Қаратереңнің «Қастееві»

0 468

Осыдан үш жыл бұрын елордадағы Оқушылар сарайында қазіргі қазақ бейнелеу өнерінің талантты өкілдерінің бірі, Қазақстан Суретшілер және Еуразия дизайнерлер одақтарының мүшесі Шыныбай Пірімбаевтың «Шабыт» атты жеке көрмесі өтті. Сонда суретшіні алғаш көрдім. Тым қарапайым, артық сөзі жоқ. Жылы жымиып жүрді де қойды. Адалдығы, адамдығы болмысынан байқалып тұрды. Жалпы, суретшілердің жан дүниесі басқа өнер иелеріне қарағанда бөлектеу. Олар оңаша аралда өмір сүретін адамға ұқсайды. Топырлаған топқа, дабыраға қосылмайды. Саяқтау жүреді.Сол көрмеде автордың елуден астам жұмысы қойылды. Бәрі де – табиғат пен туған жерін шынайы бедерлеген туындылар. Соған қарағанда суретшінің жаны, болмысы табиғатпен бірге егіз жаратылған секілді көрінді. Әсіресе, бізге «Кәрітұма» атты картинасы ұнады. Мұнда автор туған ауылындағы талай тарихтың куәгері болып, айбыны асып, айдынданып жатқан тұманың тартылып бара жатқан бейнесін шебер зерлеген. Туындыға қарап тұрып, жүрегіңіз солқ етеді. Автор осы жұмысы арқылы кәрітұманың ғана емес, әлем проблемасына айналған Аралдың қайғы-мұңын бояу тілімен сөйлеткен. Сондай-ақ шебердің картиналарында елорданың көркем келбеті мен табиғаты келісті көрініс тапқан.
Арал демекші, біздің кейіпкеріміз кезінде толқыны тайдай тулап, буырқанып жатқан Арал теңізінің қолтығындағы қарапайым Қаратерең деген ауылда өмірге келген. Теңіз жағасында туған баланың арманы да бөлек болса керек. Жасынан сурет салуға құштар болып, алақандай ауылға «суретші бала» деген атағы жайылады. – Әкем соғысқа қатысқан майдангер еді. Әкемнің көзі тірісінде оның ағаш жонып, балта ұстап жүргенін көрген жоқпын. Бірақ оның құрдастары «Ізтілеу жас күнінен қолы ісмер, шебер болатын» деп айтып отыратын. Соған қарағанда бойымдағы өнерім әкемнен дарыған секілді. Алдымдағы ағаларым да суретті керемет салатын. Бала күнімнен сурет салғанды жақсы көріп, мектептегі барлық іс-шаралардың ортасында жүрдім. Ауылда жүргенде үш бала дос болдық, олар да бейнелеу өнерін ұнататын. Қазір соның бірі ауылдағы мектеп директорының орынбасары, екіншісі ұсталықпен айналысады. Егер екеуі де өнерді қуғанда танымал суретші болатын еді, – дейді кейіпкеріміз балалық күндерден сыр шертіп.
Он жылдықты бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына баруға мүмкіндігі болмайды. Әкесі өмірден өткеннен кейін кейінгі бауырларына қамқор болып, анасына қолғабысын тигізіп, ауылда жұмыс істейді. Сөйтіп жүргенде, әскерге алынып, екі жыл Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келеді. Содан Шымкенттегі Ә.Қастеев атындағы көркемсурет училищесіне барады, бірақ одан жолы болмай, Қызылордаға келіп, облыстық Суретшілер одағының филиалында Жаңаберген Осымбетов деген ауылдас суретші ағасының шеберханасында бейнелеу өнерінің қыр-сырын үйренеді. Осы орта оған үлкен мектеп болды. Сөйтіп, келесі жылы Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесіне қабылданып, ұстаздары Қалиолла Ахметжан мен Аман Бақтығалиевтан тәлім алды. Бұл екі азамат та – Санкт-Петербургте оқып, бейнелеу өнерінің құпиясын меңгерген мамандар. Енді олар өздері жинаған білім нәрін шәкірттеріне сіңірді.
