Қаржы қалай игеріліп жатыр?

0 30

Нұр-Сұлтан қаласының 2020 жылға арналған бюджеті барлық өзгерістерді есептегенде 663 млрд 819,6 млн теңгені құрады. Соның ішінде жеке кіріс – 327 млрд 226 млрд теңге, республикалық бюджеттен трансферттер – 238 млрд 121 млн теңге, займдар – 93 млрд 578 млн теңге және бос тұрған қалдықтар – 4 млрд 893 млн теңге.

Қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында осыны баяндаған Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев биылғы бюджет бойынша есеп берді. Бірқатар басқармалар мен аудандардың әкімдіктеріне қажеттіліктеріне қарай қосымша қаржы бөлінгенін мәлімдеген ол депутаттардың сауалдарына жауап берді.
Мәслихат депутаты Мирас Шекенов бөлініп отырған қосымша қаржы «Үркер» тұрғын алабындағы кәріз жүйесінің мәселесін шеше ме деп сұрады. Белгілі болғандай, аталмыш проблеманы шешу «Қаланың шеткі аймақтарын дамыту» бағдарламасында қарастырылған. Тиісті жұмысты қаланың Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы «Астана су арнасы» кәсіпорны және басқа да мердігерлермен бірлесіп атқарып жатыр.
Депутаттардың тарапынан кредиторлық және дебиторлық қарыз, басқармаларға бөлінген қаржыны игеру мәселесі де көтерілді. Депутат Илья Мещеряковтың мәлімдеуінше, Құрылыс басқармасы қомақты соманы игере алмай отыр. Бұл мәселені Қаржы басқармасының басшысы Әліби Жұмаев түсіндірді.
– Бізде 2020 жылдың 1 қаңтары күніне кредиторлық қарыз 21 млрд 859 млн теңге болды. Қазіргі күнге бұл сомадан 5 млрд 939 млн теңге жабылмай тұр. 15 млрд 920 млн теңге қарыз жабылды. Мәселен, Құрылыс басқармасы 10 млрд 719 млн теңге қарыз болса, бүгіндері 10 млрд 144 теңге көлемінде төленді. Көлік және жол-көлік инфрақұрылымы басқармасының қарызы жылдың басында 9 млрд 695 млн теңге болды. Соның 5 млрд 148 млн теңгесін жаптық. Қазір осы басқармаға жолаушыларды тасымалдауды субсидиялауға қосымша қаржы бөлініп отыр. Бұл басқарма жыл соңына дейін 9,6 млрд теңгені игеруі керек. Дебиторлық қарыз 2020 жылдың 1 қаңтарына 39,5 млрд теңгені құрады. Биылғы 1 қазан күніне бұл сомадан 36 млрд 238 млн теңге жабылмады. Тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді Ә.Жұмаев.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 4 =