ҚАРБЫЗ ТАМЫЗДАН БАСТАП ПІСЕДІ

0 352

Қарбыз

Астана қаласы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің хабарлауынша, маусым айында саудаға түскен қарбыздар қауіпті.

Өйткені, нитраттармен улануымыз мүмкін. Мамандардың айтуынша, ерте пісетін сұрыптардың өзі шілде айының соңына қарай өнеді екен. Ал, таза піскен қарбыздар тамыз айының соңынан бастап қазан айына дейін болады. Бұл уақытта бақша дақылдары табиғи түрде жетіледі.

Қарбыз және қауындарды таңдау кезінде қателеспес үшін ең бірінші заңсыз ұйымдастырылған базарларда сауда жасамау керек. Бақша дақылдарын сатуға арналған орын қоршалған және күн сәулесінен, жауын-шашыннан қорғалуы тиіс. Қарбыздар биіктігі кем дегенде 20 сантиметр арнайы сөрелерде сақталуы қажет. Бақша өнімін жол шетіндегі сауда орындарынан сатып алуға болмайды, өйткені оларға автокөлік газдарының құрамында болатын ауыр металдар тез жиналады екен. Кесілген қарбыздарды да сатып алудан сақ болыңыз. Өйткені, қарбызды пышақпен кескен кезде оның сыртқы бетіндегі лас заттар ішкі жұмсағына оңай өтеді.

Қабығының бүтіндігіне көңіл аударыңыз, ол сызатсыз, жарықсыз, шұңқырсыз болу керек. Қар­быз­дарды тасымалдау кезінде көп лақтырады, содан іші босап, аш­қылтым тартып кетеді. Жалпы, қарбыз-қауынды кесер алдында ағынды сумен жақсылап жуған жөн. Кесілгеннен кейін тоңазытқышта бір тәуліктен асыра сақтамаған дұрыс. Қарбызды қабығына дейін жемеңіз, себебі, нитраттардың көп мөлшері қабығына жақын және түбіріне қарай жиналады. Сатушыдан өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттарды да сұрауды ұмытпаңыз.

Қарбызбен уланған жағдайда адам басы қатты ауырып, жүрек айниды, құсып және іш өтеді. Кейбір жағдайларда дене қызуы көтеріледі, дірілдеу және буындардың сыр­қырауы орын алады.

Әсіресе, бір жасқа дейінгі балалар улануға бейім келеді. Бала емізетін аналарға қарбызды байқап жеу қажет. Уланып қалған жағдайда, дәрігерге қаралыңыз. Дәрігер келгенге дейін көп мөлшерде су ішіп, құсып тастауға қарекет қылған дұрыс.

Асхат Райқұл

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − eleven =