Қарттарды қуантты

0 157

Астана қалалық Қарттар мен мүгедектерге арналған меди­ци­на­лық-әлеуметтік мекемесінің кинозалында Жұмыспен қамту жә­не әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп ұйым­дастырған «Армысың, әз-Наурыз!» атты мерекелік іс-шара өтті.

Ұлт­тық үлгіде безендірілген сах­на­ға жартылай киіз үй құрылып, оның керегелеріне тұскиіз, қазақы киім­­­дер, домбыра, қобыз, қамшы, аң те­­рі­лері, күбі, ат әбзелдері және басқа да тұрмыстық заттар ілін­­ген. Киіз үйдің нақ ортасындағы дөң­­гелек үстелге дастарқан жайылып, оған ұлттық ас мәзірлері мен наурыз көже қойылған. Көңіл-күйді көтеретін ән-күй орындалып, құлаққа жағымды мақаммен күн мен түн теңелген Ұлыс күні жырланып тұрды. Одан кейін Құрманғазының «Сарыарқа» күйі орындалып, экранда Наурыз мейрамы туралы слайд көрсетілді. Бірін-бірі алты ай қыс бойы көрмеген ағайындар құшақ жайып көрісті.

Арнайы рәсім аяқталған соң, мере­ке­лік шараны салтанатты түрде ашу үшін сахна төріне мекеме директоры Кенжеболат Сапарұлы шығып, құт­­тықтау сөзін сөйледі.

«Біздің мекеме құрылғалы 24 жыл­дан астам уақыт өтті. Сол жылдар­­дан бері мұнда 130-дан астам ұлт өкіл­­дерінің өзара достық қарым-қаты­­на­­сын нық ұстанып келеміз. Қазір осы залдың өзінде 16 ұлттың өкілі отыр. Бір кездері Наурыздың қайдан пай­­да болғанын, оның не екенін біл­­­ме­­ген де уақыт болды ғой. Енді Құ­­­дайға шүкір, 1989-90 жылдары төл ме­­­­­­рекемізді қайта жаңғыртып, міне, елі­­­міз­дегі барлық ұлт пен ұлыстар Жыл басын бүгінгідей шаттықпен жыл­да тойлауға зор мүмкіндік қа­лыптастырып отырмыз. Ұлыстың ұлы күні әрқайсыларыңыздың отба­сы­ларыңызға құт-береке дарытып, Ұлыс оң, ақ мол болсын!»,- деді Кенжеболат Сапарұлы. Өз кезегінде «Наурызнама» тарихын дәріптеуші Еркін ақсақал да әңгімесін тұшымды деректермен тұздықтай сөйлеп, көрермендерді бір серпілтіп тастады. Әрі қарай тойбастар, ауылдың алты ауызы, өзге де ән, күй, би жағы рет-ретімен жалғасып жатты. Қызыр бабадан бата сұралып, нағашы мен жиеннің сөз таластыру дәстүрі де сәтті сомдалды. Көрермендерге Наурыз нақыштары туралы бірнеше сұрақтар қойылды. Қазылар алқасы жасақталып, тобық беру, орамал тастау, асық ату ойындары және асқа байланысты мақал-мәтелдер мен жұмбақтар сайысы болды. Әр жеңімпаз бағалы сыйлықтармен марапатталып отырды. Қысқасы, мекеме ішіндегі шағын думанның мән-мазмұны тақырыптық бағдарлама бойынша кеңінен көрініс тапты. Жиналған жұртшылық та риза, біз де риза!

Мөлдір ХАЛЫҚОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen + 19 =