©2020 Астана Ақшамы
ҚАРУ ТАПСЫРҒАНДАР ҚАРАЖАТҚА КЕНЕЛЕДІ
Астана қаласында заңсыз сақталған қару-жарақты сатып алудың кезекті акциясы өткізіледі. Біздің осы шара жайлы сауалымызға ІІД Әкімшілік полиция басқармасының лицензиялау және қару айналымына бақылау жасау бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры Бағлан Қазбеков жауап берді.
– Қару-жарақтарды тапсыру акциясының мақсатын айтып өтсеңіз.
– Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 21 сәуір күні қала тұрғындарынан заңсыз сақталған атыс қаруларын, қару-жарақтарды, жарылғыш заттарды сатып алу бойынша акция өтеді. Бұл шара қару-жарақтарды пайдаланумен байланысты қылмыстардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылып отыр.
– Акцияға қатысқан, яғни, қару-жарақ тапсырған тұрғындар жауапкершілікке тартылмай ма?
– Керісінше, оларға өтемақы төленеді. Тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды ерікті тапсырған адамдар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Сол себепті, полиция қызметкерлері заңсыз сақталған қарулар болса, олардың иелері өз еріктерімен тапсыруларын немесе заңды түрде тіркетуін сұрайды. Ал, тапсырылған қару-жарақтар түрлі деңгейдегі тексерулерден өткен соң жойылатын болады.
– Төленетін өтемақының мөлшері қандай болмақ?
– Сыйақы мөлшерін белгілеу кезінде алдымен қару-жарақтың техникалық жай-күйі және оның атуға жарамдылығы ескерілетін болады.
Егер тапсырылған қару атуға жарамды болған жағдайда ұсынылатын құнынан 100 пайыз төлем жүргізілетін болады. Ең бастысы, заңсыз қару-жарақты өз еркімен тапсырған адамдар алдымен өздерінің, сонымен қатар, қоғамның қауіпсіздігіне пайдалы іс жасайды деп ойлаймын.
Еркежан СӘТІМБЕК