

Қай-қайсысымыз да өз жолымызды – өмірлік кәсібімізді іздейміз, оның мағынасы неде, оған қалай жетуге болады деп толғанамыз. Осы кезде ең қиыны – «мен өзі нені қалаймын?» деген сұраққа жауап беру және «сүйікті кәсібің» бола алатын нақты бір бағытты анықтау.

Халық арасында «Ұяда не көр­сең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақыл сөз бар. Яғни, бала ер жет­кенде қоғамда қиындық­сыз өз орнын, сүйікті ісін тауып, мұ­­ратына жету үшін оның қабілет-қарымын сәби кезі­нен-ақ дамыту өте маңызды. Өйт­кені, көптеген жағдайда ата-аналар бала­ларынан өздері арман­дап, меңгере алмаған маман­дық­тарды таңдауды талап етіп жатады.

Бақытымызға орай, бүгінде біз өз бала­ларымыздың келешекте алатын білімі мен кәсібі туралы күні бұрын қамданып, олардың армандарының орын­далуына жағдай жасай ала­мыз. Бұған ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен әзірленген және 2013 жыл­дың маусым айынан бастап қыз­метті бастаған Мем­лекеттік білім беру жинақтау жүйесі мүм­кіндік береді. Жаңа салымдар жүйе­сі қаражат жинақтау ар­қылы оқу ақысын төлеудің тағы бір амалын ұсы­нады, әрі мем­лекеттік гранттармен жә­не білім беру кредиттерімен қатар жұ­­мыс істейді.

Жастар әрқашан тегін білім алуға үміт­ті, бірақ ол үшін ҰБТ аясында қатаң ірік­теуден өтіп, өзінің ерекше білімдар еке­нін дәлелдеу қажет. Тәжірибенің өзі үлгерімі жоғары оқушылардың барлығы бір­дей грантқа түсе бермейтінін көр­сетуде.

Жаңа депозиттер жүйесі ата-аналарға балалары білім беру гран­тына ие бола алмаған жағ­дайда сақтандыруға мүм­кіндігін береді. Шотта қажетті қа­ра­жа­тың болса, қалаған ЖОО және мамандықты таң­дауға болады.

Мемлекеттік білім беру жи­нақ­тау жүйесі екінші деңгейлі банктер арқылы жұмыс істей­ді. Салымшы қалаған банкін таң­дай алады, яғни, ол ұсына­­тын шарттары өзіне ең оңтай­­лы деген банкті таңдауға құқылы.

Қазіргі таңда МБЖЖ жүйе­сінде әзір­ше бір ғана банк – «Темірбанк» АҚ жұ­мыс істейді. Аталмыш банк 2013 жылы 17 маусымда алғашқы салым­­шысын тір­кеді. Ол – аста­наның қарапайым тұр­ғы­ны, 15, 10 және 2 жасар үш ұлы бар әке. Жақын болашақта бас­қа банктерді де жүйеге қосу жос­парлануда.

Қазақстан Республикасының кез келген азаматы жас ерекше­лігіне қарамас­тан салымшы бола алады. Ол банкпен жи­нақ­­тау салымы туралы шарт жа­сасып, шот ашады. Шарт ба­ланың аты­на жасалады, бірақ ол салымға иелік ете алатын жасқа дейін оның мүддесін ата-анасы не басқа да заңды өкіл­дері қор­ғайды. Салым ашылатын жағдайда ең аз бас­тапқы жарна ретінде 3 АЕК (5 200 теңгеге) мөлшерінде ақша енгі­зу жеткілікті.

Салым шартында банктің сыйақы мөлшерлемесі белгі­ленеді. Оны әр банк өз бетінше тағайындайды. Мәсе­лен, «Темірбанк» АҚ сыйақы мөл­шерлемесін 8% көлемінде белгіледі. Ал, мемлекет сыйақы­сының мөлшерле­ме­сі – 5%, белгілі бір басымдық берілген санат­тағылар үшін 7% үстемеленеді. Мұн­дай санатқа жетім балалар, көп бала­лы отбасының балалары және аз қам­­­тыл­ған отбасындағы балалар, мүге­дек­­тер сияқты әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтар жатады.
Жинақталған қаражат білім алуға ғана жұмсалады және басқалай мақсатта пайдаланылмайды әрі кейбір жағдайларды есепке алмағанда, салымшының қолына берілмейді. Егер салымшы грантқа түс­се не денсаулығына байланысты оқуын жал­ғастыра алмай қалса немесе сот оны әрекетке қабілетсіз деп таныса, сон­дай-ақ, салымшы қайтыс болса, салым­дағы жинақталған қаражат банк сый­ақысы және мемлекет сыйақысымен бірге са­лымшыға не оның заңды өкіліне, мұра­герлеріне беріледі.

Салымдағы қаражат мерзімі­нен бұ­рын алынса, не мақсат­ты пайдаланылмаса, мемлекет сыйақысы бюджетке қай­та­рылады, яғни салымшы жинақ­талған ақшасын банк сый­ақы­сымен ғана қоса алады, ал, мемлекет сыйақысы сақ­тал­майды. Жинақталған қаражат оқу­дың ақысын төлеуге жеткіліксіз болған жағдайда, салымшы жетпей тұр­ған сомаға екінші деңгейлі банктен «Қар­жы орталығы» АҚ-ның жүз па-йыз кепіл­­дігімен білім беру кре­дитін ресімдей алады.

МБЖЖ енгізілген алғашқы күн­дері «Қар­жы орталығы» АҚ мен «Темірбанк» АҚ-ға депозиттің бұл жаңа түріне қызығушылық танытып, қоңы­­рау шалушылар айрықша көп болды. Ал, алғашқы аптаның қоры­тындысы бойынша, «Қаржы орталы­ғы» АҚ-ға білім беру салымын тіркеуге отыз­­ға жуық өтінім келіп түсті. Бұл – жұртшылық сенімінің үлкен көрсет­кіші. Ендеше, Білім және ғылым министр­лігінің бұл жаңалығы халық арасынан қолдау тауып, балаларының болашақта сүйікті кәсібін табуына алаңдайтын ата-аналар үшін демеу болады деп үміт­тенеміз.

Болашаққа қаражат жинақ­тай ма, грантқа оқуға түсе ме, әл­де білім беру кредитін ала ма? Мүмкін, өз қалтасы­нан тө­­лей­­тін шығар? Қайткенде де білім алудың жолын таңдау ха­лықтың өз еркінде. Ал, МБЖЖ операторы – «Қар­жы орталығы» АҚ арқылы уәкілет­тік ететін Білім және ғылым министрлігінің ендігі міндеті – салым­шылардың сенімі мен үмі­тін ақтау үшін жаңа жүйенің толық­қанды жұмыс істеуін қам­тамасыз ету.

«Қаржы орталығы» АҚ
Астана қ., Орынбор көш., 18.
(7172) 695-037, – 044, -045.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − 7 =