©2020 Астана Ақшамы
ҚАРҒЫН СУДЫҢ ҚАУПІ СЕЙІЛДІ
Күн жылына бастағанда еріген қар мен жауын суы жұртты әжептәуір әбігерге салады. Жылда қайталанатын қалыпты жағдайға елорда сақадай сай. Оны біз дер кезінде орындалып жатқан су тасқынына қарсы шаралардан байқаймыз. Қаланың қай аймағы болсын, барлығы қатаң бақылауда.
Қала әкімдігі сайтының «Халықтық бақылау» бөліміне қарғын суға қатысты келіп түскен шағымдар уақытында қаралып, мәселе реттеліп отыр. Төтенше жағдай туған кезде, тез арада байланысқа шығатын тұрғындардың белсенділігі мәселені ушықтырмай, қадағалауға көп септігін тигізеді. Қызыл су басты деген хабар түссе, қалалық қызметтер дереу жетуге даяр. Сайтқа түскен өтініштер бойынша әрекет жасалып, орындалған жұмыстардың нәтижесі фото түрінде де жолдануда. Мұның бәрі шаруақорларға деген сенімді арттыра түседі.
Қызыл суға қатысты шағымдардың басым бөлігі Сарыарқа және Алматы аудандарының тұрғындарынан келіп түседі. Мысалы, Константин Селезнев есімді азамат Ш.Бейсекова көшесіндегі 7/3-үйдің ауласын су басып кеткендігін айтып, хат жазған. Нәтижесінде аудан әкімдігінің нұсқауымен «Астана Тазалық» ЖШС көпке созбай, аталған мекенжайдағы қызыл суды сору жұмыстарын жүргізді. Бұл мердігерлік ұйым осы аудандағы ғана емес, қаладағы қарғын суға қарсы шараларға белсенді атсалысуда.
Астаналықтар сын-ескертпелерін тек әкімдіктің сайтына ғана емес, күні-түні жұмыс істейтін, ши шыққан жерден шалынған қоңырауларға құлақ асатын Интеллектуалды Байланыс орталығына да жолдайды. Осы сәуір айының басынан бері «109» нөміріне қызыл суға қатысты мәселемен 1026 тұрғын хабарласқан.
– Көшелер мен аулалардағы су тасқыны бойынша бізге келіп түскен 1026 мәселенің бүгінде 1016-сы реттелді. Қалған 10 шағым бойынша аталған аймақтарда тас аралас құм себілу керек. Бұл шара аудан әкімдіктері жағдайды бақылағаннан кейін жүзеге асады, – дейді Аталмыш орталықтың ақпараттық-талдау бөлімінің басшысы Қайыржан Қуанышбаев.
Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті су басуы мүмкін аймақтарды жіті бақылап отыр. Тасқынға жол бермеу шаралары ұйымдастырылып, құрамында 309 адам, 49 техника бірлігі, 12 жүзу құралы және 1 тікұшақ бар арнаулы топ құрылған.
Су тасқыны кезеңі басталысымен, қала тұрғындарынан 1000-нан аса өтінім түсіп, барлығы мерзімінде орындалды. Осы уақытқа дейін 129 мың 630 текше метр су сорылып, 3 млн 255 мың 904 текше метр қар шығарылды. Бүгінде қаладағы халық көп шоғырланған 266 нысанда қар тазалау жұмыстары аяқталды.
Елордалық Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстарының құтқарушылары Астанаға ғана емес, су басу қаупі төнген көрші облыстарға да көмек қолын созды. 1 сәуір күні құрамында 23 адам мен 6 техника бар құтқарушылар тобы Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданының Смирнов ауылына және Шал ақын ауылына аттанған. Дер кезінде жетіп барған астаналық гарнизонның арқасында 14 мың 553 текше метр су тартылды.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