Қарыз қамыты

0 27

Еліміздегі қаржы нарығын талдайтын «Бірінші кредит бюросы» ЖШС атқарушы директоры Әсем Нұрғалиеваның айтуынша, 2020 жылы қазақстандықтардың банктерге тұтынушылық қарызы 7,4 трлн теңгеге жеткен. Бұл қарыз еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін жан басына шаққанда 398 мың теңгеден айналады.Халық несиеге неге құмар?

Сорақылығы сол, халық жылдан-жылға қарыздан құтылудың орнына қайта оның батпағына белшесінен батып барады. Мәселен, 2018 жылдың І тоқсанындағы жағдай бойынша әр жеке тұлғаның банк алдындағы қарызы 251,3 мың теңгені құраған. Ол 2017 жылмен салыстырғанда 30,7 пайызға, ал 2016 жылмен салыстырғанда 2,1 есе көп. Ашық дерек көздерінен тұрғындардың банктер алдындағы берешегі туралы одан бұрынғы жылдардағы ақпараттарды кездестіре алмадық. Қазіргі күні елдегі экономикалық белсенді 9,2 млн тұрғынның 7,4 миллионында басында бір немесе бірнеше кредиттен бар.
Әсем Нұрғалиеваның айтуынша, кредиттеу жүйесіне жыл сайын жаңадан 500 мың несие алушы қосылады екен. Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов «егер 2006 жылы отбасылық бюджеттің тек 10 пайызы азық-түлікке жұмсалса, 2019 жылы жанұя табысының 50 пайызы тамаққа кететініне» назар аудартты. ҚР Президентінің штаттан тыс кеңесшісі, белгілі қаржы сарапшысы Олжас Құдайбергенов: «Адамдарға әйтеуір бірдеңе қылып өмір сүру керек. Егер 2019 жылы несиелерін кешіргендердің басындағы жағдайын сұрап көрсең, олар ең бірінші туған-туыстарына, дос-жарандарына берешек болған, сосын қарыздарын қайтару үшін банктерден несие алған. Ақыр аяғында банктердің несиесін қайтаратын ақшалары болмай, пұшайман күйге түскен» деді.
Былтыр Президент Жарлығы бойынша 500 мың адамның тұтынушылық қарыздары мен банк белгілеген өсімақылар кешірілгені естеріңізде.
Әлбетте, қара халық мұқтаж болғандықтан, басқа амалы қалмағандықтан банктен несие алады. Әйтпесе біздегі қаржы институттары белгілеген 15-20 пайыздық өсімақымен несие алуға кім құштар дейсіз?! Оған комиссиялық алымдар мен жасырын үстемелерді тағы қосыңыз (Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев Қазақстан банктерін «қансорғыштар» деп тегіннен-тегін атап отырған жоқ: https://www.nur.kz/1839744-deputat-nazval-kazahstanskie-banki-krovopijcami). Біздегі банктердің мөлшерлемесі қаншалықты жоғары болса да, халық күнкөріс үшін бәрібір несие алуға мәжбүр. Өркениетті мемлекеттерде (Еуропада, АҚШ-та, Жапонияда, т. б.) банктердің мөлшерлемесі 2-3 пайыздан аспайды. Жергілікті халық тіпті оның өзін қымбатсынады. Ал мұндай мөлшерлеме қазақ үшін ертегі сияқты.
Жыл сайын көпшілік тұтынатын тауарлар 10-15 пайызға қымбаттап отырады. Мәселен, 2019 жылы әлеуметтік маңызды тағамдардың бағасы 10,4 пайызға өсті. Бір жыл ішінде сиыр, қой, жылқы еті бағасы 14-17 пайыз арасында өскен. Жылдық инфляция деңгейі 5,6 пайызды құрағанмен, өсім одан 3 еседен артқаны көрініп тұр. 2020 жылдың қаңтар айында азық-түліктің құны тағы да көтерілді. Бұл жөнінде ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов 4 ақпанда өткен Үкімет отырысында мәлім етті. Оның үстіне Нұр-Сұлтан қаласында ағымдағы жылы коммуналдық қызметтердің бағасы орташа алғанда 10 пайызға артты. Жан-жақтан анталаған жаппай қымбатшылық халық тұрмысын бұрынғыдан бетер қиындата түсті.

Дүкендерде «қара дәптерге» не жазады?

Елордада үлкенді-кішілі азық-түлік дүкендерінің көпшілігінде елдің қарызын жазып қоятын «қара дәптер» бар. Дүкеншіге көзтаныс болып қалған келушілер ақшасы жоқ болса, «қара дәптерге» қарызын жаздырып, қажетін ала береді. Бұл енді таза қазақстандық «ноу-хау». Ресейді қайдам, ал Кәрі құрлықта, Америкада немесе Күншығыс елінде ондайды елестету мүмкін емес. Көнбіс қазақ күнкөріс үшін оған да көнген. Дүкеншіге тауарының қарызға болса да өткені керек, ақшадан қысылған жанға жаздырып болса да тамақ алып ішуі керек.
Сейфуллин көшесінің бас жағында, өзім тұратын үйдің айналасындағы 4-5 дүкенге кіріп шықтым.

«Жан и К» дүкенінің иесі Әбдумәжит Тастанұлы сауда орнын жалға алып, жұмыс істеп жатқанына 2 жылдан асқан екен.
– Дүкенге келген 10 адамның 3-еуі қарызға жаздырып әкетеді. Қазіргі күні жұрттың жаздырып алған азық-түліктерінің қарызы 800 мың теңгеден асып кетті. Кейбір кісілер 50-60 мың теңгеге дейін қарыз. Бұл аудандағы үйлер мемлекеттік бағдарламамен салынған ғой, пәтер жалдап тұрушылар көп, олар жиі көшіп-қонып жүреді. Кейбіреулері берешектерін бермей қашып кетеді. Ақшасын 2-3 ай, тіпті жарты жылға дейін тостырып, әзер қайтаратындар бар, – дейді ол.
– Қарызын қайтармайтын адамға неге бересіз? – деймін.
– Қалай бермейсің? Біреуі жалынып, ақырғы сөзін айтып тұрып алады. Біреулерінің жалақысын кешіктіріп жатады, енді біреулерінің тұрақты жұмысы жоқ. Оның үстіне олар арақ-шарап алып жатқан жоқ қой, нан-су, вермишель, қант, өсімдік майы сияқты ас-ауқат сұрап тұрған соң беттерін қайтара алмайсың.

«Әмина» дүкенінің сатушысы Нұргүл Ерболқызы:
– Жаңа жылдан бері тауарлардың бағасы күрт қымбаттады. Ұнның 1 келісі 50 теңгеге қымбаттады. Темекілердің бағасы 25-30 теңгеге көтерілді. Шоколадтар 20 теңгеге өсті. Нан бұрын 75 теңге болатын, енді 85 теңгеге әкелетін болды. Біз үстінен 5 теңге қосып, 90 теңгеге сатамыз, кей дүкендер 100 теңгеден сатады. Жалпы, тауарлардың бәрі қымбаттап кетті ғой. Жұрт бағаны құдды мен өсіріп жатқандай ренжиді, көтерме саудадан жеткізетін бағасы сол болса не істейміз?!
– Қарызға жаздырып алатындар бар ма? – деймін.
– Әрине, бар. Онсыз сауда жүрмейді. Қарызға бермесең, ренжіп, дүкенге келмей кететіндер бар. Бізге клиенттің көп болғаны керек, әрине, олар төлем төлеуге қабілетті болса жақсы ғой. Айналадағы дүкендердің бәрінде де жұрттың қарызын жазып отыратын «қара дәптер» бар. Міне, қазір сатып алушылар дүкенге 550 мың теңге қарыз, – деп сатушы суырмадан қалың дәптерді алып көрсетті.

Қымбатшылықпен күрестің нәтижесі қандай?

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, азық-түліктің қымбаттауына тек астық шығымының төмендігі мен оның шамадан тыс экспортталуы ғана емес, әкімдердің де кінәсі бар. «Өткен жылы еліміздің барлық өңірлерінде азық-түлік бағасы шекті деңгейден асып кеткен. Сөйте тұра, бірде-бір әкім бағаның шекті деңгейін бекітіп, оны тым өсіріп жіберген сауда нысандарына қарсы заңмен рұқсат етілген шараларды қолдануға талпынбады» деді ол.
Қаңтар айында да баға өсу деректері тежелген жоқ. Сондай-ақ бұл істе тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және оның мүмкіндіктерін тиімді пайдалану амалы да тиісті нәтиже берген жоқ.
– Бағаны тұрақтандырудың ұтымды механизмдерінің бірі – әлеуметтік маңызды азық-түлік нарығында жұмыс істейтін субъектілерді қаржылай ынталандыру. Яғни тұрақтандыру қоры арқылы халық жаппай тұтынатын тауарлардың бағасын қолжетімді деңгейде ұстап тұру. Алайда бұл тәсіл Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан басқа өңірлерде қолданылмады, – деді ҚР Сауда және интеграция министрі.
Министр азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін жергілікті бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменттері мен мемлекеттік кірістер департаменттері бірігіп көтерме сауда саласындағы құпия сөз байласушыларды анықтап, жасырын сатармандарды әшкерелеу қажет екенін айтты.
– Қазіргі күні 8 түрлі әлеуметтік маңызды азық-түлік тәуекел тобында тұр. Олардың импортқа тәуелділік үлесі – 15 пайыз. Тәжірибе көрсеткендей, егер тауар тапшылығы 5-7 пайыз болғанның өзінде ол алыпсатарлық әрекеттің нәтижесінде бағаның 1,5-2 есе өсуіне әкеп соқтырады. Дегенмен азық-түліктің қай түрі болса да Қазақстанның өзі өндіруіне әлеуеті жетеді, – деп түйіндеді министр.

Жалақыны индексациялау қажет

Ресми дерек бойынша Қазақстанда 2019 жылдың ІІІ тоқсанында ең төменгі күнкөріс деңгейі ретінде 31120 теңге белгіленген. Осы жіктелім бойынша қазақстандықтардың 4,5 пайызы кедейшілік шегінде өмір сүріп жатыр. Ал Бүкіләлемдік банктің есебінше, күніне 5,5 АҚШ доллардан кем қаражатқа өмір сүретін адам кедей саналады. Бұл – ұлттық ақшамен есептегенде 64 мың теңге. Яғни республиканың кедейшілік деңгейі Бүкіләлемдік банктің көрсеткішінен екі есе төмен. БҰҰ жіктемесінде Қазақстан халқының 26 пайызы тақыр кедей деп танылған.
Жыл сайын нарық бағасының қымбаттауымен бірге, ақшаның құнсызданып бара жатқанын да ескерген жөн. Осыған орай, Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Сатыбалды Дәулеталин жалақыны индексациялауды заңмен бекітуді ұсынды.
– Жалақыны индексациялау – маңызды мәселе. Біз Еңбек кодексіне ғана емес, Конституцияға жұмысшылардың жалақысын, сондай-ақ түрлі әлеуметтік төлемдерді индексациялау туралы норманы енгізу керек деп санаймыз, – деді ол.
Бұл ұсынысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов де қолдады. «Өкінішке қарай, заңда мұндай норма жоқ. Еңбек қатынастары әлеуметтік әріптестікті – мемлекеттің де, жұмыс берушінің де мүддесін ескере отырып құрылған. Дегенмен 2016 жылдан бастап индексациялау талабы үш жақты салалық еңбек шарттарында жазылатын болды. Алдағы уақытта кәсіподақ ұйымдарымен бірге жұмыс тобы құрылып, осы мәселені түбегейлі зерттейтін болады» деді министр.
Жалақыны индексациялау – бұл тұтынушылық бағаның өсуіне байланысты жыл сайын еңбекақы мөлшерін көбейтіп отыру.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды