©2020 Астана Ақшамы
Қарғынға қарсы қамданыс
Қаламызда қар тазалау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қыс басталғалы елордада 2 млн текше метрдей қар шығарылды. Қарғын судың алдын алу мақсатында шаһардың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Елордада ақпанның 4-інен 5-іне қараған түні 0,7 мм қар түсті. Сол себептен қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп, қала аумағынан 27 677 текше метр қар шығарды. Соның ішінде Алматы ауданынан – 10 825, Сарыарқа ауданынан – 11 723 және Есіл ауданынан 5129 текше метр қар шығарылды.
Қазіргі таңда қар тазалау жұмыстары екі ауысыммен жүргізілуде. Мәселен, кеше қарды қолмен тазалауға 2170 адам тартылды. Бұған қоса, елорда жолдары мен орамішілік аумақтарды қардан тазартуға 986 арнаулы техника жұмылдырылды. Атап айтқанда, 162 сыпыру-жинау машинасы, 107 тротуар тазалайтын машина, 1 шнекороторлық машина, 33 құм себетін машина, 17 автогрейдер, 33 табанды қар тиегіш, 194 фронтальді қар тиегіш, 439 КамАЗ көлігі.
Қыс келгелі елордада 2 млн текше метрге жуық қар тазаланғанын айта кетейік.
Синоптиктердің болжауынша, демалыс күндері де қар жауады. Бүгін, 6 ақпанда көшпелі бұлт шығып, түнде қар жауып, боран соғады. Ауа температурасы күндіз 0;+2°С, түнде -3–5°С болады. Жексенбі, 7-ақпанда да ауа температурасы сол шамада болады деп күтілуде.
Бүгіндері қаланың коммуналдық қызметтері Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп тұрғын үйлер мен қала маңындағы аумақтарды су басуды болдырмауға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асырып жатқанын да айта кету керек. Сондай шаралардың бірі – Есіл өзені мен оның тармақтарын тексеру. Бұл жұмыс ақпан айының алғашқы он күнінде атқарылмақ. Сондай-ақ, Астаналық су қоймасындағы су көлемін Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті тұрақты бақылауына алды.
astana-akshamy.kz