«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қарияларға құрмет

0 193

Байқоңыр ауданының әкімдігі Халықаралық қарттар күніне арналған мерекелік шараларды бастап жіберді.

Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өткен шараға аудан аумағында тұратын 300 соғыс және еңбек ардагері шақырылды. Аудандық әкімдіктің қызметкерлері әрбір қонақты гүл шоқтарын ұсынып қарсы алды. Мерекелік шараға жиналған қауымды алғашқы болып Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров құттықтады. Қазақтың тұңғыш ғарышкері майдангерлер мен зейнеткерлерге зор денсаулық тілеп, өмірде белсенді бола беруге шақырды.
Сахна төріне Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы мен Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Қаналимов көтеріліп, бір топ азаматтарға «Құрмет грамотасын», «Алғыс хаттар» және бағалы сыйлықтар табыс етті. Олардың қатарында «Айдар» бастауыш ұйымы төрағасының орынбасары Еслям Әбжанов, «Астанателеком» бастауыш ұйымының басшысы Людмила Литвинова, «Астана су арнасы» бастауыш ұйымының төрағасы Ибрагим Әлімбаев, «Жангелді» бастауыш ұйымының төрағасы Қайырбек Шәймерденов, «Верховина» бастауыш ұйымының жетекшісі Виктор Швидко және ардагерлер қоғамының белсендісі Нина Приходько болды. Қоғамдық негізде жұмыс жүргізіп отырған осы азаматтарға демеушілер атынан телевизорлар берілді.
Мерекелік шараның шырайын, әрине, әншілер мен күйшілер келтірді. Түптеп айтқанда, Байқоңыр ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен, Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің қолдауымен өткен «Қарттарым аман жүрсе екен…» атты мерекелік шарадан майдангерлер мен ардагерлер мерейі өсіп қайтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды