Қарттық кәріптікке айналмаса игі

0 35

Қарттықтың кемеліне келіп, егде тартса да еңкеймейтін жапондықтар әлемнің жұмбағына айналып отыр. Жапондықтар орта есеппен 80-нен асса, әйелдердің дені 86 жастан асып дүние салады. Оның құпиясын білмекке әлемнің гериатрия мен геронтология саласының ғалымдары бас қатыруда.Сексенді қойып, «тоқсан жас жасайын деген жасым ба еді» деген қазақтың бүгінгі ұрпағының орта жасы 75-тен көп аспайды. Статистика бойынша жапондықтардың белсенді өмір сүру кезеңі ер-азаматтардың 70 жасына, әйелдердің 73 жасына дейін созылады екен. Мұның себебі олар егделерін ерте бастан қатардан қалдырмайды, қарттары да зейнетке шығысымен төрт қабырғаға қамалып қарап отырғысы жоқ. Күн асты елінің Ұлттық гериатрия мен геронтология орталығының директоры Кэндзи Тоба ауқымды зерттеулер жүргізе келіп, қарттардың ерте өлімін кедейліктен деп шешіпті. Адамдар қаншалықты бақуатты болса ауруы да аз, тұрмыстың қиыншылығы да ерте қажытпайды екен. Ал экономикасы қатты дамып кеткен Жапонияда қарттардың ғұмырлы және бақытты өмір кешуі осыған да байланысты.
Адамдардың қарттыққа жетпей ерте өмірден озуы тек кедейліктен емес, дұрыс тамақтанбауынан да деп шешіпті. Осы орталық директорының айтуынша, кәрі адам тамақтан тартынып, жас күніндей қабырта асап, қомағайланбауы тиіс. Тамақты талғап жеп, дүкен сөрелерінде сіресіп тұрған қарттарға арналған тамақтарды ғана ішкені абзал.
Себебін орталықтың директоры былайша түсіндіреді. Мысалы, америкалықтардың өмір салтын алайық. Олар қарттарды емдеуге жапондықтармен салыстырғанда көп қаражат жұмсайды, соған қарамастан америкалықтардың ғұмыры қысқа. Себебі мұхиттың арғы жағындағылар жастар жейтін тағамды жасына қарамай талғаусыз жей береді екен. Бұл мүлдем дұрыс емес дейді жапондық мамандар. Қарттардың ағзасына арналған сіңімді ас сәбилерге арналғандай ұқыптап жасалып, қолжетімді болуы тиіс.
– Жас келген сайын адамдардың ас қорытуында қиындық туындайды. Сол себепті тіске жұмсақ, тез қорытылатын құнарлы азық болғаны жақсы. Бүгінде жапон қарттарының сүйікті асы – балық және теңіз өнімдері. Еттен түгелдей бас тартқан жапондықтарға ет жеуді үйреткен америкалықтар деп, сол әдеттен арылып келе жатқанға ұқсайды.
Бұл елде ұлттық деңгейде тұзды көп пайдалануға қарсы күрес жүргізеді деуге болады. Бұрындары жапондықтар тәулігіне 30-40 гр тұз қолданса, қазір ақпараттандыру науқанының нәтижесінде бұл мөлшерді 10 гр-ға қысқартуға мүмкіндік болыпты.
Жапондықтардың бәрін тамаққа келгенде кірпияз деуге келмейді, олардың да жаман әдеттері жоқ емес. Мысалы, геронтологтар қарияларының ыстық күрішке құмарлығын баса алмай отыр. Статистика бойынша қарттардың көбі онкологиядан өледі, оны ішінде асқазан рагынан. Сондықтан да ыстық күрішке қарсы шабуылды мемлекеттік деңгейде жүргізіп жатқанға ұқсайды.
Ұлттық геронтолог мамандардың назарға аударатын тағы бір нәрсесі – ол білім алып ізденуді ақырғы демі біткенше тоқтатпау қажеттігі. «Мидың тоқырап» қалуы Альцгеймер сияқты аурулардың асқынуына алып келеді. Теледидар бұл істе көмекші емес. Ал телебағдарламаны тамашалауға жапон қарттары күніне бір сағаттан аз уақыт бөледі. Салыстыра кетсек, Ресейде қарттар бес сағаттай, ал егде америкалықтар тәулігіне төрт сағаттай теледидарға үңіледі. Ал сериалдарсыз тірлігі жоқ біздің қарттар туралы сөз жоқ.
Ұзақ ғұмыр сүрудің тағы бір шарты – үнемі қозғалыста болу, дененің саулығын сақтау. Сондықтан да жапондықтар күніне кемінде бір сағаттай далада серуендейді.
Әрине, біздің қариялардың бәрі семга жеуге мүмкіндігі жоқ, қызылсырайтын да қарттар бар. Адам ағзасындағы белоктың болмауы бұлшық еттерінің божырауына алып келеді. Тағы бір нәрсе қарттар тамақты обыртып жемесе де, суды үнемі ішуді тоқтатпағаны абзал.
Қазақта «қатарың қалмаса, тойға барма» дейді. Жапондықтар да мұны түсінеді. Мамандар да олардың замандас құрбыларымен жиі араласып, түрлі шараларға бірге барып, күндерін көңілді өткізуін қадағалайды. Қоғамнан оқшаулану барлық жастағыларға да қатерлі.
Жапон қарияларының бағы асып туған болар. Біріншіден, оларға мемлекет үлкен қамқорлық көрсетеді. Бұл үшін түрлі ұлттық бағдарламалар бар. Бір қызығы, кәрілік өтіп, төсек тартып жатып қалған қарттардың күтімін мемлекет өзіне алған. Қарияларына үйіне барып көмек көрсету балаларының үлкен міндеті саналады. Медициналық, әлеуметтік көмекті үйінде көрсетуге бағытталған бағдарламаларға басымдық береді. Осыған сәйкес, қарттық отбасы үшін ауыртпалыққа айналмай, өз төрінде қартайып көзі жұмылғанша қадірсіз қалмайды.
Мемлекеттің де алға қойып отырған мақсаты – олардың белсенді ғұмыры мен жасының жалпы ұзақтығының арасын қысқарту. Бұл дегеніміз – қарттық кембағал-кәріптікке айналмай, ақырғы күндеріне дейін ақыл-ойы дұрыс болып, өз аяғымен жүріп, ешкімге салмағын салмай, ақырғы сапарына аттану. Сол үшін гипертония, диабет, обыр, деменция сияқты аурулардың алдын алуға күш салады.
Бізде де гериатрлар мен геронтологтар бар. Қарттарды шамамыз жеткенше біздер де қамқорлаймыз. Бірақ қалың көпшілік осы атауларды түсіне ме екен? Жоқ. Сол үшін айта кетелік, гериатрлар – егде адамдарға медициналық қызмет көрсететін мамандар. Геронтолог – 60-тан асқандарды қамқорлыққа алып, қажет болса емдеп, әдемі қартаюдың жолын көрсетіп, профилактикалық шараларды жасайтын маман. Бірақ осылардың алдын көрмейтіндер көп. Себебі оларда бастапқы санитарлық көмек көрсететін емханалар да жоқтың қасы. Екіншіден, алып бара жатқан ауруы болмаса да, алпыстан асқаннан кейін қарттардың үйде тыныш отыруы оңды іс деп саналады.
Ал шындығында, біздің де тұр­ғындар егделікті еңсеріп, біртіндеп қартайып келеді. Жапондықтар ауыратын барлық аурумен ата-әжелеріміз де ауырады. Алайда қарты бар үйлер жақсы біледі, қан қысымы көтеріліп, жүрегі қысылған ата-әжеңізге, әсіресе, жасы сексенді еңсерсе, дәрігерлік көмек талап етсеңіз, «кәрілік қой, енді не істейсіз» деп шарасыз қолын жаяды. Басымыздан өткен соң айтамыз.
Бұл не? Жасына қарап алалау, орысша айтқанда, дискриминация деуге бола ма? Немесе геронтолог дәрігерлердің жоқтығынан туындаған шарасыздық па? Кәрілік те оңай емес. Жасы ұлғайған сайын кеселі де көбейеді. Бірақ осының алдын алу, басқа да лайықты жас­ты жасаудың жолы айтылмайды. Бұл жұмыс қазіргідей жылына екі рет күндізгі стационарда система алумен бітпесе керек-ті.
Әрине, аға буын да өзінің денсаулығына қатты мән бергені жөн. Солай десе де, мемлекет те қарттар проблемасына оң қарауы тиіс. Біріншіден, оларды өмірдің көшінен тірісінде сызып тастамай, қолайлы орта қалыптастыру тиіс. Диетологтар жасына қарай ас мәзірін жасап, тиісті азық-түлік қолжетімді болуы тиіс. Әдемі қартаюдың насихатын жасап, жастар кәріліктен қорықпай, еңкейген шағында қарттарымыз да іштей егілмеуін жастықтың соңында жүрген біздер ойлануымыз керек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × one =