ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ШЕКАРАСЫ КЕҢЕЙДІ

0 129

Астанада сахна саңлағы Әзірбайжан Мәмбетов, көрнекті ғалым Рымғали Нұрғалиұлы және сайыпқыран спортшы Анатолий Храпатый тұрған үйлерге ескерткіш тақта орнату ұсынылды. Сейсенбі күні өткен Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында бұл туралы қалалық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Көкбас Арысбек мәлімдеді. Кеңес мүшелері бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.

Қалалық білім басқармасы
­басшысының орынбасары Бағ­лан Сматаева ата-ана құ­қы­ғы­нан айырылғандарға баламен кездесуге рұқсат берудің және мүмкіндігі шектеулі балаларға денсаулығын түзеу ұйымдарына жолдама ұсынудың тәртібін түсіндірді. Оның айтуынша, ең бастысы кездесуде ата-ананың балаға теріс ықпалы болмауы керек.
Отырыста талқыланған маңыз­ды мәселелердің бірі «Астана» халықаралық қаржы орталы­ғының шекарасын анықтау туралы болды. Бұл орталықтың басқарушы директоры Саясат Нұрбектің сөзінше, ұйым келесі жылдың 1 қаңтарынан жұмысын бастайды. «Орталыққа қатысушыларды, оның органдарын сол қаңтар айында тіркетіп алуымыз керек. Биылғы жылдың аяғына дейін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысушылар көрме қалашығынан қондырғыларын жинап, алып кетуі керек. Содан кейін аумақты қайта құру жұмысы басталады. Бұл кем дегенде 1 жылды алады. Мұнымен басқарушы компания болып қайта құрылатын қазіргі «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ айналысады» деді ол.
Қазіргі таңда қаржы орталығының шекарасы кеңейтіліп отыр. Talan Towers сияқты жаңа бизнес орталықтары оның аумағына кіргізілді. Сондықтан шекара «Хан шатыр» сауда-
ойын-сауық орталығына дейін созылды. «Астана» халықаралық қаржы орталығының қала бюджетіне қанша пайда әкелетіні келесі жылдың басында, орталық жұмысын бастағанда белгілі болады. Бірақ алдын ала 50 жылға болжам жасадық» деді Саясат Нұрбек.
Отырыс соңында азық-түлік, жанар-жағар май бағасының, тарифтердің өсуі мәселесі көтеріліп, келесі отырысқа мәселені түсіндіру үшін осыған жауапты орган өкілдерін шақыру ұйғарылды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen + 20 =