Қариялар қуанып қалды

0 116

ZAH_8825

Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастамасымен Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеменің ұжымы Наурыз мерекесін атап өтті. Салтанатты шарада мекеме директоры Кенжеболат Бапишев сөз сөйлеп, қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туған халқын бүгінде өрлеу мен өркендеуге бастады. Оның сарабдал саясаты бізді әлемге танытып, дамыған мемлекеттермен тереземізді тең етті. Ал «Мәңгілік ел» идеясы әлі Қазақстанды алпауыт отыз елдің қатарына қосатынына сеніміміз зор. Президент қарияларды да назарынан тыс қалдырған емес. Үнемі қолдау көрсетіп, қошеметтеп жүретініне өзіміз куәміз. Біздің арамызда Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері және оларға теңестірілген қарттар да баршылық. Жеңістің жетпіс жылдық мерейто­йына орай тағы да мемлекет құрметі жалғасуда», – деген Кенжеболат Бапишев отыз шақты мекеме тұрғынының кеудесіне мерекелік медаль тағып, гүл шоқтарын табыс етті.

Орталықтағы300-ден астам қария мен мүгедек жандарға 217 адам қыз­мет көрсетеді. Тұрғындардың көп­шілігі жарымжан, қарт болғанымен, барлығы да қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Әз-Наурыз мерекесін атап өтуге де әркім өз үлесін қосып бақты. Тұрғындардың ширақтығы, жағдайларының жақсы болғандығы шығар, Ұлыстың ұлы күнін тойлауды мұнда дәстүрге айналдырған.

Кеш өнерлі қарттар мен мүгедек­тердің ән-жырымен жалғасын тапты. Ұлттық киімдер киіп, көрініс қойған олар тарихқа терең бойлады. Абылай хан ауылы мен Қасым хан ауылы болып, салт-дәстүріміздің тағылымдарын айшықтады. Ағаш егу, бұлақ көзін ашу сынды ғибратты істерді насихаттады.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 − 6 =