Қариялар қуанып қалды

0 130

Елорданың Алматы ауданында Қарттар күніне арналған шаралар жалғасуда. Соның бірі – «Алтын адам» мейрамханасында ұйымдастырылған мерекелік дастарқан. Астаналық қарттарды бір дастарқан басына жинап, сый-құрмет көрсеткен Алматы ауданының әкімдігі. Бүгінде ауданда 14 мыңға жуық қария тұрады екен. «Алматы ауданы әкімінің аппараты ардагерлер кеңесімен, «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық және Алматы аудандық филиалымен бірлесе отырып, 200-ге жуық қарияға дастарқан жайып отырмыз. Халқымыз қашанда ақсақалын ардақтап, үлкен іс бастарда сол кісілерден бата алған. Міне, біздің де негізгі мақсатымыз – үлкендерге құрмет көрсету. Сіздердің өмірлік ұстанымдарыңыз жастарға үлгі, тәрбиелік маңызы жоғары. Әрдайым аман-есен болыңыздар!» деген аудан әкімі Бекбол Сағын қарияларды мерейлі мерекемен құттықтады. Қазақ ұлттық өнер университетінің, гуманитарлық колледждің және музыкалық мектептің өнерпаздары ата-әжелерге арналған концерт қойды.


Жалпы, Алматы ауданында қарияларға арналған мерекелік шаралар өзге де мекемелерде жалғасын табуда. «Астана Тазалық», «Астана Көгалдандыру құрылысы», «Астана су арнасы», «Астана-өнім» және тағы басқа кәсіпорындар мен еңбек ұжымдарында ардагерлерге дастарқан жайылып, сыйлықтар табыс етілді.
Мереке «Интернациональный» тұрғын алабында елордалық кәсіпкерлердің қолдауымен «Тағам» мейрамханасында басталған еді. Одан кейін «Промышленный» мен «Железнодорожный» кенттеріндегі ата-әжелер де ескерусіз қалмады. «Зейд» ойын-сауық орталығының ұжымы жалғыз басты қариялар мен мүгедектерге, үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелерінің қарауындағы 50 қарияға қайырымдылық ас беріп, мерекелік бағдарлама ұсынды. Ал, Астана қаласы мәслихатының депутаты Е.Бекішев «Ақ жайық» дәмханасында 70 зейнеткерге дастарқан жайды.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × two =