Қаламы жүйрік қайраткер-қаламгер Бауыржан Омар «Қаратерең» деген эссесінде: Мықты суретшілер шықты біздің Қаратереңнен. Бірінен-бірі өтеді. Қуантай Ршымбетов талантты болғанымен, алысқа құлаш сермей қоймады. Оның есесіне кәсіби суретші Жаңаберген Осымбетов әдемі пейзаждар жазды. Ал осы ауылдың топырағын борпылдатып басып өскен тағы бір дарынды суретші тіпті алысқа шапты. Ол – Шыныбай Пірімбаев. Мәскеудегі талайдың қолы жете бермейтін В.И.Суриков атындағы көркемсурет академиясын бітіріп, айды аспанға бір-ақ шығарды» деп төгілте жазғаны бар.
Мәскеуде оқыған жылдар біздің кейіпкерімізге шырқау шабыт сыйлады. Ежелден бейнелеу өнері қалыптасқан өрелі елде суретші шеберлігін одан әрі ұштай түседі. Бірегей оқу орнындағы ұстаздардың алдын көріп, тәлімін үйренеді. Көне қаладағы музейлерді армансыз аралап, орыстың бейнелеу өнерінде құбылыс жасаған тұлғалардың туындыларын тамашалайды.
«Шыныбай – өте талантты суретші. Ресейдегі В.Суриков атындағы көркемсурет академиясын тәмамдаған түлектердің бәрі де жоғары бағаланады. Сонымен бірге, ол – Еуропадағы бейнелеу өнерінің түрлі мектептерінен дәріс алып, өз шеберлігін байытқан жігіт. Суретшінің қолынан шыққан кез келген шығармаларынан философиялық ой түюге болады. Оның бәрі тазалығымен көз тартады» дейді суретші, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Ермек Асылханов.
Осыдан алты-жеті жыл бұрын Шыныбай ағамыз әлемдік бейнелеу өнерінің алыптары туған Португалия, Испания, Италия, Түркия елдерінде болып, білімін жетілдіріп қайтады. Сол іссапар аясында көрмесі ұйымдастырылып, қазақ қылқалам шеберінің туындылары сурет өнерін жоғары бағалайтын еуропалықтарды сүйсінтеді.
– Жақсы суретші болу үшін практиканы ғана емес, теорияны да жетік білу керек. Біз шетелге барып, атақтылардан дәріс тыңдадық. Өмірден жинаған қорымыз мол. Біздің музейлерге әлемге танымал суретшілердің картиналарының көшірмесін салып, іліп қойса болады. Балалар соны көріп, әсерленер еді. Негізі, елордада бейнелеу өнерінің музейі бөлек болса деймін. Әлемдегі туристердің дені бейнелеу музейін көруге келеді. Бұл ел бюджетіне қаншама қаржы түсіреді. Айталық, өзіміз шетелге бара қалсақ, алдымен мұражайға табан тірейміз. Шетелдіктер халықты өнерімен бағалайды. Мысалы, Голландиядан қаншама талантты суретшілер шықты. Сол арқылы мемлекеттің де атағы жер жүзіне жайылды. Осындай насихат бізге де керек, – дейді ол.
Суретші көп жылдардан бері бас қалада тұрады. Шаһардағы Қазақ ұлттық өнер университетінде бейнелеу өнерінен жастарға дәріс оқиды. Жақында ғаламтордан қылқалам шебері туралы жазылған дүниелерді қарап отырып, Қаратерең ауылындағы орта мектептің мұғалімінің шағын ақпаратына көзім түсті. Онда ол кісі: «Біздің мектептің оқушыларынан: «Қазақстанның қандай атақты суретшілерін білесіңдер дегенде балалардың бірі Әбілхан атамызды атаса, екіншісі өзіміздің ауылдан шыққан Шыныбай ағамызды айтады» деп жазыпты. Көзкөргендердің айтуынша, Әбілхан атамыз өмірде өте қарапайым, дегдар адам болыпты. Өзім, Шыныбай ағаның болмысынан сол кісіге бір ұқсастықты көремін. Сондықтан да талантты суретшіні жерлестері «Қаратереңнің Қастееві» деп мақтаныш тұтуы да жарасымды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × five =