Қарғадай балада құқық бар ма?

0 40

Өткен жылы біздің елде өмірлік қиын жағдайға тап болған жеті мың бала тіркелген. Ол деген – халық саны аз мемлекет үшін дабыл қағып қана қоймай, санаға кәдімгідей салмақ түсіретін мәлімет. Әкесі алимент төлемеді деп баласын байлап тастаған әйелдің әрекеті де, күйеуімен ренжісіп баласын көкала қойдай қылып сабаған әйел, жылап мазамды алды деп уақытша некедегі қазақ келіншегінің бір жарым жастағы қызын қабырғаға ұрып өлтірген оның шетелдік күйеуінің мейірімсіздігі… Егер әр мемлекетке өзінше образ берсек, онда біздің ел баланы қолынан келгенше басынатын, балаға қоғамның толыққанды мүшесі деп қарамайтын, «тәйірі, қарғадай балада да құқық бар ма?» деп таңғалатын ожар біреуді елестетеді.

Парламент Сенатының депутаты, бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарған Сәуле Айтпаева: «Соңғы екі айдың ішінде 80-нен астам адам біздің қабылдауымызда болды. Өкініштісі, бүгінде аналардың балаларды тастап кету жағдайы жиілеп кеткен. Сондықтан біз жас отбасыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз керек» дейді. Жалпы осындай жағдайлар, отбасындағы түсініспеушілік, алименттің төленбеуі, әлеуметтік теңсіздік жағдайының бәрінде де бала құқығына нұқсан келетініне дәлел.

Жаңа заң жағдайды өзгерте ме?

Осы мақаланы дайындау барысында өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау мақсатында қабылданған Заң туралы (2019 жылдың бірінші сәуірінен бастап) кейбір жауапты мамандардың білмейтіні байқалды, осының өзі біздегі бала құқығын қорғау деген мәселенің әлі де өміршең сипат алмағанын көрсетеді. Заң қағазда қатталған күйде қалмауы үшін уақыт оздырмай, елордада болсын, өңірлерде болсын, балалар құқығын қамтамасыз ету бағытында жұмыс істейтін мамандардың білімін көтеріп, қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау мақсатында енгізілген Заңға сәйкес, жоғарыда айтылған жеті мың балаға әлеуметтік, психологиялық қолдау көрсететін мекемелер белгіленуі керек. Әйтпесе, біз бір шетін жағдай орын алғанда өйту керек, бүйту керек деп шулаймыз да уақыт өте ол әңгіме өзінен-өзі басылып қалады. Зорлыққа ұшыраған балалар туралы бастапқыда айтылады, кейін оған назар аударуды қоямыз, ол баланың психологиясы, жаны, сезімі не күйде, сонымен бірге бала зорлаған азғындар туралы мүлдем ақпарат берілмейді. «Жас балаға азғындық қылған осы адам» деп бет-жүзі халыққа анық көрінбегесін ол азғындар да өзінің әрекетіне түк қымсынбайтындай көрінеді.
«Балалардың құқығын қорғау, әсіресе, қиын жағдайға түскен балалардың құқығын қорғау жұмысы жай жұмыс емес. Ол үшін белгілі бір білім қажет. Және ол жұмысты кейс менеджмент жоспарлау керек деп сарапшылар айтып отыр» дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Балайым Кесебаева. Ал кейс менеджмент дегеніміз не? Бұл – баланы тек қиын жағдайда ғана қолдау көрсету емес, сол баланың мемлекет көмегі арқылы қиындықтарды жеңіп, қоғамның бір мүшесі қылуға әрекет жасау.

Жамандықты жасырған сайын «балалайды»

Қиын жағдайға тап болған балалардың мысалдары бізде жетерлік. Бірақ біз көбіне, әсіресе, ауылдық жерлерде ел не дейді деп баяғыша жалған намысқа салып әңгімені жауып, басып тастауға дайын отырамыз. Жергілікті жердегі жауапты адамдар шама келсе өз қара бастарына сөз келмегенін, отырған орнынан айырылып қалмауды көздейді, балалар құқығы – олар үшін көбіне құны бес тиындық әңгіме. Ендігі жерде олай болмайды, бұдан былай балалардың құқығы бұзылған жағдайда немесе олардың зорлық-зомбылыққа душар болған жағдайлары бойынша тиісті құқық қорғау органдарға хабарламау бойынша әкімшілік жауапкершілік көрсетілген. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданы Абай ауылында жеті жасар бала зорланғаны туралы дерекке қатысты ОҚО ІІД өкілдері ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігі «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлағанмен, кейін күдіктілердің ұсталып, қамалғаны жайлы мәлімет болмады. Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова сараптама қорытындысы оқушы баланың зорланғанын растағанын хабарлаған, артынша осы істің немен аяқталғанынан бейхабармыз. Бізде мұндай жағдайларда шама келсе істің мән-жайын таратпау, сол күйі «жабулы қазан жабуымен қалсын» деген пиғыл басым.
Немесе өткен жылы Таразда болған «оқушыны зорлау» оқиғасы. Қылмыс айдалада емес, мектеп ауласындағы әжетханада сабақ уақытында болған. Ата-аналардың қысымымен облыстық білім басқармасы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарын, сабақ кезінде оқушыны әжетханаға жіберген мұғалімді, вахтерды дереу жұмыстан шығарып жіберді. Бұл не береді? Шенеуніктердің «кінәліні тауып жазалауынан» сол сорлаған оқушыға бір жеңілдік болды ма? Ал депутат Инна Унжакова «Балалардың қорғансыздығы көп жағдайда білім мекемелеріне педофильдерді жолатпауға міндетті қызметкерлердің кәсіби біліксіздігі және немқұрайлығына тіреледі» деп баға берді. Біздіңше, мәселе қауіпсіздікте ғана емес, мәселе көп болып педофильдікке қарсылық көрсетіп, жазаны күшейтуге үн қосуда, қоғамды сауықтыруда. Әдетте, бір мәселенің артынан мың сан мәселе қоса шығатыны бар. Еліміздегі 2300 оқушының дәретханасы жоқ мектептерде оқып жатқанын да осы кезде білдік.
Педофильдерге жаза демекші, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында зорлау мен тұрмыстық әлімжеттік жасағандарға жазаны қатайту туралы айтқаннан кейін бұған дейін орта дәрежедегі қылмыс саналып келген «зорлау» бабын ауыр қылмыс санатына қосты. 14 жасқа толмағандарға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыс үшін 20 жылға немесе өмір бойғы бас бостандығынан айырылады, татуласу құқығы алынып тасталды. Заң қатайды, енді педофильдер айылын жияр ма екен?

Құқығы басылған бала қылмысқа үйір

Баланың қылмысқа үйір­лігі оның өз жеке басының құқығы басылғаннан, қорғалмағаннан орын алып жатады дейді мамандар. Мысалы, құзырлы органдар жасаған талдау барысы қылмыс жасаған жасөспірімдердің көбінің ата-анасы ішімдікке салынғанын, балалардың жоқшылықта, қолайсыз отбасыларда тәрбиеленгенін, бос уақыты қамтылмағандығын көрсеткен. Психолог-мамандар кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың көбеюіне алдымен ата-аналар бақылауының аздығы мен интернеттегі ақпараттың көптігі себеп екенін келтіреді. Рас қой, осы елордаға баламыздың болашағы үшін деп көшіп келген отбасылардың көбісі таңертеңнен кешке дейін үй бетін көрмей жұмыста жүреді, баласы немен айналысып жүр, кіммен дос, неге әуестеніп жүргенін көбі біле де бермейді. Баланың бос уақытын пайдалы іске жұмсауға, қабілетін ұштау­ға бағыттау керек. Бірақ қазір балаңды үйірмеге, спорттық секцияға берейін десең, бәрі ақша. Және арзан емес. Кемі 7-15 мың төлейсің. Өзі тамағын әрең асырап жүрген ата-ананың бәрінің шамасы оған жете бермейді. Сондықтан, мектептерде спорт секциялары, үйірмелер тегін болуы керек.
ҚР ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, профилактикалық және мектепішілік есепте тұрған дисфункционалды отбасылармен жұмыс жүргізудің нәтижесінде 2019 жылы жасөспірімдер арасындағы қылмыс 10%-ға төмендеген. Кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалатын қылмыстардың басым көпшілігі – ұрлау, тонау, қарақшылық сияқты қылмыстар, яғни көбіне ұялы телефондар, ойын компьютерлері, ақша, киім-кешектерді жымқырып, істі болып жатады. Бүгінге дейінгі тіркелген қылмыстардың 70%-ы ұялы телефон ұрлауға қатысты екен. Жасөспірімдер мұндай қылмысты көбіне топтасып жәбірленушіге күш көрсету арқылы жасайды. Сондықтан олардың қылмысы ауыр қылмыс ретінде дәрежеленеді. ІІМ баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, қазіргі уақытта полицияның есебінде жеке профилактикалық жұмыстар жүргізілетін 9 мыңнан астам қиын бала мен 8000 дисфункционалды отбасы (оларда 13994 бала тәрбиеленеді) бар. Жыл сайын 100 мыңға жуық кәмелетке толмағандар құқық бұзушылықтары үшін ішкі істер органдарына жеткізіледі. Осылайша, жыл сайын 5 мыңнан астам ата-­ана ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 мыңға жуығы соттар арқылы ата-ана құқығынан айырылады, бұл әлеуметтік жетімдік деңгейінің өсуіне әкеледі. Егер ата-ана тарапынан бақылау болса, тәрбие орындарының жұмыстары жүйелі болса, ол балалар сол жағдайға тап болар ма еді?

Бала құқығын қорғауда бәрі жауапты

Құзырлы орган осы жағдайдан шығу үшін Білім минис­трлігіне бала тәрбиесі бойынша ата-ана міндеттерінің негізгі тізімін бекіту туралы ұсыныстар жіберіп, оларды «Бала құқығы туралы» заң деңгейінде шоғырландырды. Мысалы, 2019 жылы Ішкі істер министрлігінің бастамасы бойынша: білім беру, денсау­лық сақтау және әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің құқық қорғау органдарына кәмелетке толмағандардың құқықтарының бұзылуы туралы хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-1-бабы); жазаның қосымша түрі енгізілді – кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыс жасаған болса кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты педагогикалық лауазымдар мен лауазымдарды атқаруға өмір бойы тыйым салынды (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 50-бабы).
Баланың өзгеден жапа шегіп, зорлық-зомбылыққа ұшырауы, құқығы аяққа басылуы немесе қылмысқа қатысты болуы – күрделі әлеуметтік проблема, оны шешуге тек құқық қорғау орындарының күші жетпейді. Бала құқығын қорғауда бәрі жауапты.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven + 2 =