Қартын сыйлаған қайырымды жастар

0 11

Жылдан-жылға қатары сиреп бара жатқан Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне бүгінгі бейбіт өміріміз үшін мәңгілік қарыз­дармыз. Оларға қандай құрмет көрсетсек те, қалай ардақтасақ та лайықты. Осыны жақсы ұғынатын бүгінгі буын жастар, нақтырақ айтқанда, елордалық бір топ ерікті студент ардагерлердің үйлерін күрделі жөндеуден өткізу шарасына қатысты.Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қырық шақты ардагер қалыпты. Олардың көбі тоқсаннан асып, ғасырды алқымдап отыр. Солардың пәтерлерін ардагерлер ұйымдары мен колледждер бірге толық тексергеннен кейін көпшілігі күрделі жөндеуді қажет ететіні белгілі болған. Соның ішінен үйі тым ескірген және өздері жөндетуге шамасы келмейтін 12 пәтер іріктелді. 10 наурызда басталған шараға политехникалық колледждің құрылыс мамандығы бойынша білім алып жатқан жоғары курс студенттері тегін қатысты.
4 бригадаға бөлінген ерікті жастар алдымен соғыс алаңындағы сан ұрысқа қатысқан Раиса Максименконың үйіне барды. Ол майданға өз еркімен кетіп, Воронежден Калининге дейінгі қалаларды жаудан босатуға қатысқан, сөйтіп Украинадағы Умань қаласына дейін барған. 1943 жылы Днепр өзенінен өту кезінде ауыр жарақат алып, емделіп болған соң елге қайтарылады. 1950 жылдары соғыс ардагері ретінде үш бөлмелі пәтерге ие болады. Қазір мұнда ардагер мен оның немересінің отбасы тұрады. Зейнеткерлікке шыққанға дейін Раиса Самиулқызы «АкмолаТяжМашСтрой» тресінде кадрлар бөлімінің бастығы болып еңбек еткен екен. Ол «Қызыл Жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен және жауынгерлік медальдармен марапатталған. Ардагердің пәтеріндегі жатын бөлме мен кіреберіс дәлізге жөндеу жұмыстары жүргізілді. 97 жасты алқымдаған ардагер көмек қолын созған ерікті жастарға алғысын білдірді.
Шараны өткізуге «Nur Otan» партиясының қалалық филиалы мұрындық болып, «Нұр Астана құрылыс» және «Гранит құрылыс» компаниялары құрылыс материалдарымен демеушілік етіпті. Партия филиалы төрағасының орынбасары Ерлан Каналимовтің айтуынша, еріктілер шарасы партияның «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында жүзеге асырылды.
– Ерікті студенттерден құралған бригадалар іріктелген пәтерлерді толығымен күрделі жөндеуден өткізді. Ардагерлер тұратын пәтерлер көбіне бұрынғы ескі үйлер ғой. Содан бері дұрыс жөндеу көрмеген. Әрі ардагерлердің бірсыпырасы – жалғызбасты тұрып жатқандар. Біз солардың ішінен таңдап алдық, – дейді Е.Каналимов.
Ерікті студенттер бригадасына жетекшілік еткен Әлия Қожагелдина – политехникалық колледждің өндірістік оқыту шебері. Оның айтуынша, еріктілер шарасына оқу орнының 3-курсында оқитын қазақ және орыс топтарының 27 студенті қатысқан.
– Бізге партиядан ұсыныс түсті, жастар өз еріктерімен қуана қабыл алды. Себебі бұл – олар үшін әрі тәжірибе, әрі қайырымды іс. Бұл студенттер – түрлі ірі құрылыс компанияларында практикадан өтіп жүрген, әрлеу құрылыс жұмыстарының шебері мамандығына оқитын 2-разрядты дайын мамандар. Бір бригадада ең көп дегенде 6 студенттен құралып, соғыс ардагерлерінің үйлеріне түрлі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Ең үлкені 3 бөлмелі пәтерге асханасы, жуынатын бөлмелерін қосқанда толық жөндеу жүргізуге 1 апта уақыт кетті. Ал қалғандарына жеңіл-желпі жөндеуге 3 немесе 5 күн жұмсадық. Пәтер иелерінің сұранысымен көбіне қабырғаларын тегістеу, бөлмелер мен балконның ішкі төбелерін керіп қалпына келтіру, қабырғаны колермен сырлау, плинтустарын жөндеу сияқты жұмыстар жасалды. Оларға пәтер иелері риза болғандары сондай, алдағы уақытта шақыру үшін байланыс нөмірлерін де жазып алып қалды, – дейді оқыту шебері.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай қолдау елордадағы көмекке мұқтаж барша ардагерге көрсетілетін болады. Қартын сыйлаған қайырымды жастары барда еріктілер шарасы тек бір жылдың көлемінде шектеліп қалмасына сенім мол.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды