ҚАРИЯСЫ БАР ЕЛДІҢ ҚАЗЫНАСЫ БАР

0 1  535

Ежелден «алпысқа келгеннен ақыл сұра» деп өскен біздің халық үшін ақсақалдарға жақсы жағдай жасап беру ғана емес, олардың ақылын алып, өмірлік тәжірибесін үйрену де қоғамдық маңызы зор істердің бірі болып саналады. Ал, еліміздегі ақылман қариялар мен ақ жаулықты аналардың ұйытқысы, бір орталыққа топтастыратын ұжымы – Республикалық Ардагерлер ұйымы мен оның барлық облыстар мен­­ аудандардағы бөлімшелері. Жас ұрпақ ар­­да­герлердің әңгімесін, ақылын тыңдап, тәжі­­ри­­бесін үйренгісі келсе, алдымен осы ұйыммен жақындасуы керек.

Биыл, дәлірек айтсақ, ақпан айының 27 жұл­­дызында Республикалық Ардагерлер ұйы­­­­мы Орталық кеңесінің төрағасы болып, елі­­мізге белгілі қоғам қайраткері, Парламент Сена­­тының алғашқы депутаттарының бірі әрі комитет төрағасы болған, түрлі басқарушылық орындарда, соның ішінде Маңғыстау облыстық білім басқармасында, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында бірінші басшы болып қызмет атқарған тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбаев сайланды. Барлық істің оң болып, белсенді жүргізілуі қай күнде де бірінші басшыға байланысты. Өмірде белсенді еңбек пен бастамашыл идеяны басшылыққа алатын Өмірзақ ағай келгелі ұйымның жұмысы белсенді жүргізіле бастады.

Дін – діңгегіміз

Алдымен, жастар арасында имандылық егу, сонымен қатар, оларды түрлі зиянды ағым­­дар­­дың ыңғайына түсіп кетуден сақтау ісіне қарттардың қандай көмегі болады, бұл істе Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы мен Ардагерлер ұйымы қандай бірлескен шаралар өткізе алады деген мәселелермен Алматы қаласында Бас мүфти Ержан Маямеровпен екіжақты әңгіме болды. Кездесу барысында ақсақалдар мен имамдардың бірге атқаратын жұмыстарының бағыттары айқындалды. Ол көбінесе жастармен өткізілетін түрлі кездесулер, дөңгелек үстелдер, теледидар мен радиохабарларға бірлесе қатысу формасында болмақ. Сондай-ақ, қазақтар арасында ғасырлар бойы имандылық дәнін егіп келген Имам ағзам Әбу Ханифа мазһабының маңызын халық арасына насихаттауда қарттар тарапынан болатын кейбір көмектер туралы әңгіме айтылды.

Жастар – болашағымыз

Қап тауының тұрғындарында «егер тау Мұхамедке келмесе, Мұхамедтің өзі тау­ға барады» деген бір нақыл сөз бар. Сол айт­­пақ­­шы, қарттар – Ардагерлер ұйымы өзі бас­­тамашы болып, жастар ұйымдарымен бірлесе жұмыс істеуді қолға алды. «Нұр Отан» ХДП-ның «Жас Отан» жастар қа­­на­­тында білікті басшылар бар болып шықты. Олар жас ұрпақты патриоттық рух­­та тәрбиелеуде аға ұрпақтың ақылы мен тә­­жі­­рибесін таратудың маңыздылығын тез тү­­сініп, ынтымақтаса жұмыс істеуге бірден келісті. Соның нәтижесінде Ардагерлер ұйымы Орталық Кеңесі мен «Жас Отан» жастар қанатының арасында ынтымақтаса жұмыс істеу туралы меморандумға қол қойылды. Екі ұйымның бірлесе өткізген алғашқы шарасы С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» мектебіндегі кездесу болды. Көздерінен жалын ұшқындаған жас ұрпақ өкілдері аталары мен әжелерінің әңгімелерін зор қызығушылықпен тыңдап, патриотизмнің қайнар көзі қайда екеніне бір сәт көңіл бөлді.

Соғыс ардагерлері ардақталды

Өткен жүз күнде атқарылған айтулы шара­лар­дың ішінде Орталық кеңестің кезекті, үшін­­ші пленумын атауға болады. Онда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына дайындық барысында республикалық ардагерлер ұйымының алдында тұрған міндеттер талқыланып, пысықталды. Жасалған баяндаманы талқылау барысында түскен ұсыныстар мен пікірлер ескеріліп, іс-шаралар жоспары жасалып, бекітілді. Осы мәселенің барлық қырлары мен маңызын және ұйымның алдында тұрған міндеттерін көрсеткен көлемді мақалалар Орталық кеңес төрағасының атынан республикалық «Егемен Қазақстан» (08.05.2013 ж., «Ерлік ескірмейді») және «Казахстанская правда» (13.04.2013 г., «В преддверии великой даты») газеттерінде жарияланды. Қазір барлық облыс орталықтарында ардагерлер ұйымы Пленумдары төрағаның қатысуымен алда тұрған міндеттер талқылануда.

Ал, Ұлы Жеңістің 68 жылдығы мерекесі еліміздің барлық деңгейдегі ардагерлер ұйымдарының араласуымен мемлекеттік органдар және қоғамдық ұйымдар тарапынан жоғары деңгейде аталып өтті. Ақылман қариялар мен аналардың елге, жерге деген ақ тілектері, тұңғыш рет болған жауынгерлік парадқа қатысты жақсы пікірлері БАҚ беттері мен ТВ, радиоларда жиі естіліп жатты.

Ұлы Жеңістің 68 жылдық мерекесі қар­са­­ңын­­да 68 соғыс ардагеріне жаңа пәтер­лердің кілті табыс етіліп, көптеген ардагерлердің үй-жайларына жөндеу жұмыстары жасалды. Сондай-ақ, әлеуметтік және тегін ме­­ди­­цина­­лық көмектер ұйымдастырылды. Осы­­ның бә­­рін ұйымдастыруда ардагерлер ұйым­­да­­рының бел­­сенділігі айқын көрінді

Мүжәлсізге көмек

Қазір Ардагерлердің Орталық кеңесінде Еуропаның дамыған елдерінде 30 жылдан бері қолданылып келе жатқан «Өмір белдеуі» атты жобаны іске асыру мәселесі қарастырылуда. Оның мәнісі мынада: есепке алынған науқас қарттар (соның ішінде бұрын инфаркт, инсульт алған) медициналық дабыл жүйесіне енгізіліп, олардың қолдарына арнайы білезік немесе кулон кигізіледі. Сырқат адам телефонмен көмек шақыра алмай құлап, тұра алмай қалған жағдайда қолындағы білезіктің түймешесін басса болды, санаулы минуттерде жедел жәрдем жетіп келіп, көмек жасайды. Міне, осындай жүйені іске асыру бізде де қолға алынбақшы.

Ағадан – ақыл

Сонымен қатар, Орталық кеңестің жұмысын жандандырып, белсенді әрекеттер жасау жолында еліміздің ардақты азаматтарымен кездесулер болды. Соның ішінде Кеңес Одағының Батыры және Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов, Кеңес Одағы Батыры атағын екі рет алған, даңқты ұшқыш Талғат Бигелдинов, Еңбек Ерлері Бошай Кітапбаев пен Әбіш Кекілбаев және т.б. басқалармен болған әңгімелесулердің маңызы зор болды. Олардың ақыл-кеңестері мен ұсыныстары ұйымның болашақ жұмыстарында орын табатын болады.

Бабалардың сара жолы

Осы уақыт аралығында Ардагерлер­ ұйы­мы­ның­ Орталық кеңесі бірнеше республикалық мә­­дени шараларға белсенді қатысушы болды. Соның ішінде Алаш қозғалысының 95 жыл­­ды­­ғы­­на арналған «Ұлттық сана және Алаш арыс­­та­­ры» атты халықаралық және жас ұрпақты отан­­шылдық рухта тәрбиелеуге елеулі үлес қоса алатын, республикалық деңгейде атап өтіліп жатқан атақты «Елім-ай» жырының авторы Қожаберген Толыбайұлының 350 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияның құрылтайшысы болып, сәтті өтуіне белсенді атсалысуда. Бабаның жас ұрпаққа ғибрат болатын істері мен өсиеттері жайлы үлкен баяндама дайындалды.

Қарттар қарап отырған жоқ

Сонымен қатар, Орталық кеңес жергілікті жерлердегі бөлімшелерде атқарылып жатқан жақсы істер мен игі бастамаларға қолдау білдіріп, өз тарапынан дұрыс бағдар беруде. Соның ішінде Алматы қаласы ұйымының ардагерлердің компьютерлік сауатын ашу жұмысын жүргізетін орталық, Қарағанды қаласындағы шахмат клубын ашқанын республикаға әйгіледі. Қостанай облысы Рудный қаласындағы Соколов-Сарыбай тау-кен өндірістік комбинатының ардагерлерге жасаған қамқорлығын тәжірибе ретінде насихаттау жұмыстарын іске асыруда. Астана қаласында ардагерлер немере, шөберелерімен бірге Ұлы Отан соғысы батырларына қойылған ескерткіштерді өз қамқорлықтарына алып, тазалау, абаттандыру т.б. жұмыстарын жүргізді. Теміртау қаласы ардагерлерінің тұрғылықты жерлердегі жастар арасындағы жұмыс тәжірибесі жинақталып, жарияланды.

Мемлекетаралық деңгейдегі мерейлі істер

ТМД аумағындағы ардагерлердің Республи­ка­­лық ұйымдарын біріктіретін Мәскеу қала­­сын­­дағы Халықаралық одақ ұйымында Ұлы Отан соғысына қатысқан қаһармандарды мәң­­гілік халық жадында сақтау үшін Қазақстан Республикасында жасалып жатқан жұмыстар жө­­нінде есеп беріліп, ол мақұлданды.

Қазақстанда ескерткіштер саны көбейе тү­­суде. Соңғы бес жыл ішінде ғана 609 мемо­­риал­­дық нысан бой көтерді. Жалпы саны 5 мыңнан асты. Солардың ішінде Тверь облысындағы 100-ші және 101-қазақ атқыштар бригадасының ерлігіне арналған мемориал, Алматы облысы Панфилов ауданындағы мұражай, Өскемен қаласындағы Ерлік мемориалы, Қостанай қаласындағы ерлік ескерткіші және басқа да ондаған нысандар берілді.

Сондай-ақ, қысқа тарихи мерзімде Әлемдік қауымдастықтарды тарту орталығы және түрлі бағыттардағы көлемді халықаралық форумдарды өткізу орнына айналған жаңа Астананың ауқымды құрылысы да мемориалдық жұмыстарды жандандыра түсуде. Көлемі 14 мың шаршы метрді алатын мемлекеттік тарихи мұражай, «Отан қорғаушылар» кешені, Бауыржан Момышұлының, Мәншүк Мәметованың, Әлия Молдағұлованың және басқа қаһарман қазақстандықтардың ескерткіштері салынуда.

Республикада Жеңіс Күні қарсаңында жыл сайын барлық ескерткіш орындарына жөндеу жүргізіліп, жаңартылады. Бұл ескерткіштер салтанатты іс-шараларда көпшіліктің келіп, тағзым етер орнына айналған. Соғыс ардагерлерінің отбасылық ескерткіштерін және қабірлерін қамқорлыққа алу дәстүрі де жалғасуда.

Сонымен қатар, әсіресе, оқу орындарында жастарға тәрбие беретін мұражайлардың, жауынгерлер ерлігі бөлмелерінің саны арта түсуде. Жуырда 1670 қоғамдық мұражай қатысқан республикалық байқау конкурсын өткіздік. Біздің өтінішіміз бойынша оларға оқушылардың қатысуын қамтамасыз ету оқу бағдарламасына енгізілді.

Ерлік ұмытылмайды

Іс жүзінде Белоруссия жері Ресей, Украина сияқты кеңес адамдарының қанына молынан суарылған Қазақстан соғыс алаңы болмаса да, Жеңіс жолында өзінің миллионға жуық ұлдары мен қыздарының өмірін берді. Соның ішінде 500 Кеңес Одағының Батыры, 50 Даңқ орденінің толық кавалері болды. Ұлы Отан соғысына қатысқан 33 ұлттың ішінде қазақтар адам шығыны жөнінен үшінші орында тұратынын көп адам біле бермейді.

Кейбіреулердің Ұлы Жеңістегі Кеңес Одағының рөлін кішірейтуге тырысқанына қарамай, олардың есімдері ешқашан ұмытылмайды және оны ұмытпау қасиетті борышымыз.
Ұлы Жеңіске қол жеткізуге шексіз үлес қосқан Тыл еңбеккерлерінің рөлі мен еңбегінің маңыздылығын ескеріп, оны бағалауды көтеру керек деп санаймыз. Соғыс жылдарында Қазақстан елдің сенімді тылы бола білді. Бізге жүздеген өнеркәсіп орындары мен ұйымдары көшірілді. Олардың бәрі майдан үшін еңбек етті. Жарты миллионнан артық көшірілген халық қазақстандықтардың қамқорлығын көрді. Еліміздің барлық түкпіріндегі халық соғысқа қажетті қару-жарақ, киім-кешек, азық-түлік дайындау жолында жан аямай еңбек етті.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай Республикалық Ардагерлер ұйымының Орталық Кеңесі естелік кітабын шығаруды қолға алып отыр. Ол Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтардың майдандағы және тылдағы ұшы-қиырсыз зор үлесін молынан көрсетуді көздеп, көп томдық болып шықпақшы. Мұндай кітаптардың жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады деген үміттеміз.

Ел ағаларымен бірге

Әрине, Ардагерлер ұйымы жұмысын жандандыруда мемлекеттік органдармен тығыз ынтымақтастық жасалуы қажет. Олай болмаған жағдайда ұйымның көптеген қоғамдық ұйымдардың бірі болып қала беруі мүмкін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауы мен қорғауындағы айрықша қоғам екенін көрсете отырып, ұйым басшысы бірнеше министрліктер мен ведомстволар басшыларымен ықпалдастық мәселелерін талқылып, жиі кездесіп тұрды. Соның ішінде министрлер М.Құл-Мұхаммед, Б.Жұмағұлов, С.Әбденовпен кездесулер екі жаққа да тиімді болды. Сондай-ақ, Кәсіподақ федерациясының төрағасы Ә.Құсайынов, Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Е.Сыдықов және басқа да ұйым жұмысының көптеген мәселелерін шешу бойынша кездесулер болды. Міне, Өмірзақ Озғанбаев төрағалық еткен жүз күнде Орталық кеңес тарапынан атқарылған жұмыстардың бірқатары осындай.

Манар Самұратова,
Республикалық Ардагерлер
ұйымы Орталық кеңесінің қызметкері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × one =