«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Қаражарлықтар қараңғылықтан қашан құтылады?

2 884

Бас қаланың бүйірінде ішерге суы, жүрерге жолы жоқ, онымен қоса жарыққа да жарымай отырған елді мекен бар. Ол – Астана агломерациясына енген, Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Қараөткел ауылдық округінің құрамындағы Қаражар ауылы.

ТҰРҒЫНДАР БАЗЫНАСЫ

Елордадан небәрі он шақты шақырым, ал Қараөткел ауылынан екі шақырым жерде орналасқан Қаражардың жағдайы расымен де мәз емес екен. «Жүз рет естігенше, бір рет көрген артық» дегендей, ауылдың жағдайын өз көзімізбен көріп қайттық. Бірақ Қаражарға жеткенімізде-­ақ жүргізушіміз көлігінің елді мекен ішіндегі соқпақ жолға жарамайтынын айтып, кіреберістегі тас жолда қалып қойды. Әрі қарай Қаражар тұрғыны Ерлан Керейдің көлігіне отырдық. Ауылдықтардың айтуынша, жерасты суы 45 метр тереңдіктен шығады. Бірақ бау­бақша мен мал суаруға болмаса, ішуге жарамсыз. Ал өздері қаладан тасып ішеді екен. Кейбірі дүкеннен сатып алса, енді бірі ара-­тұра су таситын көліктер келгенде молынан алып қалатын көрінеді. Жаңбыр жауса, жолдың барлығын су шайып, жер көк лай­-батпаққа айналады. Мұндай кезде адам түгілі биік көліктің өзі де жолдан әрең өтеді екен.

– Мұнда, әсіресе, бала­-шағаға қиын. Жол жоқ. Үнемі батпақ кешіп жүреді. Ал электр жарығы ешқашан болған емес. Түнгі уақытта жүру тіптен қорқынышты. Жолдың бас жағындағы аялдама маңында екі дүкен бар, сонда бәрі осы жолдармен барады. Көлігі барларға білінбес, ал жаяу жүргіншілер резеңке етік киюге мәжбүр. Өткен ғасырда өмір сүріп жүрген сияқтымыз, – дейді ауыл тұрғыны Берік Амандосов.

Ауылда 4 сыныптық мектеп пен медициналық бекет жұмыс істеп тұр. Жақында мешіт үйі ашылыпты. Ал әкімдік мекемесі әлі күнге құрылмаған. Жоғары сынып оқушылары Қараөткел ауылындағы мектепке барып оқиды. Оларды мектеп автобусы тасымалдайтын көрінеді. Жалпы, ауылға Астанадан 305 ­автобус қатынайды екен.

– Бірнеше көршіммен 250 мың теңгеден бірігіп, трансформатор орнаттық. Бұдан бөлек кабельге 150 мың теңге жұмсап, үйге жарық қосып алдым. Қазір ай сайын токтың кВт­ына 24 теңгеден төлеймін. Біздікі осылай. Басқалардікі бұдан да қымбат. Кейбірінің жарығы сығырайып тұрады. Өзім Астанада жұмыс істеймін. Бір жақсысы, көлігім бар. Бірақ таңғы сағат 6-­дан қимылдамасаң, жұмысқа кешігіп қаласың. Суды да тасып отырамын. Жалпы, жағдайым жаман емес. Мені қинап тұрған тек жол. Көктемде көлікпен жүру мүмкін болмай кетеді. Ондай кезде машинамды ауылға кіреберістегі тас жолдың бойына қалдырып кетемін. Ал үйім ол жерге екі шақырымдай жерде орналасқан, – дейді Ерлан.

Жылдар бойы мәселелерін шеше алмай әбден әбігерге түскен ауыл тұрғындары осылайша, өз беттерінше амалдап, жарық тартып алыпты. Бірақ көшедегі қалай болса солай орнатылған бағандар, адам бойындай ғана биіктікте салбырап тұрған электр сымдары елді мекеннің көркін қашырып тұр. Егер қатты дауыл болған жағдайда бағаналар құлап, сымның тұйықталуы ықтимал. Сол кезде адам өтіп бара жатса, қайғылы оқиғаның орын алуы да әбден мүмкін. «Электр сымдары, әсіресе, балаларға өте қауіпті. Жел соқса, сымдар жерге түсіп қалады. Бірақ әзірге ешкім мертіккен жоқ. Май шаммен отыратын күндеріміз көп» дейді тұрғындардың бірі. Кеш батқанда жарықтың жоқтығынан ауылда қара түнек басатынын сөз еткен ауылдықтар, әсіресе, екінші ауысымда оқитын балаларына үйге жету қиынға соғатынын айтады.

ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІК ЖАУАБЫ

Жергілікті биліктің мәліметінше, жылдар бойы шешілмеген мәселелер биылдан бастап біртіндеп реттеледі. Ауыл тұрғындарының өкпесіне Қараөткел ауылдық округінің әкімі Мэлс Жұмабаевтың өз уәжі бар.

