Қарекет түбі – берекет

0 253

«Қарекет қыл, пайдасы көпке тисін,
Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған,
Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін!» деп Абай атамыз бекер айтпаған. Қарекет ету – біреуге қол ұшын созу, қамқорлық жасау деген сөз. Қазақ халқында «Жетім көрсең жебей жүр» деген де даналық сөз бар. Ата дәстүрімізде жетім-жесірге, жалғызілікті қарттарға, ерекше қажеттілігі бар жандарға көмек беруге, жанашырлық танытуға ерекше назар аударылады.Қайырымдылық – арлының ісі. Қазір біздің қоғамда қайырымды жандар көбейіп келеді. Солардың қатарына еріктілерді де жатқызуға болады. Елімізде 200-ден астам еріктілер ұйымы тіркелген. Ерікті болу – қоғам мен ел мүддесі үшін адал қызмет деген сөз. Әрбір өзін еріктімін деп санайтын азаматтар мен азаматшалар осындай ұстаныммен өмір сүреді. Біреуге жақсылық жасау арқылы өз еліңнің мүддесіне қызмет етесің.
Жер бетіндегі жақсылық, қайырымдылық атаулының бәрі ананың ақ сүтінен, әр адамның отбасында алған тәрбиесінен бастау алады. Менің ойымша, әр жасалған жақсылықтың қайтарымы бар. Сондықтан жақсылық жасаған адам онысын жария етпегені жөн.
Жастардың өз Отанына, еліне сүйіспеншілігі туралы көп айтамыз. Отаншылдық сезімнің өзі сол мейірімділіктен, қамқорлықтан басталады. Еліңнің ертеңін ойласаң, бүгін соның пайдасына қарекет қыл. Ол үшін үлкен іс тындыру мұрат емес. Жанашырлыққа шынайы мұқтаж адамдарға көмек қолыңды соз, әрі сауапқа кенелесің, әрі өзіңді-өзің қамшылайсың. Яғни өзіңді де, өзгені де қуанту – адал ниеттен, сезімтал жүректен шығатын қасиет, әр саналы адамның парызы. Ата-анамыздан, үлкендерден көрген тәрбиемізді осындай пайдалы ісіміз арқылы ғана көрсете аламыз.
Мен де еліміздегі еріктілердің бірімін, «Saryarqa jastary» тобының мүшесімін. Осы ұйымның әрбір қайырымдылық ісіне араласып, қолымнан келгенінше жақсылық жасауға тырысып жүрмін. Бастауыш сыныпта оқып жүргенімізде «Қызыл ай» атты қоғамға ақшалай, заттай көмек беретінбіз. Қазір «Үлкен жүрек» атты орталыққа барып, ерекше қажеттілігі бар балаларға рухани қолдау көрсетіп жүрміз. Ондағы мақсатымыз – балалардың көңілін көтеру, жалғыз қалдырмау, олардың мүмкіндіктерін дамыту. Менің ойымша, осындай балалармен араласу арқылы әр адамның жүрегінде мейірімділік сезімі оянады. Яғни қарекет түбі – берекет. Осындай ұстаныммен өмір сүрсек, күллі әлемде мейірімділік орнайды. Қазір адам баласына ең қажетті қасиет­тің бірі – осы.

Толқын ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 + 1 =