«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қаржы қайырымдылыққа жұмсалады

0 191

Елорда әкімдігі тұңғыш рет бас қаланың жастарына арналған қайырымдылық балын ұйымдастырды. Оған қатысқан 150 қыз-жігіт «Ritz-Carlton» қонақүйінің залында дөңгелене би билеп, нағыз ертегінің атмосферасын жасады.

Дебютанттардың ішінде түрлі мамандық иелері бар. Мұғалім мен дәрігердің, кәсіби биші мен әскери қызметкердің бір-бірімен жұптасып билеп жүргенін көргенде, аталмыш шараның астаналық жастар үшін идеялар алмасатын алаң бола алғанын байқадық. Өйткені олардың бәрін де ортақ бір мүдде – қа­йырымдылық жасауға деген құлшыныс байланыстырған еді.
– Қатысушылар бал басталарға дейін қаладағы қарттар үйі мен балалар үйіне, тұрмысы төмен отбасыларға барып, ондағы жандардың хал-жайын сұрап, қолдарынан келгенше көңілдерін көтерді. Жалпы, бұл шараны қолға аларда біз де осындай қайырымды істерді барынша кеңінен насихаттауды мақсат тұттық, – деді Астана қаласы қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Данияр Есин.
Кеш қорытындысы бойынша «Бал ханшайымы» атағы 18 жастағы Әзиза Зейноллаға берілсе, «Бал ханзадасы» титулы 21 жастағы Оралғазы Таңатқановқа бұйырды. Бұлардан бөлек, белсенді дебютанттарға «Жомарт жүрек», «Қайырымды жүрек», «Ерекше үлесі үшін», «Белсенділігі үшін», «Өмірге деген құштарлығы үшін», «Қайсарлығы үшін» атты арнайы номинациялар табыс етілді.
Жиын аясында аукцион ұйымдастырылып, оған қылқалам шеберлерінің картиналары мен түрлі бағалы заттары қойылды. Аукционнан түскен қаржы Астанадағы қарттар мен балалар үйлеріне және тұрмысы төмен отбасыларға жұмсалады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды