ҚАРТТАР ҚҰРМЕТІНЕ ҚҰЙҚЫЛЖЫДЫ ӘН

0 169

ERA_9287

Халықаралық қарттар күні қариялардың көңілін серпілткен шаралар қатарына «Жастар» сарайында өткен концертті де қосуға болады.

Бұл күні қарттардың алдында халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары, ІІМ ішкі әскерлерінің ән-би ансамблі, жаңадан танылып келе жатқан жас әншілер, «Номад» тобының биші балдырғандары өнер көр­сетті. Концерттік бағдарламаға қариялардың өздерінің де му­зыкалық нөмірлері енгізіліп, «Шаңырақ» ақ әжелер хоры, «Ветеран» және астаналық Еңбек ардагерлері хорлары «Бипыл», «Жайдарман» секілді қазақ және орыс халық әндерін де айтып, бір серпіліп алды.

Әсіресе, Жанар Әділбекова шырқаған «Шашылайын шұғылаң болып, Шырқа көңіл бүгін ән болып. Аман-есен жүрсеңдер екен, Бет түзейтін құбылам болып» деген ән жолдары тек ата-анаға ғана емес, залда отырған барлық қарияларға арналғандай естілді.

Сахнаға Мұқағали атты әнші шыға келгенде алдымызға ақиық ақын тіріліп келгендей әсер етті. Атақты аттасындыкіндей қайратты, қалың қара шаш өсірген бұл өнерпаз қарттарға жастық шақтарын сағындыртып, қырғыз композиторы Түгелбай Қазақовтың «Жаңбыр төкту» әніне салды. «Көк түріктер» халық аспаптар ансамблі түркілік сарынның қандай болатынын көрсетіп берді.

Қарттарды мерекемен қа­лалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Сыздықов құттықтап: «Өткен жылдардағы еңбектеріңіздің жемісін көріп, немере-шөберелеріңізді тәр­биелеп, аман жүріңіздер. Қай­сыларыңыздың болсын мем­лекетіміздің кешегісіне де, бү­гінгісіне де, болашағына да қос­қан үлестеріңіз зор. Сондықтан, мемлекетіміз сіздерге риза шығар деп ойлаймын. Дендеріңіз сау болсын, қартаймаңыздар, арамызда жүріп, еліміздің көркей­генін көре беріңіздер!» деп ізгі лебізін білдірді.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − fifteen =