– Жалпы, Қараөткел ауылдық округінің халық саны 25 мыңды құрайды. Бірақ мұнда тіркелгендер саны небәрі 7200 ғана. Ал Қаражар ауылының өзінде 5 мың адам тұрады. Оның да тек 800-­і ғана тіркелген. Қалғанының барлығы Астанада тіркеуде. Мұндағы көліктердің мемлекеттік нөміріне қарасаңыз да, басым көпшілігі – 01. Демек, олар салықты да Астана қазынасына төлейді. Ал бюджеттен ауылға бөлінетін қаржы елді мекендердің нақты тіркеуде тұрған тұрғындар санына байланысты болады. Бірақ жағдайын жақсартқысы келіп, жергілікті биліктен соны талап ететін ауыл тұрғындары неге екені белгісіз, осында тіркелуге құлықсыздық танытады. Егер тұрғындардың барлығы тұрып жатқан мекенжайларында тіркеуде тұрса, мұнда әкімдік мекемесі де құрылып, ауылдың жеке басшысы да тағайындалар еді, – дейді әкім.

Дегенмен, Қаражар ауылының түйткілдерін шешу үшін облыстық бюджеттен былтыр 280 млн теңге бөлінсе, биыл тағы 260 млн теңге қарастырылған. Әкімнің айтуынша, бұл қомақты қаржы тек жобалау жұмыстарына жұмсалатын тәрізді. Осының арқасында Қаражар ауылының екінші ықшам ауданы мен мектеп жарық пен қамтылмақ. Ал ауылдағы қалған 3, 4, 5 ­ықшам аудандарын электр қуатымен қамту үшін тағы қосымша жоба дайындалмақ. Бірақ бұл алдағы жылдың еншісінде көрінеді.

– Қазіргі уақытта Қаражардың екінші ықшам ауданындағы электр бағандары 100 пайыз орнатылып тұр. Енді жақында жарық беріледі. Жалпы, мұнда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мысалы, ауылға кіреберістегі 2 шақырым 200 метр жол жөнделіп, асфальт төселді. Соның арқасында биылдан бастап Астанадан 305­ автобус қатынай бастады. Автобус әзірге ауылға күніне тек 4 мәрте ғана келіп кетеді. Астана қаласы әкімдігіне «қоғамдық көлік сағат сайын келіп тұрса» деген хат жолдадық. Алдағы уақытта бұл мәселе жолға қойылады деп үміттенемін. Ал ауылдың ішкі жолдарының қашықтығы 32 шақырым болса, осының 28 шақырымын жөндеуге жобалық-­сметалық құжат дайындалуда. Оның 10 шақырымын биыл жөндеуді жоспарлап отырмыз, – дейді Қараөткел ауылдық округінің әкімі Мэлс Жұмабаев. – Халықты таза ауыз сумен қамту мәселесі де шешіліп келеді. Келесі жылы Қаражарға құбыр төсеу жұмыстары аяқталады. Астана қаласының әкімдігімен келіссөздер жүргізіліп, елорданың негізгі су құбырына қосылу жағы талқыланды. Жұмыстар ойдағыдай жүзеге асса, жыл соңына дейін Қаражар мен жақын маңдағы елді мекендер таза ауызсу қолданатын болады, – деп жалғады сөзін әкім.

Сонымен қатар мұнда салынып жатқан 240 орындық, 9 сыныптық жаңа мектеп алдағы қыркүйекте пайдалануға берілетінін айтады ауылдық округ әкімі. Ауылға басшы болып келгеніне бір жыл енді болатын 30 жастағы әкім тұрғындар сәл шыдамдылық танытса, мұнда ілкімді істердің қолға алынатынын айтады.

– Осы уақытқа дейін мұнда ешқандай жоба болмаған. Тек 2014 жылы басталып, аяқсыз қалған жоба бүгінгі күнге жарамсыз болып қалғандықтан, бәрін басынан бастауға тура келді. Қазір электр жарығы, ауызсу, жол мәселелері бойынша жеті жоба жасалып жатыр. Бірақ оның бәрін жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттің қаржысы жетпейді. Сондықтан жүздеген миллион қаржыны Үкіметтен, республикалық бюджеттен сұрап отырмыз. Ал қаржыландырудың уақытын дөп басып айта алмаймыз. Дегенмен, 2020 жылға қарай ауылда едәуір жұмыс атқарылуы тиіс, – деп сөзін түйіндеді Мэлс Жұмабаев.

«Жас келсе, іске» дегендей, жас басшының жұмысына сәттілік тіледік. Әрине, жоба-жоспардың болғаны көңіл қуантады. Тек жобалар қағаз жүзінде қалып қоймай, іске асырылса игі еді.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

  1. Жазира :

    Жоспар деп үнемі жауап қайтарады, ренжітетін тек 2011 жылы бекітілген жоспар бойынша үйлердің 70% қаңырап тұрған мөлтек ауданға жарық коспақшы, ал 2006-2007 жылдан бері тұрып келе жатқан және үнемі осы мәселені көтеріп жүрген аудандар әлі 2 жыл күту керек, ол 2 жыл ма әлде тағы 7 жылма қім білсін. Мэлс мырза, ал тіркеуге отыруға келетін болсақ, Астанада тіркеуде еріккеннен тұрған жоқпыз, жергілікті тіркеусіз жұмыс жасау қиын, Қаражарда онсызда уақытша тіркеуде отырмыз. Неге сіздер қағаздарыңызды былай қойып, адамгершілік тұрғыда қарамайсыздар? Мектептің арқасында бос мөлтек аудан жарыққа ие болатын болды.

  2. Айгүл :

    Елдімекеннің мәселесі тезірек шешілсе екен. Балаларға қиын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды