Қарыз бен парыз

0 54

Осы күні қалта телефоныма «несие алыңыз, жеңілдіктер береміз» деген тақылеттес хабарламалар әртүрлі банктерден жиі түсетін болды. Бұл банктердегі клиенттердің азайғанын аңғарта ма, әлде менен басқаның бәрі несие алып болғанын білдіре ме?

Өз басым қарыздан қорқатындардың бірімін. Мүмкіндігінше несиеге жүгінгім келмейді, балаларға да үнемі соны айтып отырамын. Әдетте, «Қарыз күліп келіп, жылап қайтады» деп жатамыз. Жамандықтың беті аулақ, жақсы ниетпен несие алатындар аз емес. Бірақ оның соңы көбіне өкіндіріп жататыныны тағы бар. Сонда жадырап келер қарызды жылатып жіберетіндер кім?
«Ешкім жетіскеннен несие алмайды». Ол рас, қысқа жіптің күрмеуге келмегенінен қарызға батамыз. Дегенмен, көп жағдайда кіріс пен шығыстың тепе-теңдігі бұзылғанда, қарыз қаһарына мінеді. Содан небір шаңырақтар құлап, отбасылар ойран болып жатқаны.
Қазақта «Шығасыға иесі себепші» деген сөз бар, яғни, бәріне кінәлі өзіміз. Осы өмірде үй сатқан, көлік сатқан кезіміз аз болған жоқ. Сонда байқағаным, қолында он мың доллары бар аларман 12 мың доллар тұратын көлікті не үйді алғысы келіп қиылып тұрады. Сатарман әрине, бірден мұнша жеңілдік бере алмайтынын айтады. Содан қарызға кіру басталады. Қолында бар қаржыға лайық көлікті қанағат етсе, біреуге кіріптар болмас еді. Біз осылай ойлаймыз… бұл біздің ғана басымыздағы уайым емес.
Кәрі құрлық деп дәріптейтін Еуропа мұндай мәселеге бізден бұрын тап болғандықтан ба, кезінде «мойнында қарызы бар адамның басы шабылсын» дегенді заңға жазып қойыпты. Неткен қатыгездік дерсіз. Олар мұның себебін былай түсіндіреді. Қарызы көп адам өзін ақтау үшін әуелі жағдайын айтады, сонан соң сылтау айтуға көшеді, ақыр соңында өтірік айта бастайды. Ал өтірік айтқан адам Отанын да сатуға дайын тұрады. Мұны енді кешіруге болмайды.
Несие жүйесі кәсіпкерлікті дамытуға, қиналған жұртқа қолғабыс болуға тиіс. Өкінішке қарай, 14-18 пайыз өсіммен берілетін несие туралы бұлай деп айта алмайсың. Бұл – нағыз қарыз қамыты. Сондықтан абай болған жөн…

Қонақбай Саттаров,
ақын-журналист

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one + 7 =