«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қарғын суды қадағалайды

0 27

Наурыз айының соңғы күндері шаһар тұрғындарын әжептәуір әбігерге салғаны белгілі. Ауа райының қолайсыздығы салдарынан қаншама адам зардап шекті. Синоптиктердің мәліметіне сенсек, алдағы уақытта күн күрт жылиды деген болжам бар. Бұл су тасқыны мен сел қаупін тудыратыны ақиқат.

big_6d1e80e1099d4bce

Елордада су тасқынына қарсы іс-шаралар қарқынды жүріп жатыр. Қалада су тасқыны қаупі бар учаскелер саны өткен жылдармен салыстырғанда 25-ке дейін азайды. Азаматтық қорғау органдары, коммуналдық қызметтер тұрақты дайындыққа келтірілді. Тасқын суларды өткізу бойынша кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді.

Қарды уақытылы тазалау ерекше бақылауға алынды, сонымен қатар, қардың еруі салдарынан жеке тұрғын үйлерді су басуына жол бермеу мақсатында 25 су тасқыны қаупі бар учаскелер мен елді мекендердегі қарды тазалауға ерекше назар аударылды.

Бүгінгі таңда қала аумағынан 4,5 млн текше метрден астам қар шығарылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көп. Бұл ретте «Қазгидромет» РМК деректері бойынша, биылғы қысқы кезеңде түскен жауын-шашынның нақты көлемі – 157,1 мм, ал норма – 99 мм.

«Сондай-ақ нөсерлі кәріз желілерін тазалау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. 2022 жылдың басынан бері барлығы 3940 м коллектор жуылды, сол сияқты жауын қабылдайтын құдықтар тазартылды және т.б. Есіл, Ақбұлақ және Сарыбұлақ өзендерінің бөгеттерін, көпірлері мен арналарын тексеру, гидротехникалық құрылыстардың әзірлігі, жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізу және т.б. бойынша жұмыстар жүргізілуде» деп атап өтті елорда әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов.

Алматы ауданы әкімдігінің өндірістік-техникалық бөлімінің бас маманы Батырхан Жазықбаев­тың айтуынша, аталмыш аудан аумағын тексеру барысында су тасқыны кезеңінде су басуы мүмкін 7 учаске анықталды. Атап айтсақ, оңтүстік-шығыс тұрғын алабының сол жағында орналасқан Есіл, Бұқтырма, Ертіс, Қозыбасы, Қобыланды батыр көшелері және оңтүстік-шығыс тұрғын алабының оң жағында орналасқан Сарыкөл, Қоңыраулы, Мойынты, Түлкібас, Баянтау, Балбырауын көшелері мен Шабыт тұйық көшесі. Сондай-ақ Промышленный тұрғын алабындағы Көкжелек, Бәйшешек, Көкарал, Атамұра көшелері мен Достық шағын ауданы, Гольф клубына апаратын жол, Сүткент және Жылыбұлақ көшелері, «Железнодорожный» тұрғын алабы аумағындағы Иманақ, Төреқұлұлы, Жабаев көшелері мен «Нұрлы жол» жаңа вокзал ауданында, Индустриялық парк аумағында су басу қаупі бар.

Су тасқынына қарсы іс-шараларға 40 бірлік мамандандырылған техника, оның ішінде 30 самосвал, 3 фронталды техника, 4 табанды тиегіштер және 3 автогрейдер жұмылдырылды.

Сонымен бірге көктемгі кезеңде еріген қар суларын тиімді өткізу үшін арық-науа желілерін қар мен мұздан тазарту жұмыстары қолға алынды. Аудандағы 26 көшедегі арық желісінің ұзындығы – 8974 қ.м., оның ішінде 1780 қ.м. құбыр­ларды, 7194 қ.м. арық-науа желісін құрайды.

Бас маманның мәлімдеуін­ше, қазіргі кезде аудан аумағындағы Қалба, Балқантау, Құндызды, Нұрлы, Жанкент, Қ.Сәтпаев, Обаған, Талғар, Ертіс, Қобыланды батыр, Ахметбеков көшелері бойынша 7830 қ.м. арық-науа желісін тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмысқа 10 жол жұмысшысы, 6 арнайы техника жұмылдырылды.

Әрине, көктемгі тасқынның алдын алуға тұрғындар да атсалысулары керек. Аталмыш аудан әкімдігі қауіпті аймақтардың тұрғындарына қазірден аула және үйлерінің маңайын қардан тазартуға кеңес берді. Ал жалғызілікті үлкен кісілер мен кембағал жандарға жылдағы дәстүр бойынша еріктілер жәрдемдеседі.

Су тасқынына қарсы іс-шаралар бойынша жұмыстарды орындау үшін 750 ш.м. ұсақ тас және 200 құм салынған қап дайындалды. Жалпы осы мақсатқа Алматы ауданы бойынша 40 бірлік ассенизаторлық машина тартылды.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды