ҚАРТТАРЫН ҚАҢҒЫРТПАҒАН ХАЛЫҚ ЕДІК

0 373

Амал нешік?.. Әйтпесе, қазақта Қарттар үйі қай заман­да болыпты?! Орыстың отарына түскеннен кейін ғой, құлаққа түрпідей тиетін бұл мекеменің пайда болғаны. Бодандықтың қамытын бойымыздан сыпырғанда да қалар емес. Жиырма жылдан асып барады. Енді қалмайтын да шығар, сірә! Өйткені, Қарттар үйінен мекенін тапқан қарияларымыздың саны алпыстан асып жығылады… Жылдағыдан көбеймесе, азаймаған. Бір ғана елордада!

ОҚШАУ ҮЙДЕ ӨМІР БАР

Астанадан шеткерек. «Көктал» тұрғыналабы. Оқшауырақ орын тепкен үш қабатты еңселі ғимарат. Ел ішінде Қарттар үйі аталып кеткенімен, ресми атауы – Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік ме­кеме. Бірнеше жыл бұрын Елбасының өзі келіп, тұсауын кесіп, қамкөңіл қарттардың батасын алған. Меке­ме басшысы Кенжеболат Бәпішев айтқандай, бұл мекемеде тұрушыларға қанша жерден жағдай жасалғанымен, жар салып насихаттайтын орын емес. Рас, мемлекет қамқорлығына алды, қыруар қаржы бөлінуде. Ол қаражатқа қарттар мен мүгедектердің жағдайы жасалуда. Бірақ… Бірақтың астарын сәл кейінірек бағамдайсыз.

Кенжеболат Сапарұлы айтады, бұл жерде де сапырылысқан тіршілік. Қариялар бала сияқты, мүгедектер шы­дамсыз, ашуланшақ келеді. Ал олармен жұмыс істеу, бағып-қағу қандай қиын болса, айтып жеткізу де соншалықты…

Бес уақыт тамақтанады олар. Еріктеріне қарай қыдырады, қаланы аралай­ды. Ара-тұра концерттік қойылымдар тамашалайды. Жағдайлары барынша назарға алынған.

ТАЛАЙЛЫ ТАҒДЫРЛАР ТОҒЫСЫ

Бас-аяғы 340 адам. Ең жасы 26-да болса, қариялардың үлкені 99-да. 112-сі мүгедектер. Ал әлгі 340-тың нақты 76-сы мұсылман бауырларымыз болып шықты. Оның 60-тан астамы қазақ қарттары.

Кенжеболат Сапарұлы айтады, мұндағылардың әрқайсысының тағдыры бір-біріне мүлде ұқсамайды. Әрқайсысы әртүрлі жолмен келген. Алай­да, ешқайсысының өмірі өкінішсіз, машақатсыз, қиынсыз емес. Бәрінің кеудесінде – қыжыл, көңілінде қам бар.

«Әлгінде айтқанымдай, бұл жар­намалайтын мекеме емес. Десе де, Халықаралық мүгедектер қауымдастығына кіруді мақсат тұтып отыр­мыз. Қазірдің өзінде халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеудеміз. Сонымен қатар, мекеменің жаны­нан жартылай стационарлық, ақылы стационарлық орталық аштық. Алғашқысына қабылданушылар таңертең келеді, кешкі уақытта үйлеріне қайтады. Олардың артықшылығы сол, бала-шағасының қасында. Ал ақылы орталыққа жазылған 18 қартымыз бен мүгедегіміз күндіз-түні өзіміздің қамқорлықта», дейді мекеме басшысы. Бірақ, барлық қарттар мен мүгедекке көзқарас бір, алалау жоқ, бірдей на­зарда.

«КЕШТЕУ БОЛСА ДА ҚАУЫШТЫҚ…»

Тіршілік бар жерде жұптасу да бар. Қарт болса да, мүгедек болса да мұндағылар жүректерінің қалауына еріп, сыңарларын тапқан. Қырыққа жуық жұп бір бөлмеде, бір шаңырақтың астында ғұмыр кешуде. Мәселен, тумасынан су қараңғы Хасан Молдахметов пен әлде, орыс, әлде, украин (ұлтын өзі де білмейді) Ксения Вигулярная мұсылманша некелерін қидырған. Қалыңдық сол кезде Ислам дінін қабылдаған. Еріне ұйып бес уақыт намазын оқиды. Сосын Ксенияға Кенжеболаттың өзі Ақсана деп азан шақыртып, ат қойған көрінеді. «Ше­шемнен ерте қалдым. Есейе келе әкем қайтыс болды. Сосын туыстарыма салмақ салғанды жөн көрмей, осын­да ат басын тіреген едім. Қазақтың мейірімін көп көрген, қазақпен аралас-құралас болып өскен Ақсанамен та­ныстым, табыстық, түсіністік. Менен 15 жас үлкендігі болса да, жарасып кеттік. 1997 жылдан біргеміз», дейді отағасы Хасан.

ҚАРТТАР ҮЙІ ҚОҒАМНЫҢ ҚАСІРЕТІ

«Осыдан он шақты жыл бұрын, осы мекемеге басшылыққа келер алдында анам айтып еді: «Е-е, балам, өте ауыр жұмысқа барасың. Қарттар бала секілді болып келеді. Кез келген кішігірім нәрсеге шарт сынып, ашулана қалуы мүмкін. Түсіністікпен қара. Кешірімді, қайырымды бол», деп. Бұл – маған аманаттай сезілді. Марқұм анамның аманатын арқалап жүргендей болам қазір.

Тәуелсіздігімізді алған тұста, ел ішінде тоқырау басталды. Нарықтық заман жеке өмір сүруге бейімдеді ғой. Сонда кәсіпкерлікке бет бұрып, қонақүй ашқанмын. Қонақүйімнің жанында жетім-жесірлерге, қарт-мүгедектерге арналған бөлме бола­тын. Бірнеше қамкөңілді қанатымның астына алғаным бар-тын. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандардың, қариялардың өмірі маған бұрыннан таныс», дейді Кенжеболат Сапарұлы.

Осылай десек те, Қарттар үйі – қоғамның қасіреті. Бұл қасіреттің қанша уақытқа созылары Жаратқанға аян. Қасірет дейтініміз қария – елдің қазынасы емес пе?.. Ал қазақ жетімі мен жесірін, қараусыз қалған қартын қаңғыртқан, қынжылтқан халық емес. Бұл жұғымсыз қасиет өзгеде болса да, өзімізге жат еді. Әлгі «бірақтың» астары осы. Жат қылық жанымыз­дан табылды. Табылмаса, қазыналы қариялар «Қарттар үйіне шұбырар ма еді?!

Кенжеболат Сапарұлы айтады, бір күндері Қарттар үйі деген жоғалады. Қарттар үйі тек қарттардың бас қосатын орталығына ғана айнала­ды. Балаларының, немерелерінің, шөберелерінің ортасында ойнап, күліп, жадырап отырған ақсақалдыларымыз бен ақжаулықтыларымыз мұнда тек бас қосу үшін, уақыттарын қызықты өткізу үшін ғана келетін болады. Мұқтаждықпен емес, бір-біріне сырын айтып, әңгіме-дүкен құру үшін ғана келеді.

Лайым, солай болғай!

P.S.

Қария бақыты – немересінің исіне сүйсініп, шөбересінің күлкісіне шомылу. Оның аңсар ниетін, мейірбан көңілін, аялы алақанын Қарттар үйіне айырбастасақ, елдігімізге де, арымыз бен намысымызға да сызат түскені, сын болғаны.

Рас, Қарттар үйіндегі аталарымыз бен әжелеріміз ұл-қыздарына кінә артқысы келмейді. Жанына балаған жалғызын, бәлкім, жалмауызын кім жазғырсын?! Шерменде ата-ана оған аузы бармасы анық. Қариялардың мемлекеттік мекемеде мұрты майға малы­нып, барлық жағдайы жасалып отырғанымен, оның барлығының құны немересінің исінің жанында көк тиын. Ол өз ұрпағының, мейлі тағдыры оны бала-шағасын бағып-қағуға да жазбаса, ортасында болғысы келеді, сағынады, сарғаяды. «Әке-шешең жынды болса, байлап бақ» деген өсиет бізге айтылса керек-ті…

Қарттар үйіндегі қазақ қарттары алпыс-тан асып жығылады!..

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 5 =