Қариялар қамқорлықтан қағылмайды

0 288

Астанадағы «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 298 адамға қызмет көрсетеді. Қарттар үйіне қарияларымызды тағдырдың тауқыметі, басқа салған жалғыздық, сыйласатын ортаның жоқтығы мен бос уақыттың көптігі жетелейді екен. Аяқ-қолы сау қарттардың әрі-бері жүріп, басқалармен әңгімелесіп, таза ауада серуендеуге мүмкіндігі бар. Ал өз үйінде сырқатымен жалғыз қалған кісілердің радио тыңдап теледидар көруден басқа амалы болмай жатады. Ондай кезде «Шарапаттың» шапағаты бар. Бүгінде 480 жалғызбасты қарт пен 1, 2 топ мүгедектігі бар жандарға жан-жақты қолдау көрсетіп отыр.

image-29-09-21-04-40-4
image-29-09-21-04-40-3
image-29-09-21-04-40-2
image-29-09-21-04-40-1
image-29-09-21-04-40
previous arrow
next arrow

– «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 1989 жылдан бастап жұмыс істейді және қарт адамдар мен мүгедектердің тұрақты немесе уақытша тұруына, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға арналған 400 орынға есептелген. Қазіргі уақытта мұнда 29-96 жас аралығындағы 298 адам тұрады. Оның ішінде 1 – Ұлы Отан соғыс ардагері Раиса Сафоничева (96 жаста), 9 – тыл еңбеккері, 3 – қуғын сүргінге ұшыраған жандардың балалары бар, – дейді «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының әлеуметтік қызмет жөніндегі басшы орынбасары Ардақ Сейітова.
Сонымен қатар орталықта сауықтыру және әлеуметтік-оңалту қызметтері көрсетіледі. Оның ішінде емдеудің медикоментозды емес әдістері: иппотерапия және жүзу, «Тонус» денсаулық тобы, «Белсенді таң», «Скандинавтық жүріс» бар. Барлық медикоментозды емес әдістер қолданылуда. Тек карантинге байланысты иппотерапия мен паралимпиадалық орталыққа бару уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар, шахмат, дойбы, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, бильярд ойнайды. Қалалық жарыстарға белсенді қатысуда. Әлеуметтік-психологиялық қызмет көрсету және психоэмоциялық тұрақтылық пен релаксацияны қолдау мақсатында сенсорлық бөлме, құм және ионотерапия бөлмелері жұмыс істейді. «Халық қолданбалы шығармашылығы», «Шебер қолдар», «Көркем сурет салу» үйірмелері, тігін цехы, етік шеберханасы, мүгедектер арбаларын жөндеу шеберханасында зейнеткерлер еңбектенеді.
«Орталықтың аумағында 6 жылыжай орнатқанбыз, сол жерде 9 ата-апамыз жеміс-жидек отырғызып, қысқа қамдануда, яғни қияр мен қызанақтардан банка жабады өздеріне. Орталығымыздың бос жерлеріне ата-әжелерге арнап құлпынай, қарақат және таңқурай отырғызып бердік, аталған ағаштарды өздері күтіп-баптап, жемістерін де өздері жейді.
Қаладағы қайырымды жандардың арқасында типография мен ойын кабинетін аштық, мүгедектігі бар жандар уақыттарының көп бөлігін сонда өткізеді. Типографияда футболка, кепка және кружкаға сурет басып шығаруға болады, ал екінші бөлмеде плэйстейшен ойнайды. «Шебер қолдар» үйірмесінің аясында «эко сөмке» атты әлеуметтік жобамыз іске асуда, апаларымыздың материалдан тігілген сөмкесін қайырымды жандар арқылы сатып, түскен қаражатқа қайта материал алып сөмке тігудеміз. Жалпы еңбектерапиясына 75-80 адам тартылған» деді А.Сейітова.
2020 жылдың 1 шілдесінен бастап «Шарапат» орталығы тек стационар жағдайында емес, сонымен бірге үйде қызмет көрсетуді бастады. Нұр-Сұлтан қаласы әкімі қаулысының барысында «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің әлеуметтік қызмет көрсету орталығы (үйде, жартылай стационарда) біріктірілді. Бүгінде орталық қаладағы жалғызбасты қариялар мен 1,2 топ мүгедектерге де қызмет көрсетеді.
Ардақ Сейітова заман талабына сай ашылған қарттар үйіне балалардың ата-анасын өткізуі тәрбиеден дейді. Қарттар үйіне әке-шешесін үйіндегі артық адам санағандар өткізіп жатыр деген пікірмен толыққанды келісуге болмайды дейді. Себебі орталықта 298 адам болса, 298 тағдыры бар.
«Қартайғанда тағдырың қалай боларын білмейсің. Орталықта әртүрлі азаматтар бар, түрлі тағдыр тоғысқан жер. Мұнда ақылы түрде 65 адам тұрады, олардың бала-шағасы бар. Біреуі өзі қалап келсе, енді бірінің денсаулығы арнайы күтімді қажет еткендіктен, осы жерге тап болды. Біздің орталықта күні-түні бойы медициналық күтім бар ғой, қария адамға сол емес пе керектігі. Оның үстіне жастары мен тағдырлары қатар адамдар бар, бос уақытта отырып сырласатын, бірге басқосатын жандар» деді ол.
2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қарттар үйінде тұратын жандардың зейнетақысының 70 пайызы мемлекетке түседі. Заңды түрде, ал қолдарында 30 пайыз көлемінде қалады. Бұл ұсталынған ақша біздің мекеменің арнайы шотына түсіп, ол ақша бюджет тарапында тұратын қариялардың керек-жарағына жұмсалады (киім-кешек, гигиеналық заттарға, ересек адамдарға арналған жөргектерге, дәрі-дәрмектерге 2016 жылдың 24 ақпанындағы №139 бұйрыққа сәйкес). Ақылы түрде тұратын қариялар зейнетақысын толығымен өздері алып тұрады. Орталықта несие төлейтін қарттар бар, бірақ не үшін несиені алғанын ешкімге айтпайды екен, бұл – өздерінің мәселесі.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + 13 =